Білім

Жас математиктердің білім бәйгесі

Елімізде дарынды жастардың шыңдалуына мүмкіндік беріп, жас ғалымдарды тәрбиелейтін бірегей алаңдар баршылық. Солардың қатарындағы «FEMO International» халықаралық математикалық олимпиадасы – әлемдік деңгейдегі айрықша білім додасы. Осы орайда аталмыш олимпиаданың ұйымдастыру комитетінің төрағасы Әсет Алтыбаевпен сұхбаттасқан едік.

– Әсет Мырзабекұлы, «FEMO» олимпиадасын өткізуге не түрткі болды?

– «FEMO International» – бұл бастауыш сынып оқушыларына арналған халықаралық математика олимпиадасы. Ол алғаш рет 2017 жылы Астанада өтті. Басты мақсатымыз – 1-6 сынып оқушыларына математика әлемін тереңірек тануға, бәсекелестік рухын сезінуге және интеллектуалдық деңгейде өз күштерін сынауға мүмкіндік беру. Сол кезден бастап «FEMO» шағын мектепішілік жарыстан халықаралық ауқымды іс-шараға айналды.

– Бүгінде олимпиадада бағын сынауға қанша оқушы қызығушылық танытты?

– Биылғы жылы өткен екі іріктеу кезеңіне 19 елден 6000-нан астам оқушы қатысты. Ал финал Бакуде өтті және оған Қазақстан, Әзербайжан, Германия, Индонезия, Ұлыбритания, БАӘ, АҚШ, Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан, Беларусь және басқа да елдерден келген 430-ден аса оқушы жиналды. Жыл сайын өзге елдер мен мектептер тарапынан қызығушылық артып келеді.

– «FEMO» олимпиадасының басқа сайыстардан қандай ерекшелігі бар?

– Біріншіден, біз бастауыш сынып оқушыларына баса назар аударамыз. Бұл кезең баланы оқытып қана қоймай, шабыттандыруды қажет ететін аса маңызды уақыт. Екіншіден, олимпиада тапсырмаларын халықаралық математиктер мен педагогтар командасы дайындайды. Олар өз кезегінде сыни ойлау қабілетін талап етеді. Үшіншіден, біз үшін оқушылардың сайыстан алатын әсері де маңызды. Нәтижесінде олимпиаданың финалы әрдайым білімнің, достықтың және мәдени алмасудың мерекесі ретінде өтеді. Сол себепті финал Халықаралық балаларды қорғау күніне орайластырылып өткізіледі.

– Финалдың ерекшелігі қандай? Толығырақ айтып өтсеңіз.

– Финалдың бір ерекшелігі – оның екі кезеңнен тұратындығы: жеке және командалық тур. Жеке турда оқушылар тапсырмаларды өз бетінше шешеді. Ал командалық тур – олимпиаданың ерекше форматы. Әр командаға 5-ке дейін әртүрлі елдерден келген балалар топтастырылады. Олар бір тілде сөйлемесе де, бірлесіп жұмыс істеуге тырысады. Бұл шынайы бірлескен жұмыстың, мәдениетаралық қарым-қатынастың тамаша үлгісі. Тапсырманы шешу үшін олар сурет салып, ым-ишарамен көрсетіп, ағылшынша сөйлеуге тырысады.

– Олимпиадағы қатысты жоспарлармен бөліссеңіз.

– Біз олимпиаданың ауқымын кеңейтуді көздейміз. Жаңа мектептер мен елдерді тартып, өңірлік іріктеу кезеңдерін өткізуді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, осы олимпиада арқылы шеберлік сабақтары, ғалымдармен кездесулер, математикалық лагерьлер ұйымдастыруды да – алдағы мақсаттарымыздың бірі. FEMO – бұл жай ғана олимпиада емес, бұл – халықаралық математикалық қауымдастық.

– Олимпида қатысушыларына қандай кеңес бересіз?

– Балалардың ата-аналарына айтарым, қиындықтардан қорықпай, олардың өз мүмкіндіктерін сынап көруге мүмкіндік беру керек. Бала математик болмаса да, олимпиадаға қатысу логикалық ойлауды, шешім іздеуді, баланың өзіне деген сенімділігін қалыптастырады.

  • Әңгімеңізге рақмет!

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button