Басты ақпаратРуханият

Жаралы жылдар зардабы

Қазақ халқы талай зұлмат замандар мен нәубеттерді, әсіресе кеңес өкіметінің тұсында бірнеше алапатты бастан өткерді. Соның бірі 1921-1923 жылдардағы ашаршылық еді. Қыста қардың, көктем мен жазда жауынның болмауы қатты құрғақшылықты, оның салдары аштық нәубетін әкелгені анық. Алапат аштықтың қасіреті, зұлмат жылдардың зардабы туралы Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивінің әлеует­ті зерттеулер орталығының жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, М.Қозыбаев атындағы СҚУ-нің құрметті профессоры Зирабүбі Маймаққызы Төленовамен сұхбаттасудың сәті түсті.

– ХХ ғасырда халқымыз­дың басына түскен қайғылы оқиғалар туралы еске алудың өзі оңай емес. Ресми мәліметтерге сүйенсек, 1921 жылдың күзіне қарай бүкіл ел бойынша 20 миллионнан астам адам аштыққа ұшырағаны белгілі. Аштықтың шығу себептері мен салдарына, онымен күрес барысындағы үкімет тарапынан жүргізілген іс-шараға терең талдау жасалды. Әңгімені осыдан бастасаңыз.

– Орталық мемлекеттік архивтің Әлеуетті зерттеулер орталығының бір топ ғылыми қызметкерлері директор, тарих ғылымдарының кандидаты С.Қ.Шілдебайдың басшылығымен «Қазақстандағы ашаршылық. 1921-1923» атты екі томдық құжаттар мен материалдар жинағын даярладық. Басылымда бұл зұлмат еліміздің тек 5 губерниясы мен 1 уезін ғана емес, кеңестік Ресейдің 30-дан астам губерниясын қамтығаны, осы нәубеттен әсіресе Ресейдің Самара және Саратов губерниялары, Поволжье, Оңтүстік Украина, Қырым, Башқұртстан, Приуралье және Батыс Сібір аймақтары қатты зардап шеккені, ашаршылық жайлаған 35 губернияны мекендеген 90 миллион халықтың 33 миллионы (ресми мәліметтерде 22 558 550 адам) аштықтың ауыр зардабын тартса, оның 5 миллионнан астамы алапат аштықтың құрбанына айналғаны жөнінде архив құжаттары негізінде кеңінен баяндалды.

Ал осы нәубет туралы құжаттар мен материалдар жинағында қарастырылған 1921-1922 жылдары Қазақстанда жайлаған ашаршылық тарихы отандық тарихнаманың осал тұстарының біріне жатады. Бүгінгі таңға дейін 1921-1922 жылдардағы ашаршылық пен оның салдарынан өрши түскен жұқпалы аурулар және індеттерден қайтыс болған адамдардың санын нақты анықтаған бірде-бір зерттеу жұмысы жоқ, бұл тақырып кешегі кеңес тарихнамасында да дұрыс қарас­тырылмаған. Зерттеушілер Азамат соғысынан кейін болған 1921-1922 жылдардағы ашаршылықтың басты себептері ретінде кеңес өкіметін орнату жолындағы күрес барысында шаруашылықтың күйреуін, әскери коммунизм саясатын, ауа райының қолайсыздығынан болған қуаң­шылықты, азамат соғысының қиыншылықтарын, билік тарапынан кеткен эконономикалық қателіктердің салдары болғанын баса көрсетеді.

Қазақстандағы аса ауыр жағдайға қарамай, Орталықтағы большевиктік билік ашаршылыққа ұшыраған өзге де ұлттық республикалар мен губернияларға көмек көрсетуді Қазақ АКСР басшылығынан талап етті. Өз елінде ашаршылықтың дендеп, етек алып бара жатқанын көріп-біліп отырған ҚАКСР билігі шұғыл шешімді қажет ететін екі мәселенің де шешілу жолдарын қарастырды. Peceйгe ішінара көмек жасағанымен, ел ішіндегі жағдайды реттеуді бірінші кезекке қойды.

