Қоғам

Жарнама жалықтырмасын!

«Егемен Қазақстан» газетіне шыққан «Жарнама жалықтырып жіберді» деген мақала көпшіліктің көкейіндегісін қозғады деп ойлаймын. Мұны өзім де жазуды ойлап жүретінмін. Алайда біздің айтқанымызды, жазғанымызды елең қылатын жауаптыларды байқамай жүрмін. Теледидардың жүгіртпе жолдарында қателер жиі кетіп жатады. Бұл туралы «Астана ақшамы» газетіне бұрынырақ бір мақаламда жазған едім. Бірақ жағдай әлі сол қалпында, ештеңе өзгерген жоқ.

Президентіміз қанша айтса да, «еститін Үкімет» кейбір салада болмай тұрған сияқты. Жарнаманың керек екені түсінікті, бұл да кәсіпкерліктің бір құралы. Бірақ оны тиімді де ықшам етіп берген дұрыс болар еді. Ол, біріншіден, халыққа керек, екіншіден, қаржы көзі. Қазір теледидарда «Көршінің қызы» деген телесериал жүріп жатыр. Соны зайыбым екеуміз көреміз. Бірде әдейі отырып уақытын анықтадым. Фильмнің ұзақтығы – 50 минут, соның үштен бір уақыты жарнамаға кетті. Жиі-жиі жарнама болған соң не көріп отырғаныңды ұмытып қаласың, онымен қоса біздің алтын уақытымызды жеп қояды. Қазіргі уақытта теледидарды, негізінен, «күміс жастағылар» мен зейнеткелер көреді. Жастар мен ересектер көп көрмейтін сияқты, өйткені олардың телефоны, интернеті бар. Құр сөзбен тәрбие нашар дейміз, іске келгенде оны байқамаймыз. Бұқаралық ақпарат құралдары тәрбиенің ошағы болуы керек қой. Көбіне телеарналар төтенше жағдайларды, ұрыс-төбелесті негізгі тақырыбы ретінде көрсетеді. Тәрбиенің нашарлығынан, тиімсіздігінен жастар арасында түсінбеушілік жиі кездеседі. Қазір ақпарат кеңістігінде ажырасу, зорлық-зомбылық сияқты келеңсіз жағдайлар туралы жиі жазылып, теледидардан көрсетіледі. Алайда одан жағдай жақсарып жатқан жоқ. Бұрынғы «ұят болады», «обал болады», «еңбек ет», «кісінің ала жібін аттама» деген мағынадағы сөздерді отбасында да, оқу орнында да, жалпы қоғамдық орындарда жиі қолданбаймыз. Үлкенге құрмет, кішіге ізетті кейбіреуі ұмытқан. Тәрбиені құрғақ сөзбен емес, іс жүзінде көрсетуіміз қажет. Жақсы тәрбие алған жастың қоғамдағы орны да, еңбегi де ойдағыдай болады. Бұқаралық ақпарат құралдарын осыған бағыттаған дұрыс болар. Жарнама қаржы табуды емес, көрермен оқушыны тәрбиелеуге бағытталса, ұтарымыз көп. Жалпы жарнаманы телефон мен интернетке ауыстырса да дұрыс, керек адам іздегенін содан тауып алады ғой. Теледидар басшылары біздің осы ұсыныстарымызды қабылдап, жарнаманы тиімді пайдаланудың басқа да жолдарын қарастырады деп ойлаймыз.

Еркін ДӘУЕШҰЛЫ,

зейнеткер

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button