Жаңару мерекесінде зейнеткерлер театрландырылған көрініс көрсетті

19 наурыз – Жаңару мерекесіне орай Сарыарқа ауданының зейнеткерлері «Наурыз — береке мен бірлік мерекесі» атты театрландырылған қойылым ұсынды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Іс-шараға келген көрермендер өздерін нағыз қазақы тойдың ортасында отырғандай сезінді. Сахнада «Беташар», «Бесікке салу», «Ат қою» және «Қырқынан шығару» секілді ұлттық дәстүрлер көрініс тапты. Театрландырылған қойылым арқылы адамның өміріндегі маңызды кезеңдер — дүниеге келуден бастап, отбасын құруға дейінгі жолы кеңінен насихатталды.

Мерекелік кеште Астана қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Әйгерім Тәңірбергенова мен Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының директоры Серік Қарабатыров құттықтау сөз сөйлеп, зейнеткерлерге шығармашылық еңбектері үшін алғыс білдірді.
Сонымен қатар, кеш барысында «Әгугай» этно-фольклорлық ансамблі, «Замандастар» вокалдық тобы, «Шұғыла» және «Сарыарқа» би ұжымдары өнер көрсетті.

Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы директорының орынбасары Эльвира Шамшикенова: «Бүгін біз Наурыз мерекесіне арналған тағылымды қойылымның куәсі болдық. Іс-шара ақсақалдардың батасымен басталып, көрісу дәстүрімен жалғасып, ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптеумен аяқталды. Өнерлі ата-әжелеріміз әр рөлді кәсіби деңгейде сомдады», – деп өз әсерімен бөлісті.
Ұйымдастырушы Айару Жанұзаққызының айтуынша, мұндай іс-шаралар ұлттық дәстүрлерді сақтау мен оны жас ұрпаққа жеткізуде, сондай-ақ қоғамдағы бірлікті нығайтуда маңызды рөл атқарады.
Кеш соңында 75 жастағы Ерсәлім ақсақал ақ батасын беріп, жиналған жұртшылыққа игі тілегін арнады.