1921 жылдың 15 наурызында өткен РК(6)П Х съезінің салғыртты салықпен алмастыру жөніндегі қарарын негізге ала отырып, осы жылдың 11-18 маусымында болған облыстық І партконференция азық-түлік салғыртын салықпен алмастыруды бірауыздан мақұлдады.

Осылайша, азық-түлік салғыртының салықпен алмастырылуы барысында барлық өнімдерге қатысты салық мөлшерін белгілеген құжаттар қабылданып, сол мөлшер бойынша шаруаларға салық төлету міндеттелді. Жеуге азық, малын асырауға шөп таба алмай қиналған қазақ шаруалары үкімет белгілеген салықты төлеуге шамасы келмеді. Соның өзінде, тек Жетісу облысынан 1 652 645 пұт астық, 293 040 пұт тары, 2 876 пұт кептірілген жеміс, 77 458 пұт тұқым, 520 864 мал басы жинап алынған. Осындай елдегі ауыр жағдайға қарамастан үкімет шаруаларды салықтан босатпады, керісінше төпелеп бірінің үстіне бірін салып, оларды салыққа әбден кіріптар қылып қойды.

Қазақстандық тарихнамада аштық мәселесінің себептері мен зардаптарын қарастырған М.Қозыбаевтың еңбектері жоғары бағаланады. Академик өзінің ғылыми тұжырымдары мен ұстанымдарын мерзімді басылымдарда жарияланған мақалалары мен газет тілшілеріне берген сұхбаттарында ашып көрсетуге тырысқан. Оның есебінше, 1921-1922 жылдардағы аштық қазақтарды үлкен демографиялық апатқа ұшыратқан. 1922 жылдың наурызында Қазақстанның батыс және солтүстік аймақтарында 2 миллион 350 мың адам аштыққа ұшырап, олардың көбі өлген. Үкімет тарапынан көрсетілген көмек тек қала тұрғындарына ғана жеткізілгенін айта келіп, М.Қозыбаев ол тұста қалаларда қазақтардың екі пайызының ғана орныққанын, ал дені ауылдарда тұратынын жазады. М.Қозыбаев кейбір деректерде Орталық Қазақстанға төніп тұрған аштық апатын орталық басшылығы дер кезінде көріп, мән бермегендігін, тіпті Орталықтан келген азық-түлік жинаушы Ф.Дзержинскийдің отрядтары Түркістан республикасы, Ақмола, Семей губерния­ларындағы еңбекшілердің қолындағы астықты артық деген желеумен күшпен алып келгендігі туралы.

Профессор Т.Омарбеков Қазақстандағы 1921-1922 жыл­дардағы ашаршылықтың шығуына себеп болған азамат соғысының кесірінен қазақ даласындағы шаруашылықтардың күйзеліске ұшырауы және табиғи апат, қолайсыз ауа райының салдарынан туған жұт әсері деген жалпы тұжырымдармен келіспейді. Тарихшының пікірінше, бұл ашаршылықтың шығуына ауа райының қолайсыздығы емес, азамат соғысының тұтануынан кейін болған шаруашылықтың күйзелуі, большевиктердің біржақты саясат жүргізуі себеп болған.

Қазақ жеріндегі XIX ғасыр мен XX ғасырдың 20-жылдарындағы жұт пен ашаршылық нәубеті туралы архивтің бұ­рын ғылыми айналымға енбеген құжаттары негізінде жазылған С.Смағұлованың «Ашаршылық қасіреті» атты монографиясы – іргелі және алғашқы зерттеулердің бірі. Зерттеуші сол кезеңдегі қазақ қоғамындағы саяси жағдайларға, 1921-1922 жылдардағы аштықтың шығу себептері мен салдарына, аштықпен күрес барысындағы үкімет тарапынан жүргізілген іс-шараларға терең талдау жасайды. Сондай-ақ аштықпен күрес кезіндегі және зұлматты ауыздықтаудағы қазақ зиялыларының жанкешті қызметіне, көмек қолын созған шетелдік ұйымдардың жұмыстарына да жан-жақты тоқталады.

