Жапония-Қазақстан: қарым-қатынас нығайды

18-20 желтоқсанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ресми сапармен Жапонияға барды. Сапар аясында Император Нарухитомен, Премьер-министр Санаэ Такаичимен, Жапонияның іскерлік орта өкілдерімен кездесті, сондай-ақ «Орталық Азия – Жапония» саммитіне қатысты.
Императормен жүздесті
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жапонияға алғашқы ресми сапары Император Нарухитомен кездесуден басталды. Президент қонақжайлық танытқаны үшін Жапония Императорына ризашылығын білдірді. Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Күншығыс елінің тәртібі мен табандылығын әуелден үлгі тұтатынын атап өтті. Сондай-ақ екі елді өзара құрмет пен түрлі саладағы табысты ықпалдастыққа негізделген байырғы достық қатынастар біріктіретінін жеткізді.
Император Нарухито Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сапары Жапония мен Қазақстан арасындағы байланыс тарихында елеулі уақиға ретінде қалатынын және екіжақты қарым-қатынасты жаңа деңгейге шығаратынын айтты. Мемлекет басшысы мен Император өзара ынтымақтастық мәселелері және халықаралық мәселелер жөнінде пікір алмасты.
Ғибадатхананы аралады
Президент сапар барысында Токиодағы Мейджи Джингу синто ғибадатханасына барды. 1920 жылы салынған кешен императорлық киелі орын саналады. Оның аумағында 120 мыңға жуық ағаш пен жасыл желегі бар саябақ орналасқан. Ғибадатхана түбегейлі саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар жүргізу арқылы Жапонияны әлемнің дамыған елдерінің біріне айналдырған император Мейджиге арналған. Кешенмен танысқан соң Мемлекет басшысы Құрметті қонақтар кітабына жазба қалдырды.
«Мейджи Джингу – берекелі бірлік пен ұлттық сана-сезімнің символы. Жапон халқы үшін осы қасиетті ғибадатхананың тарихи мән-маңызы ерекше. Күншығыс елі өсіп-өркендей берсін!» деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстандықтармен әңгімелесті
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі уақытта Жапонияда білім алып, түрлі салада қызмет етіп жүрген Қазақстан азаматтарымен кездесті. Мемлекет басшысы Жапония сияқты дамыған елдің тәжірибесін зерделеу маңызды екенін айтты.
«Бұл сапар екі ел арасындағы қарым-қатынасқа тың серпін береді деп ойлаймыз. Жапон тарапы да үлкен мән беріп отыр. Ынтымақтастығымыздың келешегі зор болатынына ешқандай күмән жоқ. Өздеріңізге белгілі, Қазақстан өз дамуында жаңа кезеңге қадам басты. Биыл ел экономикасының өсімі 6 пайыздан асты. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Дегенмен мұнымен тоқтап қалуға болмайды. Инфляцияны төмендету, инфрақұрылымды жаңарту қажет. Қазақстан келешекте цифрлық елге айналуы керек. Алдымызда осындай үлкен мақсаттар тұр» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Отандастарымыз арасынан Ritsumeikan Азия – Тынық мұхиты университетінің вице-президенті, профессор Серік Мейірманов, ARIA Consulting негізін қалаушы Арайлым Хасан, Showa және Juntendo медицина университеттерінің доценті Әбдібек Қалибек, Ailia компаниясында жасанды интеллект технологиясымен айналысатын инженер Эльдар Төлеубай сөз сөйлеп, өздерінің Күншығыс еліндегі жетістіктерімен бөлісті. Президент Жапонияда тұрып жатқан қазақстандықтарға табыс тіледі.
Достық лигасының мүшелерімен кездесу
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Тошиаки Эндо бастаған Жапония Парламентінің Қазақстанмен достық лигасы мүшелерімен кездесу өткізді. Мемлекет басшысы Достық лигасының қызметіне жоғары баға беріп, оны екіжақты ынтымақтастықты нығайтудың маңызды тетігі ретінде қарастыратынын атап өтті.
«Еліміз Токиомен жан-жақты ықпалдастықты одан әрі арттыруға баса мән береді. Парламентаралық диалог тереңдей түсті. Түрлі деңгейдегі байланыстар тұрақты түрде жалғасуда. Сауда-экономика және инвестиция саласындағы екіжақты қатынастарымыз тың серпінмен дамып келеді. Жапония Қазақстандағы ірі инвестордың қатарына кіреді. Былтыр тауар айналымы 2 миллиард долларға жетті. Бұл – Жапонияның Орталық Азия мемлекеттерімен жалпы сауда көлемінің 70 пайызынан астамы деген сөз. Сондай-ақ көлік-логистика, энергетика, ауыл шаруашылығы және басқа да салаларда нақты жобалар бар. Біз бүгін Император Нарухитомен кездесуде медицина саласы, су мәселесі бойынша пікір алмастық. Шын мәнінде екіжақты ынтымақтастықтың келешегі зор. Мәдени-гуманитарлық байланысымыз тереңнен тамыр тартады. Екі ел білім және ғылым, мәдениет пен өнер, спорт және туризм салаларында өзара тығыз ықпалдастық орнатты. Биыл Осакада өткен Дүниежүзілік көрме аясында қазақтың ұлы ақыны, ғұлама ойшылы Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуын атап өттік» деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы жаһандық өзекті мәселелерге қатысты Қазақстан мен Жапонияның ұстанымдары ортақ екеніне тоқталды.
