Қоғам

Жастар – өзгерістің қозғаушы күші, бірақ өзгеріс жауапкершіліктен басталады

Бүгінгі жастар туралы сөз болғанда әдемі ұранға еріп кету оңай, бірақ шындықты ашық айту керек. Қазір білім де, еңбек нарығы да нақты талап қояды — жай диплом, жай қатысу, жай «армандау» ештеңе шешпейді. Осы жерде жастардың шынайы рөлі анықталады: бір бөлігі жауапкершіліктен қашып, сылтау іздейді, ал екінші бөлігі үнсіз еңбектеніп, өсіп келеді. Президенттің «жастар – өзгерістің қозғаушы күші» деген сөзі біз үшін жай теория емес. Біз оны күнделікті тіршілікте көреміз: сабағына жауапкершілікпен қарайтын, мамандығын шын меңгеруге талпынатын, уақытын текке жоғалтпайтын жастар бар. Ертең елді алға бастыратыны — солар.

Колледждердегі орта — қоғамның шағын үлгісі. Мұнда да өмірдің нақты көрінісі бар: бір студент мүмкіндікті пайдаланып өседі, екіншісі дайын нәрсені күтумен уақыт жоғалтады. Біз үшін нағыз құндылық — өз ісіне адал, еңбекке төзімді, үйренуге қабілетті жастар. Өйткені кәсібін меңгермеген маман да, жауапкершілік алуға дайын емес азамат та елдің дамуына үлес қоса алмайды.

Патриотизмді жиі айтамыз. Бірақ патриоттық — биік сөз емес, күнделікті тәртіп пен еңбек мәдениеті. Уақытында келу, берілген істі соңына дейін орындау, мамандығын құр атақ үшін емес, игеру үшін оқу — міне, осының өзі елге қызметтің бастамасы. Әдемі пікір айту емес, нақты нәтиже шығара білу маңызды.

Жиі «жастарға мүмкіндік берілмейді» деген пікір айтылады. Иә, жүйеде мәселе бар, оны жоққа шығара алмаймыз. Бірақ сонымен бірге оқу гранттары, дуальды білім, өндірістік тәжірибе, жұмыс берушімен бірге дайындалатын мамандықтар, жастар практикасы сияқты алаңдар бар. Мүмкіндік пен талап қатар жүруі тиіс. Тек жүйені кінәлап, жауапкершілікті сыртқа ысырып қою — болашаққа серпін бермейді.

Жастардың арманы болғаны дұрыс. Бірақ арман нақты әрекетке ұласпаса, ол кейін өкіндіретін мүмкіндікке айналады. Арман — мақсатқа, мақсат -жоспарға, жоспар — күнделікті еңбекке айналғанда ғана нәтиже береді. Өзгерістің басталатын жері — осы.

Азамат болудың басты өлшемі — өз өміріне өзі жауап беру. Уақытты бағалау, мамандығын меңгеру, еңбектен қашпау, өзін өсіруге ұмтылу — бұл жай жеке жетістік емес, қоғам алдындағы жауапкершілік. Бізге тұтынушы емес, құрастырып, жасай алатын буын керек.

Ел өзгерсін десек, жастарды тек мақтап, еркелете бермей, әділ талап қоя білуіміз қажет. Талап — шектеу емес, дамуға бағыт. Ал жастарға айтарымыз бір: өзгерісті күтіп жүрудің қажеті жоқ. Өзгерісті өз орныңнан баста — аудиториядан, шеберханадан, өндірістен, жұмыс орнынан баста. Сонда ғана «жастар – өзгерістің қозғаушы күші» деген сөз өмірдің өзімен дәлелденеді.

Өзгеріс сырттан келмейді. Өзгеріс- адамның ішкі ұстанымынан басталады. Ал жауапкершілік алуға дайын жас болса — елдің ертеңіне сенім бар.

Ләззат Разбекова,

колледж директоры, Астана қалалық мәслихатының депутаты

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button