– Зирабүбі Маймаққызы, 1921-1923 жылдардағы ашаршылықтың Қазақ­станға тигізген зардабының қаншалықты қиын болғанынан хабардармыз, соның ішінде Ақмола өңірі бойынша аштыққа ұшырағандардың саны қанша?

– Авторлар 1920 жылы және 1926 жылы жүргізілген халық санағының мәліметтеріне жүгіне отырып, 1920 жылдың 28 тамызына дейін жүргізілген демографиялық санақ бойынша Қазақстанда (сол кездегі ТАКСР құрамындағы жерлерді қоспағанда) барлығы – 4 781 263 адам (қалалар мен қала түріндегі поселкелерде – 402 751 адам; теміржол жолағына алынған жерлерде – 18 695 адам; ауылдық жерлерде 4 359 817 адам) болған.

1920 жылы қазанның соңына дейін жүргізілген ауылшаруашылық санағы бойынша ҚАКСР бойынша 4 369 650 адам ауылдық жерлерде есепке алынған. Жоғарыдан көріп отырғанымыздай, екі санақтағы айырмашылық 9 833 адамға тең. Сол сияқты, 1920 жылы екі санаққа да кірмей қалған, яғни санақ уақытында уақытша жоқ болған көшпелі халықтың саны 157 120 адамға тең болған. Осы айыр­машылықтардың барлығын қоса есептегенде, ҚАКСР Орталык статистикалық басқармасының мәліметі бойынша, 1920 жылдың күзінде ҚАКСР-де барлығы 4 938 383 адам есепке алынған. Әртүрлі себептермен есепке алынбай қалғандар мен ҚАКСР аума­ғындағы әскери бөлімдердегі (оның саны бізге белгісіз) адам санын қоса есептесек, 1920 жылдың күзінде ҚАКСР аумағында шамамен 5 миллион­нан кем емес адам болды деген қорытынды жасаймыз.

1923 жылы ҚАКСР-дегі халық саны 3 786 910 адам болған. Бұдан 1920-1923 жылдар аралығында ҚАКСР-де халық санының 1 151 473 адамға кемігенін байқаймыз. Осы мәліметке қарасақ, шамамен алғанда азайған 1 151 мың халықтың қаншасының аштықтан, қаншасының жұқпалы аурулар мен індеттерден қайтыс болғанын, қаншасының көршілес республикаларға босып кеткенін терең зерттеп, нақтылау қажет деген қорытындыға келуге болады. ҚАКСР Орталық Атқару Комитеті жанындағы Ашыққандарға көмектесетін төтенше комиссияның төрағасы С.Меңдешев қазақ даласында басталған ашаршылықты былайша сипаттаған: «1921 жылы мамыр­да егістік түрі қолайлы болды және астық түсімі орташа немесе орташа деңгейден төмен болмайды деп күтілді, бірақ шілдеде басталып ұзаққа созылған құрғақшылық, содан кейін көптеген жерлерде қара бұлттай қаптаған шегірткелер толқыны егінді толығымен жойды.

Қырреспубликадағы аштықтың алғашқы сәті шаруаларды жаппай қоныс аударумен, мұқтаждыққа ұрынған аш босқындардың қалаларда шоғырлануымен қатар жүрді, олардың арасында ауру мен өлім етек алды. Көшеде қарау­сыз қалған көптеген киімсіз балалар пайда болды. Аштыққа байланысты, 1921 жылы 15 шілдеде қызметіне кіріскен ҚазОАК жанындағы АКОК құрылды. Орталық комиссия аштыққа қарсы күрес жөніндегі жоспарды дайындауды жоне халкоматтардың аппараттарын пайдалана отырып оларға тапсырмалар беру басшылығын ұйымдастыруды өз мойнына алды».