«Біз Біріккен Ұлттар Ұйымы және басқа да халықаралық құрылымдар аясында бейбітшілікті қамтамасыз ету, ядролық қарусыздану мәселелері бойынша бір-бірімізді үнемі қолдап келеміз. Қазақстан аймақаралық ынтымақтастығымыздың маңызды тетігі саналатын «Орталық Азия + Жапония» саммитіне айрықша мән береді. Премьер-министр Санаэ Такаичи ханыммен өтетін кездесуде бірқатар мәселені талқылаймыз. Бұл келіссөздер саяси диалогты тереңдетіп, экономикалық және гуманитарлық алыс-берісті жандандыруға жол ашады. Халықтарымыз өсіп-өркендеп, өзара тиімді қарым-қатынасымыз нығая береді деп сенемін» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Премьер-министрмен келіссөз жүргізді
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Құрмет қарауылы сап түзеп, қос елдің мемлекеттік әнұрандары шырқалды. Құрмет қарауылының бастығы рапорт бергеннен кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Санаэ Такаичи бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Содан соң Премьер-министр офисінде қазақ-жапон келіссөздері басталды.
Мемлекет басшысы Қазақстан делегациясына қонақжайлық көрсеткен Санаэ Такаичиге ризашылығын білдірді.
«Бұл сапар, шын мәнінде, екі ел арасындағы қарым-қатынастың жаңа кезеңі. Біз Жапонияны әрқашан Азиядағы уақыт тезінен өткен сенімді серіктесіміз деп санаймыз. Бүгінгі Жапония – ғасырлар бойы қалыптасқан даналық пен бірегей дәстүрді заманауи инновациямен үйлесімді жарастырған, дамыған мемлекет. Сіздің парасатты әрі мықты басшылығыңызбен еліңіздің халықаралық аренадағы рөлін одан әрі нығайтатын ауқымды реформалар жүргізіліп жатыр. Біз Жапонияны алыстағы көршіміз, дегенмен жақын әрі сенімді досымыз деп жиі айтамыз. Өзара байланыстарымыздың тарихы тереңде. Бұған дейін Сіздің еліңізге төрт рет келген едім. Бұл – менің Президент ретіндегі алғашқы сапарым. Қазақ-жапон қарым-қатынасының берік институционалдық негізі қалыптасқан. Өзіңіз айтқандай, 2004 жылы Жапонияның сол кездегі Сыртқы істер министрі Кавагучи ханыммен бірге «Орталық Азия + Жапония» форматына бастамашы болдық. Сыртқы істер министрлері деңгейіндегі алғашқы кездесу Астанада өтті. Бүгінде мұндай кездесулердің кеңінен танылғаны соншалық, ірі мемлекеттердің көбі «Орталық Азия плюс» платформасын құптайды. Бірақ Жапония бұл диалог алаңының алғашқы бастамашысы және негізін қалаушы болып қала береді» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жапония Премьер-министрі Қазақстан Президентінің ресми сапары екі елдің өзара тиімді ынтымақтастығына тың серпін беретініне сенім білдірді.
«Сізбен жүздескеніме қуаныштымын. Осыдан 21 жыл бұрын Сыртқы істер министрлерінің «Орталық Азия + Жапония» форматындағы алғашқы жиыны өткен еді. Оған Өзіңіз төрағалық еттіңіз. Бүгін, міне, «Орталық Азия + Жапония» форматындағы мемлекет басшыларының кездесуіне Президент лауазымында қатысқалы отырсыз. Қазақстанды заң үстемдігіне негізделген еркін әрі ашық әлемдік тәртіпті нығайту ісінде стратегиялық серіктес ретінде қарастырамыз. Өзара тиімді қарым-қатынасты одан әрі дамыту үшін Сізбен тығыз ынтымақтастықты жалғастыруға ниеттіміз» деді Санаэ Такаичи.
Келіссөздер барысында сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-логистикалық, энергетикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты байланыстарды дамыту перспективасы егжей-тегжейлі талқыланды. Келіссөз қорытындысы бойынша Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Премьер-министр Санаэ Такаичи Бірлескен мәлімдеме қабылдады. Екі елдің ресми делегация мүшелері 14 үкіметаралық және ведомствоаралық құжатқа қол қойды.
БҰҰ университетінде дәріс оқыды
Қасым-Жомарт Тоқаев Токио қаласындағы Біріккен Ұлттар Ұйымы университетіне барып, «Дүрбелеңге толы дәуірдегі стратегиялық сенімді қалпына келтіру: әділетті әрі тұрақты әлем құру жолындағы Қазақстанның ұстанымы» тақырыбында дәріс оқыды. Мемлекет басшысы университет ұжымын оқу орнының құрылғанына 50 жыл толуымен құттықтап, БҰҰУ-дың бүкіл халықаралық қоғамдастықтың игілігі үшін нақты шешімдер әзірлеуге қосқан үлесін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев өзі ұстанатын қағидаттар мен жапон этикасы арасындағы үндестікке тоқталды. Яғни үйлесімділік, даналық және жауапты көшбасшылық – шынайы күш-қуаттың қайнары.
