Ел тынысы

Жапониямен цифрлық тіл технологиялары саласында жаңа әріптестікке жол салынды

«Тіл-Қазына» орталығы Жапониямен цифрлық тіл технологиялары саласында жаңа әріптестікке жол салды,  деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының делегациясы 2025 жылғы 15–17 шілде аралығында Жапонияның Фукуока қаласында өткен «ICLL 2025 – ІХ Халықаралық лингвистика және әдебиет конференциясына» қатысты. Делегация құрамында орталықтың бас директоры Мақпал Құрманжанқызы Жұмабай, атқарушы директоры Лиза Қожаққызы Есбосын және ғалым хатшысы, PhD доктор Дана Жаңабекқызы Оспанова болды.

Аталған халықаралық конференция алғаш рет 2017 жылы Амстердам қаласында ұйымдастырылып, кейінгі жылдары Париж, Мадрид, Венаның ғылыми орталықтарында жалғасын тапқан. Биылғы жиын Жапонияның Kyushu University және Ресейдің MGIMO University қолдауымен өтті. Сессиялар барысында тіл, қоғам және технология тақырыптары аясында өзекті мәселелер кеңінен талқыланды. Жапония, Қытай, Малайзия, Тайвань, Таиланд, Араб елдері, Корея, Ресей, АҚШ және өзге де мемлекеттерден келген ғалымдар мазмұнды баяндамалар жасап, лингвистиканың заманауи мәселелері қаралды. Атап айтқанда, жасанды интеллект, цифрлық технология, әйел құқығын мәтін арқылы зерттеу, бала тілі, тіл корпусы тақырыптарындағы зерттеулер талқыланды.

Конференцияға баяндамашы ретінде шақырылған орталықтың ғалым хатшысы Дана Оспанова «QazEmoLing. Эмоцияның лингвистикалық өмірі: қазақ тіліндегі эмотивті құрылымдарды корпус лингвистикасы арқылы зерделеу» атты тақырыбында баяндама жасады. Ол қазақ тіліндегі эмоцияны білдіретін сөздер мен синтаксистік құрылымдарды зерттеуге арналған жобаның мақсат-міндеттері мен әдіснамасына тоқталып, нақты мысалдар арқылы ұлттық-мәдени ерекшеліктерге ие эмоционалды дискурстың құрылымын талдады.

Конференция барысында «Тіл-Қазына» делегациясы Токио қаласында орналасқан Жапон тілі және лингвистикасы ұлттық институтында (NINJAL) ресми ғылыми кездесу өткізді. Бұл мекеме – Жапониядағы лингвистикалық іргелі зерттеулермен айналысатын басты ұлттық ғылыми орталықтардың бірі. Кездесуді институт директоры Кикуо Маэкава ашып, тілдің цифрлық кеңістіктегі болашағы және корпустық зерттеулердің маңызы жөнінде ой бөлісті.

Кездесу барысында орталықтың бас директоры Мақпал Жұмабай стратегиялық бағыттағы жобаларды таныстырып, қазақ тілін цифрлық кеңістікке көшіру, тілдік деректерді жүйелеу және ашық ғылыми инфрақұрылым қалыптастыру бағытындағы тәжірибесімен бөлісті. Ғалым хатшы Дана Оспанова Қазақ ұлттық корпусының бес кіші корпусын, олардың құрылымы мен мета және лингвистикалық белгіленімін автоматтандыру жолындағы жұмыстарын таныстырды. Ал орталықтың атқарушы директоры Лиза Есбосын тіл оқыту әдістемесі аясында лексика-грамматикалық минимумды анықтау, оны тіл үйрету жүйесіне енгізу және ұлттық тіл корпусымен үйлестіру туралы өз ұсыныстарын білдірді.

Жапон тарапынан профессор Прашант Пардещи, профессор Ханаэ Коисо және жоба ассистенті Юта Такахаши NINJAL-дың негізгі зерттеу жобаларын таныстырды. Олар диахронды корпус, ауызекі тіл мәтіндерінің жүйесі, морфологиялық талдау және балалар тілін зерттеу салаларындағы тәжірибелерімен бөлісіп, қазақстандық әріптестер үшін маңызды идеялар ұсынды.

Сапар аясында орталықтың бас директоры Мақпал Жұмабай NINJAL директоры Кикуо Маэкаваға Ахмет Байтұрсынұлының «Таңдамалы шығармалар» еңбегінің қазақ-ағылшын тіліндегі нұсқасын табыстады. Институт өкілдері бұл сыйды зор құрметпен қабылдап, ғалым еңбектерін терең танып-білуге қызығушылық танытты.

«Бұл құнды еңбекті институт кітапханасына орналастырамыз, барлығымыз оқып, танысамыз», – деді Кикуо Маэкава мырза.

Тараптар арасындағы келіссөздер нәтижесінде Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы мен Жапонияның жетекші лингвистикалық мекемелері арасында байланыс орнап, алдағы уақытта іс-тәжірибе алмасу бағытында жүйелі жұмысты жалғастыруға уағдаласты. Бұл ынтымақтастық қазақ тілінің ғылыми әлеуетін халықаралық деңгейде танытуға және лингвистикалық зерттеулердің жаңа көкжиегін ашуға жол ашады.

Қосымша ақпарат алу үшін: Мақпал +7 707 430 77 07.

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button