Басты ақпаратҚоғам

Жасанды интеллект – ғылыми түйсіктің жалғасы

Қазақстан білім жүйесі бүгін тарихи кезеңде тұр. Бұл – кезекті реформа немесе жаңа технология енгізу емес, білім туралы ойлау тәсілінің түбегейлі өзгеру сәті. Мұндай интеллектуалдық бетбұрыстар сирек болады және олар әрдайым тұлғалармен, идеялармен, ғылыми-рухани сабақтастықпен байланысты. Соңғы жылдары Қазақстанда жасанды интеллект туралы сөз жиі айтыла бастады. Біреулер оны кезекті технологиялық сәнге балайды, біреулер болашақтың белгісі ретінде қабылдайды. Алайда білім мен ғылым тарихына тереңірек үңілсек, бүгінгі бетбұрыс аяқ астынан пайда болмағанын көреміз. Оның тамыры тереңде – академик Евней Бөкетов қалыптастырған ғылыми ойлау мәдениетінде жатыр. Бөкетов өткен дәуірдің ғана ғалымы емес. Ол – жасанды интеллект дәуіріне қажет ойлау типін алдын ала сезген тұлға. Оның мектебі ғылымды жекелеген формулалар жиынтығы емес, күрделі, өзара байланысты, басқарылатын тірі жүйе ретінде қарастыруға үйретті. Дәл осы көзқарас бүгінгі жасанды интеллекттің іргетасы болып отыр.

Ғылым тарихында ірі бетбұрыстар, әдетте, жаңа техникалық құралдан емес, жаңа сезіну қабілетінен басталады. Адамзат алдымен көзге көрінбейтінді түйсінеді, кейін оны ұғымға, модельге, жүйеге айналдырады. Бұл үрдіс кездейсоқ емес, ол ғылыми мәдениет­тің ішкі эволюциясын көрсетеді. XІX ғасырда термодинамиканың атасы Сади Карно жанып жатқан оттың ішінде жай жылудан (энергиядан) бөлек, вагондар сүйрейтін, зымырандар ұшыратын алапат физикалық күш бар екенін терең түсінді. Ол осы күшті адамзат игілігіне бағыттау қажеттігін алғаш сезген ғалымдардың бірі болды. Ғалымның мезгілсіз өмірден өтуіне байланыс­ты адамзат бұл теориялық серпілістің практикалық мүмкіндіктерін бір ғасырға кеш түсінді. Сол ғасырдың тағы бір «көріпкел» данышпаны ­Дмитрий Иванович Менде­леев адам баласы тікелей сезе алмайтын, бірақ табиғатта объективті түрде өмір сүретін бір терең заңдылықты аңғарды. Ол белгілі және әлі ашылмаған химиялық элементтердің арасында барлығына ортақ тектілік, ішкі үйлесім және өзара тартылыс бар екенін сезді. Бұл түйсік кейін ғылыми тілде «Химиялық элементтердің пе­риодтық заңы» ретінде бекітілді. Менделеевтің ұлылығы жекелеген элементтерді емес, олардың арасындағы жүйелік байланысты сезінуінде еді. Карно мен Менделеевтің бұл қасиеті – мистикалық болжам емес, ғылыми интуицияның жоғарғы формасы. Көзге көрінбейтін заңдылықты алдын ала сезіну, оны модель арқылы көрсету, жүйеге айналдыру – табиғаттағы ұлы ғылыми құпия­лардың ашылу жолы.

