Қоғам

Жасөспірімдер ұсынған жоба суды үнемдеуді көздейді

Қоршаған ортаны қорғау мен ауыл шаруашылығын тиімді дамыту – қоғамдағы маңызды мәселенің бірі. Бұл бағыты дамытуда үлкендермен қатар, жас буынның да белсенді әрекеті қуантады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Атап айтқанда, Әлімхан Ермеков атындағы № 38 мектеп- лицейінің жас өнертапқыштары Абдирей Фариза мен Сәдуақас Саян ұсынған «Таңғажайып күн энергиясының суару жүйесі» атты жоба экология мен агросалада бірқатар өзекті мәселелерді шешуге бағытталған.

Жобаның басты мақсаты – суды үнемдеп қолдану, топырақтың ылғалдылығын сақтау және жаңартылатын күн энергиясын тиімді пайдалану. Ең бастысы, бұл жобаның тек қағаз жүзіндегі идея емес, нақты тәжірибеден өтіп, іске қосылған жүйе екенін атап өткен жөн.

Жасөспірімдер бұл жобаны жүзеге асыру үшін біраз уақыт ізденген. Жетекшісі Анар Жазықбайқызының қолдауымен жобаның сызбасын жасап, құрылғының макетін құрастырған. Күн панельдері арқылы қуат алатын бұл жүйе топыраққа дәл мөлшермен су жеткізіп, судың ысырап болмауын қамтамасыз етеді.

«Таңғажайып күн энергиясының суару жүйесі – біздің арманымыздан туған жоба. Біз табиғатты қорғау және ауыл шаруашылығын дамыту жолына өз үлесімізді қосуды армандадық. Нәтижесінде жобамыз дүниеге келді. Бұл жоба арқылы біз егін шаруашылығында суды үнемдеуді, топырақтың ылғалын әрдайым сақтауды, күн энергиясын тиімді пайдалануды мақсат еттік. Жетекшімізбен бірлесе тәжірибе жасап, үнемі құрылғының жұмысын жетілдіруге тырыстық. Осының арқасында «Таза Қазақстан» акциясына қатыстық, «ПроЭко» байқауында 3-орын иеленсек, «Ғылымдағы дебют» конкурсында 2-орын алдық. Бұл марапаттар – біздің еңбегіміздің жемісі және болашаққа деген сеніміміздің күшеюі» дейді өнертапқыштар.

Жоба авторлары болашақта бұл жүйені тек шағын жер учаскелерінде ғана емес, ірі егістік алқаптарында, агрокешендерде де қолдануды жоспарлап отыр.

Гүлмира Аймағанбет

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button