Мәдениет

«Жастар» театрына 18 жыл

21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлері күні. Бұл – ел руханиятына үлес қосып жүрген өнер иелерінің еңбегі еленетін маңызды мереке. Осы күн аясында біз елорданың мәдени кеңістігінде айрықша орны бар Астана әкімдігінің Жастар театры туралы сөз қозғап, театрдың бүгінгі тыныс-тіршілігі, көрерменмен байланысы және қала мәдени өміріне қосып жатқан үлесі жөнінде театр директорының орынбасары Ақберген Жұмабаев ой бөлісті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Ол сөз басында Жастар театры қашан және қандай мақсатпен құрылғаны жайлы ой қозғады.

«Астана қаласы әкімдігінің Жастар театры 2007 жылы 5 шілде күні елорданың төл театры ретінде өзінің шымылдығын түрді. Елордамыз Алматыдан Астанаға көшірілгеннен кейін, жаңа қалаға өзінің театры керек екені белгілі болды. Ел ағалары осыған бастамашы болып, жаңа театр елорданың мәдени төлқұжаты болсын деген мақсат қойды. Бүгінде театрдың 18 жылдық тарихында халықаралық және республикалық байқаулардан 14 Гран-при жеңіп алғанын ерекше атап өткім келеді.
Театр классикалық шығармаларды ұмытпай, заман талабына сай заманауи бағыттағы қойылымдарды да сахналап келеді. Әмбебап әртістеріміз әмбебап қойылымдарда өнер көрсетіп жүр. Репертуарда балаларға арналған ертегілерден бастап, драмалар, музыкалық спектакльдер, мюзиклдер мен кіші формадағы қойылымдар бар», – дейді Ақберген Жұмабаев.

Сөзін жалғай отырып, көрермен қауымның орташа жасына, сол сияқты театр құрамындағы актерлер жайлы айтып өтті.

«Жастар театрына келетін көрермендердің орташа жасы – 18 бен 54 жас аралығы. Яғни жастар мен ересектер театрға тұрақты келіп, қойылымдарды тамашалайды.
Қазір театр труппасында 54 актер қызмет атқарады. Олардың көпшілігі – жас мамандар. Сол себепті жас кадрларды тарту мәселесі бізде жақсы жолға қойылған деп сеніммен айта аламын. Жыл сайынғы гастрольдік сапарлар мен шетелдік фестивальдерге қатысуымыз – соның дәлелі. Көптеген елдермен меморандумдарға қол қойылған. Сонымен қатар Қазақстан бойынша ең көп қалаларды қамтыған театрмыз деп мақтанышпен айта аламыз», – деді Ақберген Жұмабаев.

Жастар театры елорданың мәдени өміріне қандай үлес қосып отыр?

«Бұл театр тек елорданың ғана емес, жалпы Қазақстанның мәдениет саласына өз үлесін қосып отыр. Біз көрермендермен рухани байланыс орнатып, мәдениетті дамытуға атсалысып келеміз.
Театрға келіңіздер. Адам өз көзімен көріп, жүрегімен сезінбесе, театрдың құдіретін түсіну қиын. Сахнадағы оқиғаларды жан-тәнімен бастан өткергенде ғана, театрдың шынайы әсерін сезінуге болады», – деп сөзін қорытындылады.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button