Жастар неге есеймейді?

Адамзаттың ұлы ойшылы Әбу Насыр әл-Фараби «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деп адамға алдымен білім емес, іздене білетін, алған білімін іске асыратын тәрбие керек екенін ескерткен. «Тәрбие – тал бесіктен» дейтін халқымыз нені айтты екен деп таңғалмаймыз. Тәрбиенің негізгі мақсаты – адам баласы өзінің қимыл-әрекетімен шектен шықпай, үйлесімді ғұмыр кешуі үшін ізгі қасиеттерді дамыту.
Жақында зейнет жасындағы медицина саласының қызметкерімен сөйлесіп қалдым. Жаңадан оқу бітіріп келген жас мамандардың арасында ізденіп еңбек етуге деген құштарлықтың жоғын, жетектемесең жүрмейтіндері бар дегенде тәрбиесіз келген білімнің кесірі-ау деген ойға келдім. Қазіргі жастардың көп нәрсеге шығармашылық тұрғыдан қарай алмайтыны рас, қолына түскен тасты алтынға айналдырмайтынын айтып налымай-ақ қоялық. Өзі өмір сүретін ортаның бір кірпіші болып қаланудың жолдарын түсінбеген, ынтасыз, жалқау, қимылы сылбыр жастың болашағы не болатыны беймәлім. Бүгінде осындай ата сақалы аузына түссе де әлі есеймеген, жан-жағына сүлесоқ қарайтын енжар жастардың толқыны басып келеді. Олардың үлкен өмірге қабілетсіздігі, білуге деген құмарлығының жоғы қорқытады. Жауапкершілікті алғысы келмейтіндер өмірдің ағынына қарсы жүрмей, қалтарыста бұғып қалуға тырысады. Бүгінгі зейнетке шыққандардың орнына лайықты ізбасарларының табылуы қиын болуы сондықтан. Бұл үдеріс әсіресе қоғамның толыққанды мүшесі болғысы келмейтін қазіргі жастар үшін өзекті. Үміт артқан көзіміздің нұры – болашақ жастардың әлеуметтік белсенділігінің төмендігі қоғамдағы бірқатар институционалдық проблемаға алып келуде. Соның бірі – отбасындағы ажырасудың тоқтамауы. Мұндай үдерісті назарға алып, тереңнен зерттеп, жоғары оқу орындарының қызметін қайта қарауға негіз бар.
Жастардың жігерсіздігіне кейде ата-аналардың «ерекше» қамқорлығы кесірін тигізеді. Басына үй, астына машина сатып алып беріп, екі қолын бос қойған бала өз бетінше талаптанып, алға ұмтылмайды. Өмірдің күрмеуін шешуге деген құлшынысы жоқ, өзінше ізденіп, тұлға ретінде дамуға ынтасыз жастың асыл мұратының болмауы бізді ойландыруы тиіс. Түнімен смартфонға үңіліп, ерік берсе түске дейін ұйықтап, ішіп-жеуді ғана білетін, өзімшіл, жауапсыздар кімге тұлға болады?
Тұлға дегеннен шығады, бұрын әр ортаның өз тұлғасы болатын, соған қарап өсетін едік. Өзіміз өмір сүрген ортаның өзіндік ережелері, өмір сүру стандарты біркелкі болатын. Мұның өзі үлкен өмірге икемделуге жақсы әсерін тигізетін. Қазіргі әлем сан түрлі, мың сипатты. Әркімнің өзінің моралі бар, азғындық ақталады. Бұл да жастардың жақсы мен жасықты таңдай алмауына ықпал етуде. Күндердің күнінде жастардың өз жолын таңдай алмай, бұрыс басуы өзін-өзі жоюына әкеледі. Бір жағынан мына қилы заман жастың өз бетінше өмір сүруіне кедергісін келтіруде. Соны ойлаған ата-анасы ұлын ұядан ұшыруға асықпайды. Жастар да жайлы өмірге тез үйреніп, өздігінше бөлек етуден қорқады. Нақты тірліктен қашып, қияли әлемге бой ұрып, сол әлемнен шыққысы жоқ. Цифрлық технологиялар әлемі, компьютерлік ойын іздегенге табылып тұр. Қоғамда, жеке басында болып жатқан нәрсені ой елегінен өткізіп, өзінің осы жүрген жүрісіне сыни көзбен қарауға қауқарсыз. Ыңғайы келсе, уайым-қайғысыз, мәңгі жас болып қалғысы бар.
Айгүл УАЙС



