Жас құрылысшы

Биыл Жұмысшы мамандықтары жылы деп жарияланғаны белгілі. Бұл қадам елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының басты факторларының бірі – білікті мамандарды дамытуға бағытталған. Осыған орай, еліміздің түкпір-түкпірінде жұмысшы кәсіптерінің рөлін күшейтуге екпін қойылып отыр. Жастардың басым бөлігі осы өмірге қажетті кәсіптерді игеріп, тәжірибелі маман болуға мойын бұрды. Elordainfo.kz тілшісі солардың бірі, алғашқы еңбек жолын құрылыс саласынан бастаған жас маман, Астана тұрғыны Мейрамбек СҰЛТАНБЕКОВПЕН жұмыс барысында тілдескен еді.
Мейрамбек Әбдумүтәліпұлы 2006 жылы Астана қаласында дүниеге келген. Биыл Астана Политехникалық жоғарғы колледжін «Ғимараттар мен құрылыстарды салу және пайдалану» мамандығы бойынша тәмамдап, құрылыс мекемесіне жұмысқа орналасты.
«Осы мамандықты таңдауыма әкем себепкер болды. Ол мен еңбек ететін компанияда бригадир болып жұмыс істейді. Тағы бір қызығы, біздің нысанның басшысы мен оқыған колледжде білім алған, кураторымыз бір. Сонымен қатар қызметінде жетістіктерге жетіп жүрген ағаларымды үлгі тұтамын. Мен де осындай өз ісінің білгір маманы, ортасына сыйлы болып жүрген жаныма жақын адамдардай болғым келеді» деген ішкі ойын бөлісті кейіпкеріміз.
Мейрамбек Сұлтанбеков қазір құрылыс-монтаж жұмыстары шебері болып жұмыс істейді. Маман әріптестеріне бағыт-бағдар беріп, жұмыстың сапалы жүруін қадағалайды.
«Жоба бойынша берілген сызбаларды жұмысшыларға өзім оқып, түсіндіремін. Сондай-ақ материалдардың шығынын есептеп, артық ысырап болмауын және қауіпсіздік шараларын бақылап жүремін. Бұл – менің алғашқы еңбек жолым. Басында қиындау болды, алайда білікті мамандардан тәжірибе жинап, тез үйреніп кеттім. Ұжым ұйымшыл болғандықтан, жұмыстың қиындығы білінбей кетеді. Мысалы, сантехник құбырларды қалай жүргізуді үйретсе, электрик ток желілерін қалай қосып, қайтіп ажырату керек екенін көрсетті» дейді ол.
Жас маман таңдаған мамандығы мен қазіргі жұмысы көңілінен әбден шығатынын айтты. Оның айтуынша, мұнда жұмысшылардың алаңсыз еңбек етуіне қолайлы жағдай жасалған.
«Еңбекақымыз кешікпей түседі, зейнетақы жарнасы да тұрақты түрде қорға аударылады. Түскі ас пен кешкі ас тегін. Сыйақылар да төленіп тұрады. Ұжымымыз тату. Жұмыс істеймін деген адамға басқа не керек?!» дейді ол.
Кейіпкеріміз студент кезінде іс-тәжірибеден өткен қазіргі сүйікті жұмыс орнында ерте тұруды, жас болса да өзіне үлкен жауапкершілік алуды және ең бастысы айналадағы адамдармен тіл табысуға үйренгенін мақтанышпен айтты.
«Болашақта құрылыс инженері немесе прораб болғым келеді. Мақсатым – еңбек жолымда сапалы және қауіпсіз ғимараттар салуға үлес қосу» дейді жігерлі жас маман.
Салтанат МҰРАТҚЫЗЫ