Жасөспірімдерге арнап тағылымды іс-шара ұйымдастырылды

Елордадағы «Білім-инновация» лицейінде «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында профилактикалық кездесу өтті. Іс-шараның басты мақсаты – жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық пен түрлі тәуелділіктердің алдын алу, заңға құрмет пен жеке жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Студенттермен кездесуді қалалық Полиция департаменті мен департамент жанындағы Есірткі қылмыстарының алдын алу кеңесінің мүшелері ұйымдастырды.
Іс-шара барысында оқушылар үшін ерекше әсер қалдырған сәттердің бірі – белгілі күш иесі Сергей Цырульниковпен өткен интерактивті бөлім болды. Мектеп оқушылары спортшымен бірге күшті қажет ететін спандерді бір және екі қолымен қысып көріп, ал ең батылдары темір тағаны июге талпынды. Бұл эпизод спорттың тек физикалық емес, рухани тәртіпке де тәрбиелейтінін айқын көрсетті.
Жиын барысында жасөспірімдер арасындағы тәуелділік мәселесіне ерекше назар аударылды. Қалалық психикалық денсаулық орталығының дәрігерлері кәсіби тәжірибелеріне сүйене отырып, соңғы уақытта 13-14 жастағы балалардың стационарлық емге түсу жағдайы жиілеп бара жатқанын айтты. Мамандар нашақорлық пен өзге де тәуелділіктерді «жаман мінез» емес, дер кезінде емдеуді қажет ететін дерт ретінде қарастыру керектігін атап өтіп, көмекке ерте жүгінудің маңызын түсіндірді.
«Ой – сөзге, сөз – іске, іс – әдетке, ал әдет тағдырға айналады. Өзіңізді қорғаңыздар, ата-аналарыңызды, ұстаздарыңызды, достарыңызды құрметтеңіздер. Өмірді опық жегізетін нәрсемен ойнамаңыздар» деді белгілі актер Ерік Жолжақсынов.
Жиынға қатысқан қонақтар қатарында Мерей Ақшалов, Рүстем Жантенов, Мұхит Амантаев, Алибек Ермағамбетов, танымал блогер Нұргелді Кердеш және батыр Сергей Цырульников болды. Олар өз өмірлік жолы арқылы спорттың, тәртіптің және салауатты құндылықтардың кез келген қауіпті әуестікке балама бола алатынын нақты мысалдармен көрсетті.