1921 жылы 25 қазанда Қаз­ОАК төралқасы АКТК құрамын кеңейтіп, оны Ашыққандарға көмектесетін орталық комиссияға айналдырды. Оның құрамына ашыққандарға көмектесуге ықпал жасай алатын барлық мемлекет­тік билік органдарының өкілдері енгізілді. 1921 жылдың қарашасына қарай респуб­лика бойынша ашыққан адамдардың саны 1 558 927 адамға жетті.

Қазақ даласында басталған ашаршылықтың бірнеше себебі болды. 1921 жылдың көктемінен бастап ұзаққа созылған құрғақшылықтың салдарынан астық пен шөптің күйіп кетуі ең негізгі себептердің қатарына жатады. Ал Қазақ АҚСР аумағын 1918-1920 жылдары қамтыған азамат соғысы, 1920 жылы астық пен шөптің шықпай қалуы, 1920 және 1921 жылдары малдың жұтқа ұшырауы республиканың ауыл шаруашылығын қиратып, ашаршылықтың алғышартына айналды.

Сонымен бірге, кеңес өкіметі жүргізген әскери коммунизм саясаты шаруалардың еңбекке деген ынтасын күрт төмендетіп, егістік көлемі мен мал басының жаппай кемуіне ықпал етті. Мысалы, 1917 жылы Қазақстандағы егістік көлемі 5 840 000 десятина болса, 1920 жылы 3 075 000 десятинаға, 1921 жылы 2 098 000 десятинаға тең келді. Демек, 1917 жылдан 1920 жылға дейін егіс алқабы 20%-ға, 1917 жылдан 1921 жылға дейін 47%-ға қысқарған. Сондай-ақ 1917 жылы 29 700 000 бас мал болса, 1920 жылы – 9 700 000 бас малға, 1921 жылы 6 200 000 бас малға дейін азайған. Яғни, 1917-1920 жылдар аралығында малдың азаюы – 67%, 1917-1921 жылдары 83% құраған. Егер аштыққа ұшыраған 5 губернияны жеке алып қарасақ, егіс алқабы 1917-1920 жылдары 24%-ға, 1920-1921 жылдары 33%-ға және 1917-1921 жылдары 55%-ға қысқарғанын, 1917 жылдан 1920 жылға дейін мал басының 60%-ға, 1920 жылдан 1921 жылға дейін 46%-ға және 1917 жылдан 1921 жылға дейін 78%-ға кемігенін көреміз. Бұл деректер ауыл шаруашылығындағы апатты жағдайды айқын көрсетіп тұр.

1922 жылдың қаңтарына дейінгі аймақтардың мәліметтері бойынша аштыққа ұшырағандардың жалпы саны 1 476 985 адам (ересектер – 927 593, балалар – 158 392), соның ішінде Акмолада 92 000 ересек, 9 670 бала болды.

– Тарихтан білетініміздей, 1921 жылдың жазында бас­талған аштық қара күзде күшейіп, қысқа қарай күн өткен сайын ашыққан адамдардың қатары кебейе бастады. Бұл өз кезегінде онсыз да індет шарпыған Қазақ өлкесіндегі санитарлық-эпидемиялық жағдайды одан бетер қиындатып жіберді емес пе?

– Иә, аштық әлсіреткен адамдар жаппай босып, теміржолдардың бойына және қалалар мен поселкелерге ағыла бастады. «Жұт – жеті ағайынды» демекші, аштықтан иммунитеті төмендеген халық арасында жұқпалы аурулар мен індеттер өрши түсті. ҚАКСР АКОК-нің «Қырреспубликадағы ашыққандарға көмек жұмысы туралы» 1922 жылдың 30 сәуірінде жасалған қорытынды баяндамасында 1921 жылдың 20 қарашасы мен 1922 жылдың 26 наурызы аралығындағы ауырғандар мен қайтыс болғандардың статистикасы төмендегіше келтіреді: 1921 жылдың күзі мен 1922 жылдың басындағы ҚАКСР-дегі ауырғандар мен олардағы өлім-жітім деңгейі ашаршылық жайлаған 5 губерниядан келіп түскен мәліметтер негізінде жасалған. Атап айтсақ, 1921 жылғы 20 қарашадан 4 желтоқсанға дейін 810 адам ауырып, оның 290-ы қайтыс болса, 31 желтоқсанға дейін ауырған 4 221 адамның 1 719-ы көз жұмған. 1923 жылғы 1 қаңтардан 29 қаңтарға, 29 қаңтардан 26 ақпанға дейінгі аралықта ауырғандардан қайтыс болғандар көп. Ал 26 ақпаннан 26 наурызға дейін 4 975 адам ауырса, қайтыс болғандар саны 10 011 адамды құрады.

