Жастар еңбегі – жарқын болашақ кепілі

Елордада дәстүрлі «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының XXI еңбек маусымының ресми ашылуы өтті. Кезекті ауқымды жоба 2004 жылдан бері өз жалғасын тауып келеді.
«Биылғы маусымның басты ерекшелігі – Астана қаласындағы 5200-ге жуық жасты жаз бойы жұмыспен қамтамасыз етеміз. Осы жылға дейінгі 2023-2024 жылдары 4200 адамға мүмкіндік сыйладық. Қазіргі таңда 150-ден аса оқу ордаларымен серіктеспіз, оқушылар мектеп ауласын көркейтуге, тазартуға ат салысады», – деді «Жасыл ел Астана» жобасы жетекшісінің орынбасары Асылбек Абдурашитов.
«Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» деп ұрандатқан жас буын биылғы еңбек маусымында қаланы көгаландыру, саябақтар мен мектеп ауласын тазарту, арамшөптерді жұлу, ағаштарды күтіп-баптау жұмыстарымен айналысады. Кәмелетке толмаған қатысушылар Еңбек кодексіне сай күніне 4 сағат, ал кәмелетке толғандар күніне 8 сағат аптасына 5 күн еңбек етеді.
«2025 жылғы маусым 4 айға жоспарланған. 14 пен 35 жас аралағындағы кез келген Қазақстан азаматы жобаға қатыса алады. Мектеп оқушылары білім ордаларындағы өздерінің әлеуметтік мұғаліміне барып, алдын ала тіркелуі тиіс. Бағдарлама аясында біз бірінші кезекте аз қамтылған, әлеуметтік жағдайы төмен балаларды басты назарға қойып отырмыз. Аталған санатқа жататындар шектеусіз, әр айда жұмыс істеуге құқылы. Жоба қатысушыларына 64 564 теңге көлемінде тұрақты жалақы бекітілген», – деді елорданың Жастар саясаты мәселесінің ресми өкілі Айдар Нұрланұлы.
«Жасыл ел» – жазғы уақытты тиімді өткізуге берілген үлкен мүмкіндіктер мекені, табандылық пен тәртіпті қажет етіп, отансүйгіштікті арттыратын орта.
«Бұл менің жобаға екінші жыл қатысуым. Жасыл ел арқылы өз ортамды тауып, жаңа таныстықтар орнаттым, жақсы істердің басы-қасында жүрмін. Жоба мені барлық жағынан шынықтырды. Алғаш рет аталмыш бағдарламамен 1-курс кезінде мұғалімдер арқылы білдім, қызығушылық танытып, тіркелдім. Біздің атқаратын жұмыстарға қала аумағының тазалығын қамтамасыз ету, нақтырақ айтқанда ағаштарға су құю, қоқыстарды жинау, артық шөптерді қырқу секілді жұмыстар кіреді. Бір аумаққа 60-70 шақты бала жауап береміз», – деді жоба қатысушы Ержан Алдаберген.
Қоғамдық сананы ұлтқа қызмет етуге баулу, патриоттық сезімді арттыруды көздейтін «Жасыл ел» әлеуметтік жобасы жастар арасындағы экологиялық мәдениетті арттырып, қоғам өміріне етене жақын араласуға шақырады. Бас қалада басталған еңбек маусымы бұл мақсатқа жетудің алғашқы іргетасы болмақ.
Жансая Алмахан,
Л.Гумилев атындағы Еуразия
ұлттық университетінің 2-курс студенті