Қоғам

Жас ата-аналарға арналған семинар өтті

Қазақстанда қыркүйектің екінші жексенбісінде Отбасы күні аталып өтеді. Мереке қарсаңында елордада жас ата-аналарға арналған «Саналы ата-ана» атты семинар ұйымдастырылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Іс-шараны «Қазақстан Даму қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі мен «Менің жаңғыруым» орталығы елордалық Жастар саясаты басқармасының қолдауымен өткізді. Семинарды отбасылық психолог Альвина Юсупова жүргізіп, әрбір ата-ананы толғандыратын мәселелерді қарапайым әрі түсінікті тілде түсіндіріп берді.
Қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, жеке тәжірибелерімен бөлісті.

«Біздің орталық 2012 жылы отбасы институтын қолдау мақсатында құрылды. Психологиямен айналыса бастағанда байқағаным – бәрі отбасыдан бастау алады. Бала қандай ортада өссе, болашақта өмірін де солай құратыны жиі кездеседі. 2021 жылы біз Отбасылық бақыт институтын аштық. Алдымен бізге Сарыарқа ауданының әкімдігі қолдау көрсетті.
Жұмысымызды жас жұбайлардан бастадық: АХАЖ-да кезекшілік жасап, оларды тренингтерге шақырдық. Келесі бағытымыз – дағдарыс кезеңіндегі отбасыларға көмек көрсету. Қиындыққа тап болған жұптарға тренингтер мен кеңестер өткіземіз. Себебі отбасы өміріндегі дағдарыстар бұрын да болған, қазір де бар, болашақта да болады. Үшінші бағытымыз – ажырасу процесіндегі отбасыларға қолдау көрсету. Біз отбасылық сотпен тығыз жұмыс істейміз. Ерлі-зайыптылар ажырасуға арыз берген кезде, судья оларды бізге тегін кеңес алуға жібереді. Сол жерде олар қарым-қатынасты сақтап қалуға дайын ба, әлде шешімдері түпкілікті ме, соны талқылап, ой елегінен өткізе алады. Сонымен қатар, бала қайда тұратыны немесе онымен кездесудің тәртібі жөнінде сотқа қорытынды ұсынамыз. Астанада мұндай жұмыс істеуге рұқсат берілген үш орталық қана бар, соның бірі – біздің орталық», – деді спикер.

Семинар қатысушылары сенімді қарым-қатынасты қалай қалыптастыруға болатынын, заманауи қарбаластың ішінде де отбасындағы жылулықты қалай сақтап қалу жолдарын, қарапайым қадамдар арқылы шаңыраққа қайта-қайта оралғың келетін атмосфераны қалай құруға болатынын талқылады.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button