«Жасай бер, қазақ елі!» концерті өтеді

Астанада Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның концерт залында Қайролла Жұмакенов атындағы үрмелі аспаптар оркестрі «Жасай бер, қазақ елі!» атты мерекелік концертін ұсынады. Бұл кеш Қазақстан Республикасының Конституциясына 30 жыл толуына орай өтпек, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Ата Заң – еліміздің басты құндылығы, мемлекетіміздің тұрақтылығы мен бірлігінің негізі. Осы айтулы датаға арналған концертте елге белгілі вокалистер мен талантты музыканттар өнер көрсетеді. Кеш барысында көрерменге патриоттық рухтағы танымал әндер мен үрмелі оркестрге лайықталған классикалық және эстрадалық шығармалардан тұратын мазмұнды бағдарлама ұсынылады.
Концерт шымылдығы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен ашылады. Одан кейін С.Бәйтерековтің «Қазақстан», Е. Брусиловскийдің «Шашу», К. Күмісбековтің «Биші қайың», Ш.Қалдаяқовтың «Бақыт құшағында», «Ақерке – Ақжайық», «Қайықта» сияқты кеңінен танымал туындылар орындалады. Сонымен қатар, Абай Құнанбайұлының өлеңдеріне жазылған шығармалар мен Құрманғазының әйгілі «Адай» күйі оркестр орындауында жаңаша сипат алады.
Кеште өнер көрсететін орындаушылар қатарында Арайлым Рахымқызы, Бибігүл Жанұзақ, Парасат Отан, Алтыншаш Мұқатаева, Ақбота Құснадин, Айдын Жұмабаев, Әкімхан Маженов, Ринат Нұрмахан, Құралай Мейрамбек және Азамат Жылтыркөзов бар.
Концерттің шарықтау шегінде Е.Хасанғалиевтің «Атамекен» әні үрлемелі оркестр, вокалдық солистер және Құрметті қарауыл ротасының қатысуымен орындалмақ.
Кешке Дәурен Рахымғалиев дирижерлік етеді. Оркестрдің көркемдік жетекшісі – Н. Почиталин. Эстрадалық вокал бөлімінің көркемдік жетекшісі – Дана Сатаева. Классикалық вокал бөлімінің көркемдік жетекшісі – Роза Шоткалиева.
Филармония ұжымы ел тарихындағы маңызды белестің бірі – Конституция күніне арналған бұл концерт арқылы Отанға деген сүйіспеншілікті өнер тілімен өрнектемек.
Салтанатты концерт 29 тамызы күні сағат 19:00-де өтеді.