Жасанды интеллект журналисті алмастыра ма?

Осыдан үш жыл бұрын, 2022 жылы қараша айында ChatGPT пайда болған кезден бастап мұндай сұрақ жұртты ойландырып келеді. Біреулер жасанды интеллект журналистерді жұмыссыз қалдырады десе, екінші біреулер ол БАҚ-тағы жарнамаға ғана әсер етеді дейді. Үшінші біреулер адамзатты шығармашылық ойлау мен жұмысынан ажыратады деген пікір айтады.
Жасанды ойлай аламыз ба?
Әлемдегі қағаз газеттерді шығарушылар жасанды интеллекттің ғаламат мүмкіндіктер туғызуымен қатар қаупі барын да жоққа шығармайды. Өткен жылғы The New York Times-тің Open Al-ға жасаған шағымы қауіп-қатердің бір мысалы бола алады. Өйткені жасанды интеллекттің дәстүрлі медианың дамуына жағымсыз әсері соңғы 20 жылда анық байқалды. Солтүстік-Батыс университеті жариялаған есептегі мәліметтерге сүйенсек, 2005 жылдан бері АҚШ-та газеттердің үштен бір бөлігі жабылып, шамамен 43 мың журналист жұмыссыз қалған. 2023 жылы АҚШ-та әр апта сайын орташа есеппен 2-3 газет жабылып отырған. Мұндай үрдіс Батыс елдерінде әлі тоқтаған жоқ.
Жасанды интеллект медиа кеңістікке жаңадан келген құбылыс емес. The Wall Street Journal-дың R&D-бөлімінің бұрынғы жетекшісі, «Ньюсмейкеры: искусственный интеллект и будущее журналистики» атты кітаптың авторы Франческо Маркони соңғы 10 жылда журналистердің жасанды интеллектті игеруінің үш кезеңін бөліп көрсетеді. Алғашқы кезеңде БАҚ жасанды интеллекттің көмегімен мәліметтерге негізделген шаблондық жаңалықтарды дайындауды автоматтандырды. Ол, негізінен, қаржы есептері, макроэкономика көрсеткіштері, спорт жарыстарының қорытындылары болатын. Мына қызықты қараңыз: әлемдік ақпарат алпауыты Associated Press агенттігі 2014 жылы Automated Insights технологиялық компаниясымен келісім жасаған. Тілдік модельдер саласында маманданған компанияның бағдарламасы нәтижесінде қаржы жаңалықтарының санын 12 есеге өсіріп, 300-ден 3700-ге жеткізген. Қазіргі таңда агенттік ЖИ-технологияларының көмегімен жылына 40000 мәтін шығарады. Машиналық оқытудың құралдарын бірнеше жылдан бері Blomberg, Reiters агенттіктері, The Guardian, The Washington Post газеттері және өзге де медиалар қолданып келеді. Мысалы, 2016 жылы Heliograph өзі жасап шығарған ЖИ-технологияларын Рио-де-Жанейродағы Олимпиада ойындарын көрсетуге пайдаланғаны мәлім.
Екінші кезеңде журналистер ЖИ-ді ауқымды мәліметтерді талдауға қолданды. Бұл – халықаралық журналистикада Mauritius Leaks деген атаумен белгілі журналистік зерттеулер. Әріптестеріміз ақылды машинаның көмегімен 200000 құжатты сараптап, трансұлттық компаниялардың Маврикийдің салық заннамасындағы кемшіліктерді ескеріп, салық төлеуден жалтарғанын растады. Мұндай көлемдегі материалдарды адам баласы оқи алмайтыны анық. Ал венесуэлалық Armando.info зерттеу жобасының журналистері ЖИ көмегімен Амазониядағы пайдалы қазбалар өндірісіндегі заңсыздықтардың былығын халыққа жайып салды. Ал үшінші кезең – қазіргі чат-боттар. Мысалы, ChatGPT-ге белгілі бір жазушының стилінде немесе танымал басылымның стилінде толық мақала жазып беруді өтінсең, сол заматта дайындайды. Алайда журналистердің көпшілігі жасанды интеллектті мәтінді аударуға, диктофондағы жазбаны қағазға түсіруге, белгілі бір мәтінді редакциялық стандарттарға сәйкестендіруге, ақпарат іздеуге пайдаланады. Кейбір медиалар ЖИ-ге материал әзірлеуге сенім білдіреді. Мысалы, Buzfeed ЖИ-дің жәрдемімен викториналар дайындайды. Немістің Express.de таблоиды әртүрлі тақырыптағы мақалалардың 6 пайызын өзі жазатын Клара есімді виртуалды журналист қызды жасап шығарды. Бірақ қандай оқиғаны жариялау керектігін, материалдар мәтінінің дұрыстығын адамдар тексереді.
Журналистер жұмыссыз қалуы мүмкін бе?
