Жаңғыруға жетелейтін көрме

Ұлттық музейде белгілі қылқалам шебері, «Астана қаласы Суретшілер одағы» қоғамдық бірлестігінің басқарма төрағасы Өмірәлі Исмаиловтың «Жаңғыру (Genesis)» атты мерейтойлық көрмесі өтіп жатыр.
Казіргі заманғы қазақстандық кескіндеменің көрнекті өкілі саналатын автор – Қазақстан Суретшілер одағы мен Дизайнерлер одағының мүшесі, Көркемөнер академиясының академигі, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері. Суретшінің туындылары республикалық және халықаралық көрмелерге қойылып, елімізде және шетелдерде жеке коллекцияларда сақтаулы. Қазақстандық өнер кеңістігінде өзіндік орны бар қылқалам шебері ретінде танылған Өмірәлі Исмаиловтың туындылары көрерменге терең ой салатын көркем әлемін паш етеді.
Көрменің ашылу салтанатына Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы Ерлан Дәкенов, белгілі қоғам қайраткері Дархан Мыңбай бастаған зиялы қауым өкілдері, Астана жұртшылығы қатысып, ыстық ықыластарын жеткізді. Ерлан Дәкенов көрменің ашылуымен құттықтап, суретшінің шығармашылық ізденістері мен жаңғыру жолындағы еңбектеріне жоғары баға берді. Amanat партиясы Астана қалалық филиалының атқарушы хатшысы Мұхаммед Болысбектің құттықтау хатын аталмыш филиал қызметкері Әбдіғани Бәзілханұлы тапсырды.
Көрмеге қылқалам шеберінің 55 туындысы қойылды. Оны музейдің 7-қабатындағы залда ақпанның 15-не дейін тамашалауға болады.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ



