Жастарды алаяқтардың арбауына түспеуге шақырды

Астана қаласында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында киберқылмысқа, телефон және интернет алаяқтыққа қарсы іс-қимылға бағытталған профилактикалық семинар өтті. Іс-шара Астана қаласы Полиция департаментінің ұйымдастыруымен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткізілді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Семинарға университеттің 500-ге жуық студенті қатысып, интернет кеңістігінде жиі кездесетін алаяқтық түрлері, азаматтарды қылмыстық схемаларға тарту тәсілдері және «дроппер» ұғымының құқықтық салдары туралы кең көлемде ақпарат алды. Мамандар жастарды алаяқтардың арбауына түспеуге, жеке және қаржылық деректерін бөгде тұлғаларға бермеуге шақырды.
Іс-шара барысында Астана қаласы Полиция департаментінің Киберқылмыспен күрес басқармасының бастығы Талғат Бөлегенов соңғы уақытта тіркеліп жатқан интернет-алаяқтық фактілеріне тоқталып, мұндай қылмыстардың көбіне әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы жасалатынын атап өтті. Ол дропперлік әрекеттерге қатысудың қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертіп, жастарды заңсыз табыс көздерінен аулақ болуға үндеді.
Сонымен қатар «Қазақстанның қаржылық мәдениеті» қоғамдық қорының бас директоры, «Stop-piramida» жобасының авторы Ли Юрий Виссарионович қаржылық пирамидалардың белгілерін түсіндіріп, күмәнді инвестициялық ұсыныстарға сын көзбен қарау қажеттігін айтты.
«CEO Spectre Security Group» компаниясының негізін қалаушы Медет Турин киберқауіпсіздік саласындағы заманауи қауіптерге тоқталып, фишинг, жалған сайттар мен аккаунттар арқылы жасалатын алаяқтықтан қорғанудың нақты жолдарын мысалдар арқылы жеткізді. Іс-шараға қатысқан университеттің әлеуметтік және инфрақұрылымдық даму жөніндегі проректоры Ляззат Төлегенқызы студенттердің құқықтық және цифрлық сауаттылығын арттыру – қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды бағыты екенін атап өтті.
Семинар соңында қатысушылармен ашық пікір алмасу ұйымдастырылып, студенттер өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Кездесу жастардың құқықтық мәдениетін арттыруға және интернет кеңістігіндегі қауіптерге қарсы иммунитет қалыптастыруға бағытталды.



