Жарнама тақтайшаларын заңсыз алу фактілері талқыланды

Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасында кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Кеңестің отырысы өтті. Жиында жергілікті атқарушы органдар тарапынан жарнамалық тақтайшалар мен конструкциялардың заң талаптарын бұза отырып алынуы қаралды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Жыл басынан бері Кәсіпкерлер палатасына «Астана-Жарнама» КММ әрекеттеріне қатысты көптеген өтініш келіп түскен. Кәсіпкерлер негізсіз демонтажға, сондай-ақ ұсынылған эскиздердің келісілмей кері қайтарылуына шағымдануда. Бизнес-қауымдастық заңнама нормаларының өрескел бұзылуы, құқықтарының шектелуі және келтірілген материалдық залал жөнінде мәлімдеп отыр.
Мысалы, 11 шілде күні 1995 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Dega Optical» оптика дүкені маңында орын алған жағдай – соның айқын көрінісі. Кәсіпкердің айтуынша, қалалық әкімдік өкілдері арнайы техникамен келіп, демонтаж жүргізілетінін хабарлаған. Алайда, ешқандай ресми ескерту, нұсқама немесе заңды негіздер ұсынылмаған. Бұған дейін, 2024 жылы бұл маңдайшаға қатысты ескертулер болған, олар кәсіпкер тарапынан жедел түрде жойылған.
Ұқсас жағдайға «Mega Optics Astana» ЖШС өкілі Динара Дюсекенова да тап болды. Оның айтуынша, дүкендерінің маңдайшалары жыл сайын алынып тасталады, ал компания эскиздерді «Астана-Жарнама» КММ арқылы бірнеше рет келісуге тырысқан. Кәсіпкердің айтуынша, аталған дизайн-код заңда белгіленген тәртіппен бекітілмеген.
«Құжатта нақты алдын ала ескерту жасау, ресми нұсқама табыстау және оны орындау үшін нақты мерзім белгілеу талабы туралы жазылған. Ал демонтаж тек сот шешімі негізінде жүзеге асырылуы тиіс» деді қалалық Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Гүлжайна Пернебай.
Кеңес қорытындысы бойынша Астана қаласының прокуратурасына айтылған фактілер бойынша кешенді тексеру жүргізу ұсынылды. Егер заң бұзушылықтар анықталса, кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тарту жөнінде шаралар қабылдау ұсынылды.