«Жас шекарашы» әскери-патриоттық сыныбы ашылды

Бүгін елордадағы Төлеген Айбергенов атындағы №16 орта мектепте «Жас шекарашы» әскери-патриоттық сыныбы ашылды. Тамаша бастама жас ұрпақты отансүйгіштікке, патриотизмге және әскери қызметті құрметтеуге бағытталған. Мерекелік рәсімге жас шекарашылардың ата-аналары, шетелдік қонақтар, ҚР ҰҚК Шекара қызметінің өкілдері, «Застава тарландары» республикалық ардагер шекарашылар қоғамдық бірлестігінің мүшелері, мектеп мұғалімдері мен оқушылар, БАҚ өкілдері қатысты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Салтанатты жиынның басында ерлік пен өрлік мектебі болып қалыптасатын «Жас шекарашы» әскери-патриоттық клубының мүшелері кәсіби шекарашылар – үш генерал-майордың алдында ант берді. Одан кейін клубтың туын «Застава тарландары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, генерал-майор М. Сабидолданов қабылдап, мектеп директоры Сәуле Әзімхановаға тапсырды. Жылышырайлы құттықтаулардан соң оқушылар «Жас шекарашы» әнұранын шырқады. Одан әрі мектеп ауласындағы «Шекара қалашығы» оқу-тәжірибелік нысаны мен заманауи жабдықталған әскери-патриоттық сыныптың ашылуы өтті. Мектептегі мерейлі күнге арнайы Түркиядан келген әуесқой суретші Нұрлан Ахметов ақынның қызы Айнар Төлегенқызының өтінішімен өз қолымен салған ақын Төлеген Айбергенов пен әнші Димаш Құдайбергеннің суреттерін Сәуле Мыңшалқызына құрметпен табыс етті. Ол Димаштың 30-ға жуық суреттерін салыпты.
Төлен ТІЛЕУБАЙ