«Ханзада Сётоку VII ғасырда «үйлесімділік бәрінен биік бағалануға тиіс» деп жазды. Бүгінде бұл қағидат мемлекеттік басқаруда және халықаралық қатынастарда басты рөл атқарып, Қазақстанның сыртқы саясатында айқын көрініс тауып отыр» деді Президент.
Бұдан кейін Мемлекет басшысы дағдарыс белең алған және көпжақты ынтымақтастық тетіктері айтарлықтай әлсіреген қазіргі кезде әділетті әрі тұрақты әлем құру жөніндегі ой-пікірімен бөлісті.
«Соңғы он жылда жер жүзінде қарулы қақтығыстар көбейіп, ушығып кетті. Әлемдегі әскери шығындар былтыр 2,7 триллион долларды құраған. Бұрын-соңды мұндай болмаған. Сонымен қатар алпауыт елдер арасындағы стратегиялық бақталастық шырқау шегіне жетті. Соның салдарынан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі қандай да бір ірі халықаралық қақтығыстарды шеше алмайтын дәрменсіз күйге түсті» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы геосаяси тұрғыдан жікке бөлінудің күшеюі мен ірі державалар арасындағы сенімнің төмендеуі салдарынан БҰҰ мүмкіндіктері барған сайын шектеле түскеніне назар аударды. Сол себепті ұйымды жан-жақты реформалау жай әңгіме күйінде қалмай, ортақ басымдыққа және стратегиялық қажеттілікке айналуға тиіс.
«Кез келген маңызды реформа БҰҰ Жарғысына сай іске асырылуы керек. Егемендік, аумақтық тұтастық және дау-дамайды бейбіт жолмен реттеу секілді негізгі қағидаттар мүлтіксіз сақталуға тиіс, ешкімге артықшылық берілмеуі қажет. Сонымен бірге Жарғының кейбір ережелері ХХІ ғасырдың талаптарына сәйкес келмейді. Соның ішінде ұйымға айтарлықтай қолдау көрсетіп келе жатқан Жапонияға және басқа да елдерге қатысты әділетсіздік бар. Әлем өзгерді, ал Жарғы осы өзгерістердің соңынан ілесе алмай отыр. Жауапты диалогқа көшіп, келешекте құжаттың сенімділігі мен өзектілігін қамтамасыз етудің уақыты келді деп санаймын» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қауіпсіздік Кеңесін реформалау кейінге ысыруға болмайтын өте маңызды міндет екеніне тоқталды. Президент аталған орган қызметіне орта державаларды, Азия, Африка және Латын Америкасы елдерін кеңінен қатыстыруға шақырды.
«Қауіпсіздік Кеңесінде жауапты орта державалардың үні анық естілуге тиіс. Олар ірі ойыншылар арасында қайшылықтар болған жағдайда араағайындық жасап, шешімдерді ілгерілетуге септігін тигізе алады. Қазақстан сыртқы саясаттағы миссиясын осы бағытпен байланыстырады. Біз берік ұстанымға негізделген теңгерімді, сындарлы, көпвекторлы дипломатия жүргіземіз. Бұл біздің ұлттық мүддемізге сай келеді әрі ұдайы БҰҰ Жарғысына сүйенетін дамушы орта держава ретіндегі болмысымызды көрсетеді» деді Президент.
Ушыға бастаған ядролық қатер проблематикасына дәріс барысында айрықша назар аударылды. Қасым-Жомарт Тоқаев адамзаттың ядролық қарудан тартқан зардабын Қазақстан мен Жапония сияқты терең түсінетін ел кемде-кем екенін айтты.
«Хиросима, Нагасаки және Семей қасіреті ядролық қаруға жауапкершілікпен қарап, ұстамдылық танытудың қаншалықты маңызды екенін еске салады. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Семей ядролық полигонын жабу және әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан бас тарту туралы тарихи шешім қабылдады. Бұл біздің осалдығымыз емес. Керісінше, стратегиялық көрегендік танытып, осы арқылы бейбітшілік пен адамзат қауіпсіздігі маңызды екенін көрсеттік. Арада отыз жылдан аса уақыт өтсе де, осы ұстанымнан айныған жоқпыз: жаһандық қауіпсіздік жүйесін ядролық қарумен ұстап тұруға болмайды. Халықаралық қоғамдастық жаппай ядролық қарусыздану бағытында белсенді әрекет етіп, Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шарттың күшіне енуіне үлес қосуға тиіс. Қазақстан жаппай қырып-жоятын қаруы бар алпауыт елдер арасындағы жоғары деңгейлі диалогты қайта бастауға үндейді. Сондай-ақ ядролық қаруды қолдану немесе сынау қаупін жою үшін анағұрлым батыл әрі көпжақты әрекетке шақырады» деді Президент.
Төлен ТІЛЕУБАЙ



