Қоғам

Жасөспірімдерге арналған бірегей жоба

Елімізде «El Umiti CAMP-2025» жазғы білім беру жобасы басталды. Жасөспірімдерге арналған әлеуметтік жоба биыл төртінші рет өткізіліп отыр, astana-akshamy.kz.

Ақмола облысы Зеренді ауылындағы сауықтыру кешенінде «El Umiti» қорының бастамасымен ұйымдастылған жазғы лагерь 10 күнге жалғасады. Оған Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 14-18 жас аралығындағы 200 бала қатысуда.

2022 жылдан бері «El Umiti CAMP» жобасы арқылы 600-ден астам жас қамтылып, олардың тұлғалық және кәсіби дамуына жол ашылды. Биылғы маусым да дәстүрге сай мазмұнды бағдарламасымен ерекшеленеді.

Іс-шараның ашылуында сөз сөйлеген Корпоративтік қордың басқарушы директоры Гүлім Жүсіпова жобаның маңызына тоқталды.

«El Umiti CAMP-2025» – бұл тек жазғы лагерь ғана емес, бұл – Қазақстанның ертеңі үшін жауапкершілікті сезінетін, ізденістегі, арманы бар жастардың тоғысқан ортасы. Біз бұл жобаны іске асыру арқылы әр жасөспірімге өз әлеуетін ашуға нақты мүмкіндік бергіміз келеді», – деді директор.

Лагерь бағдарламасы кәсіби бағдар, медиа өндіріс, алғашқы медициналық көмек және пікірсайыс сияқты маңызды бағыттарды қамтиды. Сонымен қатар, қатысушылар әлеуметтік дағдыларды дамытуға арналған тренингтер мен мобильді түсірілім бойынша практикалық сабақтарға қатысады. Бұл тәжірибелік сабақтар жастардың медиасауаттылығын арттырып, заманауи құралдармен жұмыс істеу машығын қалыптастырады. Лагерь бағдарламасында ұлттық ойындар, спорттық эстафеталар мен зияткерлік сайыстар да бар. Асық ату, шахмат, логикалық квесттер – бәрі де жасөспірімдердің қабілеттерін шыңдауға көмектеседі.

Лагерьдің тағы бір маңызды бөлігі – мәні айрықша кездесулер. Жастар түрлі салада жетістікке жеткен тұлғалармен еркін форматта сұқбаттасып, қызықтырған сұрақтарын қоя алады. Сондай-ақ ашық аспан астында өтетін концерт де ұйымдастырылады. Концерттік бағдарлама аясында заманауи орындаушылар өнер көрсетеді.

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button