Жас өнертапқыштың табысы

Астанадағы №73 мектеп-лицейінің 9 «Б» сынып оқушысы Дінмұхаммед Жақашев күн энергиясымен жұмыс істейтін автоматты тамшылатып суару жүйесін ойлап тапты. Шәкірттің бұл өнертабысы ауыл шаруашылығында, жеміс-жидек пен көкөніс өсіруде қолдануға арналған.
Бізбен әңгіме барысында жас өнертапқыш еліміздегі жеміс-жидек өнімдерінің басым бөлігі шетелден келетініне қынжылатынын айтты.
«Жалпы, Қазақстанның жері ауыл шаруашылығына өте қолайлы. Соған қарамастан, жеміс пен көкөністің көп бөлігі сырттан әкелінеді. Ел ішінде олардың өндірісін арттыру үшін ең алдымен тамшылатып суаруды жолға қою, жылыжайлар мен қоймалар салу, логистикалық жүйеге көңіл бөлу қажет. Жеміс-жидек өсіруге елімізде барлық жағдай бар. Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау облыстары елді толықтай мол өніммен қамти алады. Егер бізде бақша өнімдерін көптеп өсірсе, бағасы да әлдеқайда арзан болар еді. Бұл ауыл шаруашылығының дамуына оң әсер етіп, экономикамызды көтереді» дейді оқушы.
Жетекшісі Сәуле Айнамқұлованың айтуынша, оқушы өз жобасын бір айдың ішінде жасап шыққан. Бұл өнертабыс алыс, қуаң аймақтардағы мал шаруашылығын дамытуға, егістік пен жайылымдарда жем-шөп тапшылығының алдын алуға бағытталған.