Қазақстанда жасанды интеллект алғаш рет тұрмыстық деңгейде емес, нақты ғылыми есептерді шешу барысында модельдеу, көпөлшемді талдау, кері байланыс жүйелері арқылы қолданылды. Осы ғылыми интуиция дәстүрі XX ғасырда Қаныш Имантайұлы Сәтпаевта жалғасын тапты. Ол жер қойнауындағы жеке кен орындарын емес, тұтас геологиялық кеңістіктің ішкі логикасын көре білді. Табиғаттағы бейберекет көрінетін құбы­лыстардың артында жүйе, заңдылық, болашақ өнеркә­сіптік стратегия жатқанын дәл сезді. Мұнда да интуиция кейін есепке, картаға, ұлттық деңгейдегі ғылыми бағдарламаға айналды. Ал бұл сабақтас­тық оның шәкірті академик Евней Арыс­танұлы Бөкетовтің еңбектерінде жаңа сапалық деңгейге көтерілді. Ол табиғат пен білімді жеке-жеке салалар ретінде емес, біртұтас, басқарылатын интеллектуалдық жүйе ретінде қарастырды. Бөкетов үшін ғылым тек жаңалық ашу емес, оны модельдеу, түсіндіру және адамзат игілігіне бағыттай білу еді. Леонардо да Винчи – Ломоносов – Менделеев – Сәтпаев – Бөкетов – қазіргі қазақстандық педагогикалық-инженерлік ой. Бұл жай ғана тарихи тұлғалар тізбегі емес. Бұл – ғылыми қасиеттердің сабақтастығы, жаңаша ойлау қабілетінің ұрпақтан-­ұрпаққа берілуінің символы, көзге көрінбейтінді сезіну – оны модельдеу – оны басқарылатын жүйеге айналдыру эволюциясы.

Осы эволюцияның соңғы кезеңі бүгінде білім беру саласында нақты ғылыми-практикалық формаға ие болып отыр. Атап айтқанда, инженерлік педагогикалық парадигма мен педагогикалық жасанды интеллект ұғымдары Бөкетов қалыптастырған ғылыми мәдениеттің қазіргі дәуірдегі қисынды жалғасы ретінде жасанды интеллект заманына бейімделіп отыр. Бұл бағыттағы теориялық негіздеу мен практикалық іске асыру автор тарапынан жүзеге асып келеді. Дәл осы себепті аталған эволюция бүгінгі жасанды интеллект дәуірінде ерекше мәнге ие болуда және Қазақстан білімінің интеллектуалдық бетбұрысының философиялық іргетасын құрайды. Д.И.Менделеев секілді тау қойнауындағы таста жан барын, оның ішінде ашылмаған сыр жатқанын Қаныш Сәтпаев пен Евней Бөкетов те сезінді. Бұл – жай метафора емес, ғылыми түйсіктің көрінісі. Көзге көрінбейтін үдерістерді модель арқылы тану, оларды есепке салу, басқаруға ұмтылу – Бөкетов мектебінің басты белгісі. Кейін дәл осы тәсіл күрделі ғылыми есептерді шешуде, соның ішінде жасанды интеллект элементтерін қолдануда кеңінен көрініс тапты. Бұл – кездейсоқ құбылыс емес, Бөкетов қалыптастырған ғылыми мәдениеттің тікелей жалғасы. Яғни жасанды интеллект кездейсоқ пайда болған технология емес. Ол – адамзаттың осыған де­йін жинақтаған ғылыми түйсігінің, жүйелік ойлауының, басқаруға ұмтылған интеллектінің табиғи жалғасы. Сондықтан жасанды интеллектті білімге тек цифрлық құрал ретінде енгізу – үлкен қателік. Ол ең алдымен педагогикалық ойлаудың инженерлік типіне көшуін талап етеді.

Инженерлік педагогикалық парадигманың өзегі – білімді дайын ақпарат ретінде емес, жобаланатын, алгоритмделетін, модельденетін, автоматты түрде басқарылатын интеллектуалдық жүйе ретінде қарас­тыру. Мұнда педагог – білім көзі емес, инженер-ойлаушы, ал білім беру – оқулықтағы дайын мазмұнды түсіндіру емес, интеллект қалыптастыру архитектурасы. Осы тұрғыдан алғанда, педагогикалық жасанды интеллект – болашақтың утопиясы емес, дәл бүгін пісіп-жетілген ғылыми қажеттілік пен мұқтаждық. Ол бұйрықпен де, сәндік ретінде де өмірге келмейді. Ол тек табиғи интеллект өзінің даму шегіне жетіп, жаңа көмекші интеллигентті қажет еткен кезде ғана қасыңнан табылады. Қазақстанның алдында тұрған тарихи мүмкіндік те осында. Егер біз жасанды интеллектті тек техника не құрал ретінде қабылдамай, оны Бөкетов қалыптастырған ғылыми мәде­ниет аясында, инженерлік педагогикалық парадигма арқылы іске асыра алсақ, онда бұл қадам Қазақстан білімін кезеңдік реформадан өркениеттік даму траекториясымен әлем орбитасына шығара алады.

