Қоғам

Жасанды зерде – жаңа дәуірдің кілті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Жолдауы Қазақстанның жаңа дәуірге бет бұрғанын айқын көрсетті. Президент еліміздің үш жылдың ішінде толыққанды цифрлық мемлекетке айналуы керектігін айтып, бұл жолдағы басты тетік жасанды сана (жасанды интеллект) екенін ерекше атап өтті.

Жоғары оқу орнының оқытушысы ретінде бұл бастаманы зор қуанышпен қабылдаймын. Өйткені әлемнің дамыған елдері бүгінде жасанды сананы білім беру, медицина, өндіріс, мемлекеттік басқару сияқты барлық салада кеңінен қолданып жатыр. Қазақстан да осы үрдістен шет қалмай, өз әлеуетін дер кезінде іске қосуы – уақыт талабы. Президенттің арнайы Цифрлық кодекс қабылдау, Жасанды интеллект және цифр­лық даму министрлігін құру жөніндегі тапсырмалары осы бағыттағы жүйелі жұмыстың бастамасы болмақ. Тарихқа көз жүгіртсек, қазақ халқы бірінші рет ғылым-техника төңкерісінен, өнеркәсіптік дамудан кенже қалды. Кейінгі кезеңде де интернет дәуірінің шаңын қауып қалдық десек қателеспейміз. Сондықтан жасанды сана дәуірінде дәл сол қателікті қайталауға болмайды. Президенттің батыл бастамасы – бізге осы олқылықтың орнын толтыруға берілген тарихи ­мүмкіндік.

Біздің университет қабыр­ғасында да студенттерді жаңа технологияларды игеруге, алгоритмдік ойлауды дамытуға, деректерді талдай білуге үйретудің маңызы артып келеді. Жасанды сананы тиімді меңгерген жас болашақта бәсекеге қабілетті маман ғана емес, елдің стратегиялық дамуына үлес қосатын тұлғаға айналады. Бұл ретте ұстаздарға үлкен жауапкершілік жүктеледі. Біз білім беру бағ­дарламаларын жаңартып, цифр­лық сауаттылықты арттыруға бар күшімізді салуымыз қажет.

Президенттің «Қазақстан үш жылдың ішінде жаппай цифрлық ел болуы тиіс» деген сөзі – тек ұран емес, нақты мақсат. Бұл – барша қоғамды жаңа өркениет деңгейіне көтерудің бағдарламасы. Әсіресе, жастар үшін жасанды сананы игеру – тек мамандық емес, болашақтағы табыстың, әлемдік бәсекеде алға шығудың басты кепілі.

Қорытындылай айтқанда, Жолдау – еліміздің даму жолындағы үлкен бетбұрыс. Жасанды санаға басымдық беру – Қазақстанды жаңа дәуірдің көшбасшысына айналдыратын тарихи шешім. Біз, ұстаздар қауымы, осы бастамаларды қолдап қана қоймай, жастарға білім мен тәрбие беруде жаңа әдіс-тәсілдерді пайдалана отырып, олардың болашағын жарқын етуге бар күшімізді саламыз.

Гүлназ ТӨКЕНҚЫЗЫ,

Л.Гумилев атындағы ­Еуразия ұлттық университеті Қазақстан халқы ассамблеясы кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button