Осы жылдары ел ісіне белсене араласып, жергілікті халықтың ауыр халін өз көзімен көрген М.Әуезов «…аштықтан құтқару үшін дәл қазір шұғыл шара қолданылмаса, онда Қазақ республикасы қазақсыз қалады» дегенді бекер айтпаған болуы керек. «Қазақ тілі» газетіне ең бірінші болып, қазақ жерінде аштық басталғандығы жөнінде дабыл қаққан жазушы аштықтан құтылудың бірден-бір жолы егін салу екенін ескертеді.

Ашыққандарға көмектесетін орталық комиссия 1922 жылы 26 қыркүйекте таратылып, оның орнына Ашаршылық салдарымен күресетін Орталық комиссия құрылды. Ол өз қызметін 1922 жылы 15 қазанда бастады. «ҚазОАК жанындағы ашаршылық салдарымен күрес жөніндегі орталық комиссия туралы ережеде» былай делінген: «1922 жылы 27 қыркүйекте БОАК жанындағы АшкөмОК-нің Пленумы бекіткен ашаршылық салдарымен күрес жөніндегі жергілікті комиссиялар туралы бекітілген ереженің негізінде қираған ауылдардағы мал шаруашылығын қалпына келтіруге жәрдемдесу және халықтың қамтамасыз етілмеген санаттарына, бірінші кезекте, ашаршылықтан зардап шеккен шеткері аймақтардағы балаларға көмек көрсету мақсатында БОАК жанындағы ашаршылық салдарымен күрес жөніндегі орталық Комиссия құрылады». Жаңадан құрылған ұйым туралы ережеде оның қызметінің мақсаттары мен міндеттері айтылған.

– Қазақстанда қараусыз қалған аш-жалаңаш балалар өте көп болғанын, ата-анасы көз жұмып, жетім қалғандардың күн сайын 50-60-ын жергілікті өкімет органдары балалар үйлеріне орналастыр­ғанын оқып-білдік. Жалпы, сол жылдарда халқымыз қанша пайызға азайды?

– Егер 1921 жылғы 1 желтоқсандағы деректер бойынша қараусыз қалған аш-жалаңаш балалар саны ҚазақАКСР-i бойынша 128 000 болса, осы жылдың соңында бұл көрсеткіш 158 000-ға жетті.

1922 жылы бұл мекемелердің көпшілігі үшін балаларға білім беру мен тәрбие мәселесінен гөрі, оларды тамақтандыру бірінші орында тұрды. Міне, осы статистикалық мәліметтерден-ақ ашаршылық жылдарынан кейінгі ҚАКСР-інің аса ауыр әлеуметтік-экономикалық жағдайын бағамдауға болады. Қазақстан Республикасында 1920 және 1923 жылдары жүргізілген халық санақтарының және Қазақстанда жерге орналастыру мөлшерін белгілеген экспедицияны басқарған профессор С.Щвецовтың мәліметтері бойынша 1921-1922 жылдардағы ашаршылықтан Қазақстандағы халық саны 30 пайызға дейін азайған.

Жалпы алғанда, қазақ халқының тарихындағы қайғылы кезеңді ғылыми тұрғыдан түсіну мен талдау өскелең ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыруға оң ықпал етіп, еліміздің қайғылы тарихынан сабақ алуға және болашақта осындай ауыр нәубеттердің орын алуына жол бермеу үшін қажет.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button