Жастар шетелге неге кетеді?

Жаһандану дәуірінде «ақылдар көші» (brain drain) көптеген мемлекет үшін күрделі сын-қатерге айналды. Жас мамандар білім мен тәжірибе алу, жоғары жалақы мен жақсы өмір сүру жағдайын іздеп шетелге кетеді, бұл – әлемдік құбылыс. Дамушы елдер үшін бұл мәселе ерекше өзекті, өйткені білікті кадрлардың жоғалуы еңбек нарығында теңгерімсіздікке алып келеді. Қазақстан да осы үрдістен тыс қалған жоқ. Халықаралық көші-қон ұйымы (IOM), Дүниежүзілік банк (World Bank) және ЮНЕСКО деректеріне сәйкес, миллионнан астам қазақстандық өз елінен тысқары жерде өмір сүруде.
Халықаралық тәжірибе
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында жастардың білім алу немесе кәсіби өсім үшін шетелге шығатынын, бұл жаһандану үдерісінің бір белгісі екенін атап өтті. Қазіргі таңда жастар үшін шекара кедергі емес. Кәсіби білім мен дағдысына сәйкес лайықты табыс пен мансаптық өсу іздеген жастар халықаралық еңбек нарығына белсенді түрде бет бұруда. Мысалы, Google сияқты алпауыт компанияда 50-ден астам қазақстандық маман түрлі салада табысты еңбек етуде (LinkedIn дерегі).
Бұл үрдістің негізгі себептерінің бірі – ішкі еңбек нарығындағы шектеулер. Қазақстанда жоғары білікті мамандарға арналған ұсыныстар әлі де аз, кәсіби дамуға жағдай жеткіліксіз. Әсіресе IT және инженерия саласында бұл айқын байқалады. Мұндай құбылыс тек Қазақстанға ғана тән емес. Мысалы, Үндістан мен Филиппинде IT мамандары шетелдік нарыққа кеңінен шығып отыр. Алайда бұл елдер кейіннен «репатриация саясатын» енгізіп, мамандарды елге қайтару үшін арнайы бағдарлама қабылдады.
Екінші маңызды фактор – білім алу мен тәжірибе жинау мүмкіндігі. Шетелдің озық университеттері мен ғылыми орталықтары заманауи білім беріп қана қоймай, халықаралық тәжірибе қалыптастырады. Бұл қазақстандық студенттер мен жас мамандарға кәсіби білігін арттыруға, жаңа технологияларды меңгеруге және халықаралық жобаларға қатысуға жол ашады. Сол сияқты тәжірибе Оңтүстік Корея мен Қытайда да байқалады. Дегенмен бұл елдер жастарын елде ұстап қалудың тиімді жолын тапқан. Мысалы, 2008 жылы Қытай үкіметі «Мың талант жоспары» бағдарламасын іске қосты. Бағдарламаның мақсаты – шетелде білім алған өз азаматтарын және шетелдік үздік мамандарды елге тарту. Қатысушыларға жоғары жалақы, ғылыми гранттар, тұрғын үй субсидиялары және виза жеңілдіктерін ұсынылады. Осы шараның арқасында Қытай алғаш рет ерекше қабілетті шетелдік ғалымдарға ұзақ мерзімді виза беруге мүмкіндік алды. Тіпті Нобель лауреаттары мен Филдс медалі иегерлері де елге тартылды. 2008-2018 жылдар аралығында 7 мыңнан аса жоғары білікті маман елге оралды, бұл Қытайдың ғылыми-зерттеу әлеуетін едәуір арттырды.
Үшінші фактор – жалақы деңгейі мен әлеуметтік жағдай. Қазақстандағы орташа еңбекақы мен әлеуметтік кепілдік дамыған елдермен салыстырғанда айтарлықтай төмен. Мәселен, Польша мысалын алайық. Валюта айырмашылығы бойынша 1 злотый шамамен 115 теңгеге тең. Қазақстанда орташа айлық жалақы – 398 мың теңге немесе шамамен 820 доллар. Ал Польшада бұл көрсеткіш – 7800 злотый, яғни 1950 доллар көлемінде. Демек, поляк азаматтарының табысы да, сатып алу қабілеті де қазақстандықтарға қарағанда екі есеге жуық жоғары. Сондықтан жоғары білікті мамандардың шетелге кету үрдісі белең алуда. Егер бұл жалғаса берсе, кадр тапшылығы орын алып, инновациялық даму қарқыны баяулап, демография теңгерімі бұзылуы мүмкін. Бұл мәселеге Балтық елдері мен Шығыс Еуропа да тап болды. Олар еңбек нарығын тұрақтандыру үшін жастардың елде қалуына жағдай жасап, еңбекақыны кезең-кезеңімен көтеру, әлеуметтік пакет пен тұрғын үй бағдарламасын жетілдіру арқылы нақты нәтижеге қол жеткізді. Эстония халық саны аз мемлекет болғанымен, еңбек миграциясы мәселесін айқын сезінді. 2000-жылдардың басында көптеген жас азамат жоғары табыс пен кәсіби тәжірибе іздеп шетелге кеткен болатын. 2010-жылдардың ортасында үкімет бұл үрдісті өзгерту мақсатында арнайы бағдарлама қабылдады. Бірінші бағыты диаспора өкілдерін елге қайтаруға бағытталды. Екінші бағыты цифрлық экономиканы дамыту, стартап инфрақұрылымын жетілдіру, жас мамандар үшін өмір сапасы мен тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру шараларын қамтыды. Нәтижесінде Балтық елдерінің ішінде көші-қон сальдосы оң көрсеткішке қол жеткізген жалғыз ел – Эстония. Сондықтан Қазақстан үшін басты міндет – жастардың кәсіби дамуын қолдайтын, білім сапасын арттыратын және еңбек жағдайын жақсартатын кешенді саясат қалыптастыру. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, жастардың елде қалуы мемлекеттің тұрақты дамуы мен қоғамның өркендеуіне тікелей әсер етеді.
