ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты
Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтында (ҚСЗИ) Конституциялық комиссия мүшелері мен жас сарапшылардың қатысуымен «Конституциялық реформаның негізгі қағидалары: ұрпақтар сабақтастығы» тақырыбында диалог алаңы өткізілді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Спикерлер ретінде Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы ҚСЗИ директоры Жандос Шаймарданов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Юлия Кучинская, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің сапаны қамтамасыз ету және ішкі бақылау жөніндегі проректоры – Басқарма мүшесі Индира Рыстина, саясаттанушы Талғат Қалиев, сондай-ақ «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының президенті Қарлығаш Жаманқұлова сөз сөйледі. Іс-шараға ҚСЗИ-дың жас сарапшыларды қолдау бағдарламасы түлектері, ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының қызметкерлері, ҚР Парламенті Сенаты жанындағы Аналитика мектебінің қатысушылары, сондай-ақ елдің жетекші зерттеу орталықтарының өкілдері қатысты.
Кездесу сұрақ-жауап сессиясы форматында өтті. Талқылаудың орталығында – экологиялық мәселелер, азаматтардың тұрғын үй құқықтарын қорғау, ұлттық және халықаралық құқық арасындағы қатынас, Конституцияны енгізу бойынша өтпелі кезең, сондай-ақ жаңа саяси институттар: Қазақстан Халық Кеңесі, Құрылтай және Вице‑Президент болды.
Жас сарапшылардың жаңа Конституция жобасында экологиялық қауіпсіздікті бекіту туралы сұрағына жауап бере отырып, ҚСЗИ директоры Жандос Шаймарданов құжатта азаматтар мен мемлекет үшін кешенді міндеттер белгіленгенін атап өтті.
Ол табиғатты құрметтеу міндетін, мемлекеттің қоршаған ортаны қорғау жөніндегі стратегиялық мақсатын және адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін ақпаратты жасырғаны үшін лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін белгілейтін ережелерге назар аударды.
«Азаматтарға да, мемлекеттің өзіне, мемлекеттік органдарға, соның ішінде бизнес өкілдеріне де тікелей жауапкершілік жүктейтін нормалар бар», – деді Ж. Шаймарданов.