Осы сауалға жауап іздеген Reuters Institute мамандары әлемнің әр түкпіріндегі 40 елде медиаиндустрияның 135 көшбасшысына сауал жолдап, зерттеу жүргізген. Осы зерттеудің қорытындыларына үңілсек, сауалнамаға қатысқан медиаменеджерлердің 74 пайызы генеративтік ЖИ редакция журналистерін күрделі міндеттерден босатып, еңбек өнімділігін арттыратынын айтыпты. Алайда барлық үдерістің ортасында адам отыратыны сөзсіз. The New York Times-тің ЖИ саласындағы бастамалар жөніндегі редакциялық директоры Зак Сьюардтың пайымдауынша, бейберекетсіздік жайлаған күнделікті өмірде ЖИ адамның көмегімен ақпарат іздеуге және жинақтауға, мәліметтерді талдау кәдесіне жарайды. Лондон экономика мектебінің Journalism Al зерттеу жобасының жетекшісі, профессор Чарли Беккет технологиялардан өте көп нәрсені күтуге болмайтынын айтады. «Адамдар жазған мәтінде қателер көп кездеседі, біз соны өңдеп, газетке дайындаймыз. Жасанды интеллекттің жазған мәтіні де тура сондай, қателер өріп жүреді» дейді ол. Бұл жердегі бір анық нәрсе: ЖИ сот залына барып, айыпталушыдан сұхбат ала алмайды, я болмаса қылмыскер өлтірген адамның туыстарымен кездесіп, шындық ақпаратты жаза алмайды.
Ал Оксфордтағы интернет институтының оқытушысы Феликс Саймон қазіргі кезде ЖИ журналистердің орнын алмастыруға қабілетті емес десек те, болашақта жағдай өзгеруі мүмкін деп санайды. «Жасанды интеллект кейбір жағдайда журналистердің атқаратын жұмысын істеуге қабілетті. Мысалы, редакцияда 10 журналисті жұмысқа алғанша, 1 роботқа арнайы бағдарлама жүктеп, сол 10 адамның жұмысын істетуге болады» дейді ол. Ф.Саймонның мұндай пікірін Reuters Institute мамандары жүргізген сауалнамаға жауап берген АҚШ, Германия, Ұлыбританиядағы 35 БАҚ-тың медиасарапшылары мен қызметкерлері растайды.
«ЖИ шығармашылықпен айналысатын журналистерді ешқашан алмастыра алмайды» дейді CNN International Commercial-дің креативтік технологиялар жөніндегі директоры Иэн Макдональд. «Бұл процесте шынайылыққа кепілдік болуы үшін адамның араласуы міндетті. Ал жасанды интеллект өзіне берілген белгілі бір ақпаратпен ғана жұмыс істейді. Адамның шығармашылық қабілетімен робот бәсекелесе алмайды. Өйткені шығармашылық адамы кейде шаблонның шеңберінен шығып кетіп жатады. Жасанды интеллект – бұл қуатты құралдың бірі, бірақ ол журналистік қарым-қабілетсіз, зердесіз өз бетімен шынайы дүниелерді іске асыра алмайды» дейді И.Макдональд. Бұл пікірді оның әріптесі, Euronews-тің Таяу Шығыс, Орталық Азия және Оңтүстік Кавказ бойынша бас редакторы Джейн Уизерспун да қолдайды. «Журналистер ЖИ-ді өзінің ассистенті ретінде қолданады, мысалы ChatGPT жаңалықтарды дайындай алады, десек те ол кәсіби маманның көмекшісі ғана» деді Д.Уизерспун Астанадағы өткен II Ортаазиялық медиафорумда сөйлеген сөзінде.
Алғаш рет газет шығарды
2025 жылы 19 наурызда медиаиндустрия әлемінде айрықша бір оқиға болды. Италиядағы Il Foglio басылымы жасанды интеллект жасаған алғашқы газетті жарыққа шығарды. Редакция чат-боттарға сұрақ қойып отырған, қалған жұмысты нейрожелілер атқарыпты. Таңғалдырғаны, ЖИ мәтінді де, тақырыпты да, әзіл-қалжыңды да, газетті көркем безендіруді де өзі іске асырған. Қағаздағы және электрондық нұсқасы бар газетте халықаралық саясатқа арналған бірнеше мақала бар. Соның ішінде АҚШ президенті Д.Трамп туралы «Все выходки Трампа за последний месяц: в каждом конкретном случае» деген қызықты мақала оқырмандардың назарын бірден аударды. Сондай-ақ газеттегі еуропалықтардың үйленбей ұзақ жүруіне не себеп болатынын зерттеген мақала да көп оқылды. Il Foglio-лық журналистер эксперимент жасау мақсатымен мұндай газетті жүйелі түрде шығарып тұруға шешім қабылдады. Итальяндық әріптестерінің жаңашыл тәжірибесіне қызығушылықпен қараған ресейлік «Краснодарские известия» газетінің тілшілері де ЖИ көмегімен газет шығарды. Басылымның бас редакторы Владимир Вербицкийдің айтуынша, эксперименталдық жұмысқа үш күн жұмсалған. Газетті ЖИ өзі беттеп, мақалаларды да айдарына қарай бөліп, өзі орналастырған. «Жұмысты бастамас бұрын, ЖИ ондаған журналистік жұмыстарға зерттеу жүргізді, өйткені газеттің стиліне бейімделуі керек. Алайда ЖИ фактчекингке келгенде бәрібір журналистердің көмегіне жүгінді. Бұл – біздің жұмысымыздың ең маңызды бөлігі, материалды робот жаза ма, журналист жаза ма, бәрібір шынайылығын тексереміз. Осы тәжірибемізді жетілдіру үшін біз газеттің әр санының бір бетін нейрожелілер көмегімен шығарып отырамыз» дейді В.Вербицкий.
Төлен ТІЛЕУБАЙ