Бүгінгі әлемдік білім беру жүйесі жасанды емес, табиғи, заңды дағдарысқа ұшырады. Бұл дағдарыстың себебі – технологияда емес, білімнің мазмұны мен оны басқару тәсілінде. Онлайн платформалар, цифрлық құралдар, жасанды интеллект жүйелері қарқынды дамып жатыр, ал педагогикалық сана мен басқарушылық ойлау сол қарқынға ілесе алмай отыр. Нәтижесінде білімде форма көбейді, мазмұн әлсірей бастады. Қазақстан бұл үдерістен тыс емес. 1997 жылдан бері айтылып келе жатқан «білімді информатизациялау» ұғымы толық жүзеге аспай жатып, біз бірден жасанды интеллект дәуіріне өттік. Парадокс мынада: жасанды интеллект туралы көп айтылады, алайда жүйелі пайым деңгейінде үнсіздік басым. Себебі дайын жасанды интеллектіні өз қажетіне пайдалану аса қиын болмаса да, оның ішкі табиғатын, біліммен қалай жұмыс істейтінін, қалай «ойлайтынын» түсіндіру бүгіннің өзінде тіпті маман үшін де оңай емес.

Менделеев химиялық элементтер арасындағы көзге көрінбейтін тектілікті сезді. Сәтпаев жер қойнауындағы заңдылықтарды алдын ала түйсінді. Бөкетов ғылым мен руханияттың ажырамастығын дәлелдеді. Осындай сабақтас­тықта педагогикалық жасанды интеллект те тек технологиялық жаңалық емес, адамзаттың білімді ұйымдастырудағы жаңа интеллектуалдық бетбұрысы ретінде көрінеді. Бір фактіні ашық айту керек: Қазақстандағы педагогтардың 82,1%-ы – әйелдер, ал білім беру басшыларының басым бөлігі – гуманитарлық сала өкілдері. Бұл – кемшілік емес, бірақ жасанды интеллектті енгізу барысында ескерілмесе болмайтын шындық. Себебі жасанды интеллект гуманитарлық ұғым ғана емес. Ол – кибернетика, ал кибернетика матанализден, кванттық физикадан, нейробиологиядан, бионейроинформатикадан, инженериядан, мультимедиа­дан, нейрон және нейрондардың синоптикалық байланыстарынан, метаәлемнен құралған кешенді ғылым. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бұл мәселені 2020 жылғы 1 қыркүйектегі халыққа Жолдауында тікелей әрі ашық түрде көтерді: «Ашығын айтқанда, әлі күнге дейін нақты бір онлайн-платформа жоқ… Толыққанды оқу үдерісі үшін қажетті барлық функциялары бар бірыңғай онлайн білім беру платформасын шұғыл әзірлеу қажет». Арада бес жыл өтсе де, Президент атап көрсеткен талапқа сай бірыңғай ұлттық онлайн білім беру платформасы әлі күнге дейін толық іске асқан жоқ. Бұл жағдайды жекелеген орындаушылардың кемшілігі ретінде ғана түсіндіру жеткіліксіз. Мұнда мәселе – институционалдық сабақтастықтың үзілуінде және инженерлік деңгейде ойластырылған педагогикалық шешімдердің жоқтығында.

