Мәдениет

«Жақсы ән мен тәтті күй»

Елордадағы Қаламгерлер аллеясында қазақтың ұлы ақыны әрі философы, Хакім Абайдың 180 жылдық мерейтойына арналған «Жақсы ән мен тәтті күй» атты ерекше поэзиялық кеш ұйымдастырылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

«Биыл елордада Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған 140-тан астам іс-шара жоспарланған. Бүгінге дейін солардың жартысынан астамы ұйымдастырылды. Мерекелік іс-шаралар жыл басында басталды. Ол Абайға арналған қойылымдар, домбыра party, концерттер, ғылыми конференциялар және шығармашылық кештерді қамтыды», – деді Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысы Сәкен Есіркеп.

Астананың ақындары Қаламгерлер аллеясында өткен поэзиялық кеште Абайдың шығармаларын оқып, оның әндері мен күйлерін орындады. Сондай-ақ ашық микрофон арқылы қала тұрғындары да Абай өлеңдерін оқып, шығармашылықтарын ортаға салды.

Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысы Сәкен Есіркептің айтуынша, алдағы күндері де Абай шығармашылығына арналған іс-шаралар жалғасын табады.

«Мысалы, ертең Астананың арбатында домбыра party өтеді, тамыздың 8-і күні «Бәйтерек» маңындағы Нұрлы жол желекжолында тағы бір домбыра party ұйымдастырылады. Ал тамыздың 10-ы күні Абай ескерткіші алдында күні бойы түрлі концерттік бағдарламалар өтеді, сондай-ақ ақынның ескерткішіне ресми гүл шоқтарын қою рәсімі жоспарланған», – деді басқарма басшысы.

Кеште жас әнші Елай Халықбек «Көзімнің қарасы» және «Желсіз түнде жарық ай» сынды әндерді шырқаса, ҚР мәдениет саласының үздігі Қайрат Айтбаев Тәттімбеттің «Көкейкесті» күйін орындады.

Абайдың өлеңдерін ақындар қатарында Мұқарбек Жәкейұлы, Тоқтарәлі Таңжарық, Толқын Қабылша, Жәнібек Әлиман, Дүйсенәлі Әлімақын және Қабиден Қуанышбай, сондай-ақ «Құрмет» орденінің иегері Ұларбек Дәлейұлы сияқты өнер иелері оқыды.

Іс-шараны Астана қаласы Байқоңыр ауданының әкімдігі, Қазақстан Жазушылар одағы және Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы бірлесе ұйымдастырды.

«Кештің өзіндік ерекшелігі бар. Абайдың заманында үшішекті домбырада күй тартылған. Шәкәрім де солай тартқан деген болжам бар. Бүгін Рүстем бауырымыз (Рүстем Нұркенов – белгілі күйші және зерттеуші) үшішекті домбырада Абайдың күйлерін орындады. 180 жылдық жастардың Абайды оқуға ұмтылуына, Абайды көбірек тануына мүмкіндік беріп жатыр», – деді Қазақстан Жазушылар одағының Астана қалалық филиалы директоры Бауыржан Бабажанұлы.

Абай Құнанбайұлының рухы мен шығармашылығын ұлықтаған бұл іс-шара елорданың мәдени өмірінде маңызды оқиға болды және алдағы уақытта да қазақ әдебиеті мен өнерін дамытуға үлкен үлес қосатыны сөзсіз.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button