Мәселені шешу жолдары
Сыртқы істер министрлігі Халықаралық ақпарат комитеті төрағасының орынбасары Дәурен Әбдіхадіровтің мәліметінше, қазақстандық жастардың шамамен 1,50-1,61 пайызы шетелде білім алуда. 2023 жылы 84 мыңнан астам жас шетелдік жоғары оқу орындарына қабылданған. Олардың 80 пайызы өз қаражатына оқыса, қалған бөлігі халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттердің үкіметтік гранттары негізінде білім алуда. Негізгі бағыттар – Ресей (50-55 мың студент), Қытай (12-17 мың студент), Еуропа елдері, АҚШ және Оңтүстік Корея (шамамен 2-5 мың студент).
Дамыған елдерде 18-35 жас аралығындағы жастардың орта есеппен 1,6 пайызы шетелде білім алады. Мысалы, АҚШ-та бұл көрсеткіш – 0,05 пайыз, Германияда – 1,6 пайыз, Францияда – 1,09 пайыз. АҚШ-тағы төмен көрсеткіш – ішкі жоғары білім беру жүйесінің қуатты дамуының нәтижесі.
Экономикалық даму деңгейі мен тарихи-мәдени контексті ұқсас Польшада бұл көрсеткіш 0,66 пайыз болса, көршілес Өзбекстанда – 1,62 пайыз. Яғни жастардың шетелдің озық оқу орындарында білім алуға немесе тәжірибе жинауға ұмтылысы тек Қазақстанға ғана тән емес, бұл – әлем елдерінде кең таралған құбылыс. Алайда басты мәселе – жастардың алған білімін өз елінде тиімді қолдануына жағдай жасау.
Ғылым және жоғары білім министрлігі Халықаралық ынтымақтастық департаменті директорының орынбасары Мейірбек Ізбасардың сөзінше, 2024-2025 оқу жылына ведомство үкіметаралық келісім шеңберінде шетелде оқуға 352 қазақстандық азаматты ұсынды. Қазіргі уақытта «Болашақ» бағдарламасы аясында оқу мониторингінде 1344 стипендиат бар.
Әлеуметтік зерттеулерге сәйкес, шетелде білім алып жүрген қазақстандық студенттердің 41 пайызы оқу аяқталған соң елге оралуды жоспарламайды. Ал 2017 жылғы деректер бойынша шетелде оқитын студенттердің 42 пайызы студенттік визасын жұмыс визасына ауыстырған. Бұл жастардың елеулі бөлігі еңбек нарығына тікелей шетелде араласуды көздейтінін көрсетеді.
UNESCO деректеріне сәйкес, 2022 жылы Қазақстан шетелде білім алатын студенттердің жалпы саны бойынша әлемде 15-орынды, ал халық санына шаққанда 3-орынды иеленді. Яғни әрбір 250-інші Қазақстан азаматы шетелдік жоғары оқу орнында білім алуда. Бұл, бір жағынан, қазақстандық жастардың жаһандық деңгейде бәсекеге қабілетті білім алуға ұмтылысын көрсетсе, екінші жағынан, ел ішінде білім беру сапасын арттырудың және еңбек нарығын жетілдірудің өзектілігін айқындайды.
Шетелде білім алған жастар елге оралған жағдайда, білім мен тәжірибе елге берілуіне мүмкіндік туады. Дамыған мемлекеттердің тәжірибесі көрсеткендей, осындай стратегия елдің инновациялық әлеуетін арттырып, ғылым мен технология саласын дамытуға серпін береді. Алайда керісінше жағдайда, яғни жастардың басым бөлігі елге оралмаса, бұл «ақылдар көші» құбылысының күшеюіне әкеледі. Оның салдары еңбек ресурсының тапшылығы, инновация жобаларының баяулауы және ұлттық экономиканың өсу қарқынына теріс әсер етеді. Осыған байланысты мемлекет үшін маңызды міндет – жастардың шетелде алған білімі мен тәжірибесін Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына бағыттау. Ол үшін түлектерді елге қайтаруға ынталандыратын тиімді тетікті енгізу қажет. Мысалы, оралған мамандарға ғылыми-зерттеу жобаларына грант бөлу, еңбек нарығында сұранысқа ие позицияға орналастыру, тұрғын үй бағдарламасына қолжетімділікті қамтамасыз ету және кәсіби өсуге жағдай жасау осындай саясаттың негізгі бағыттары болуы мүмкін.
P.S: Жастардың шетелге кетуі – тек статистика емес, елдің болашағына тікелей қатысты стратегиялық мәселе. Бұл құбылыс еңбек нарығына, инновациялық даму қарқынына және елдің ұзақ мерзімді тұрақтылығына әсер етеді. Мемлекет үшін басты міндет – жастардың кәсіби дамуына жағдай жасап, білім сапасын арттыру және еңбек нарығын бәсекеге қабілетті ету. Тиімді ынталандыру саясаты ғана жастардың елде қалуына және шетелден оралған мамандардың әлеуетін ел игілігіне бағыттауға мүмкіндік береді.
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