Қасым-Жомарт Кемелұлы – гуманитарлық білім иесі болғанымен, кәсіби педагог болмаса да, жасанды интеллекттің білім беру жүйесіндегі болашағын, оның әлеуетін педагогикалық қауымнан бұрын стратегиялық деңгейде терең сезініп, мемлекеттік міндет ретінде қойған тұлға. Бұл – технологияға еліктеу емес, білім жүйесінің болашақ архитектурасын алдын ала көру. Демек, бүгінгі мәселе – жаңа шешім ойлап табу емес, Президент бастамашы болған стратегиялық тапсырманы ғылыми-педагогикалық тұрғыдан дұрыс форматта қайта іске қосу. Үзілген сабақтас­тықты қалпына келтіріп, Президент белгілеген үш жылдық мерзім аясында педагогикалық жасанды интеллектке негізделген бірыңғай ұлттық онлайн білім беру платформасын «под ключ» форматында толық іске қосуға нақты ғылыми база да, жинақталған тәжірибе де, пилоттық нәтижелер де жеткілікті. Бұл жерде балама жол жоқ. Бұл жеке жоба емес. Бұл – Қазақстан білімінің болашағын айқындайтын тарихи стратегиялық таңдау.

Жасанды интеллект білім беру кеңістігіне бұйрықпен де, сәндік элемент ретінде де енбейді. Оны тықпыштау немесе «жедел енгізу» басқару мәдениеті­не де, интеллектуалдық эволюция заңына да қайшы. Мұндай тәсіл нәтиже бермейді, тек кезекті ұран ретінде қалады. ЖИ-дің білімге енуі – сыртқы техникалық әрекет емес, ішкі интеллектуалдық сұраныстың жемісі. Педагог өз кәсібін, пәнін, күнделікті жұмысын ЖИ арқылы жаңа деңгейге көтере алатынын сезінген сәтте, жасанды интеллект интернет, компьютер, смартфон сияқты табиғи түрде орныға бастайды. Осылайша Қазақстан біліміндегі шынайы интеллектуалдық бетбұрыс технологиядан емес, педагогтердің ЖИ құралдарымен жасайтын интеллектуалдық өнімдерінен басталады.

Евней Бөкетов – қазақ ғы­лымының осы желідегі алтын көпірі. Мақалада оның данышпандығы жаңа қырынан көрсетілді: Бөкетов – құбылыс­тың ішкі энергиясымен сөйлесе алған тұлға. Ол еккен «ғылыми дәннің» қалай пісіп жетіліп, ЖИ дәуірінде қайта гүлдеп жатқанын бүгін анық көруге болады. Евней Бөкетов­тің рухани-ғылыми феномені бір маңызды шындықты еске салады: интеллект адамға сырт­тан құйылатын қасиет емес. Интеллекттік әлеуеттің бастапқы коды да, нейрондық мүмкіндігі де адамның миында табиғи түрде бар. Біреуінде ол ерте іске қосылады, біреуінде кейін оянады, кейде мүлде пайдаланылмай жатады, бірақ оның негізі бәрібір іште.

Ал жасанды интеллект қалай пайда болды? Қысқаша айтқанда, ЖИ – Норберт Винер бастаған, Алан Тьюринг тереңдеткен табиғи интеллекттердің эволюциялық өнімі. Бұл тұлғалардың данышпандығы тек есептеу машинасын ойлап табуда емес. Олар адамзаттың бәрі Леонардо да Винчи, Ломоносов, Менделеев, Сәтпаев немесе Бөкетов деңгейінде туа бермейтінін анық түсінді. Демек, бір күні адамның өз интеллектін күшейтетін жасанды серіктес қажет болатынын олар алдын ала сезген. Бүгінгі жасанды интеллект дәуірі – осы алдын ала көрегендіктің нақты дәлелі. ЖИ – технология­лық мода емес, ол адамзаттың табиғи интеллектуалдық сұранысының логикалық жалғасы. Сол себепті ЖИ қазір әлемде құрал ретінде емес, өркениеттік қажеттілік ретінде орнығып келеді. Қазақстан үшін бұл сұранысқа жауап беретін іргелі негіз бар. Ол – инженерлік педагогикалық парадигма. Бұл парадигма ЖИ-ды тәрбиенің, оқытудың және ғылымның табиғи жал­ғасы ретінде қарастырып, оны педагогикалық практикамен жүйелі біріктіретін тұғырнама ұсынады. Сондықтан бұл парадигма – Қазақстан білімінің жаңа интеллектуалдық дәуірге қадам басатын негізгі көпірі.

 Егізбай САҚПАНОВ,

академик, БҰҰ жанындағы ақпараттандыру

академиясының мүшесі

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button