Қоғам

Жаңартуды қажет етіп тұр

Қанша ғұмыр кешсем де, іргемізде тұрған Қорғалжын қорығын көрудің сәті түспепті. Жазушы, қонаевтанушы Ораз Кауғабай мырза бірде маған: «Қорықта елімізді ұзақ жыл басқарған кемеңгер Дінмұхамед Қонаевқа арналған саяжай бар деп еститінмін, соны көрсем деген ойым бар еді» деді. Екі ой қабысып, қорық пен саяжайды көруге барамыз деп шештік.

Орайы келген тамыз айының бір күнінде Орекең, мен, немерем Əлихан жəне көлік иесі Ержан баламыз – төртеуміз жолға шықтық. Аудан орталығы – Қорғалжын елді мекені 130 шақырымдай екен, жол екіжолақты, жаман емес. Ауылда қорыққа арналған музей де бар, соны араладық. Музей қызметкері бірінші қабаттағы қоқиқаз туралы біраз мəлімет айтты. Екінші қабатында сол өңірдегі көлдер, т. б. туралы айтып, картадан көрсетіп жатты. Содан жолға шығатын болдық. Экскурсия құны – 26 мың теңгедей, бізді таныстыруға қорық қызметкері Степанды ертіп жіберді. Жолының біраз жері онша жайлы емес, тегістеуді қажет eтіп тұр. Қазақтың Сарыарқасы – кең жазық дала, қаладан барғандарға жақсы көңіл күй сыйлайды, жолда əр жерде орналасқан ауылдар, көлдер, бейіттерді жол көрсетушіміз таныстырып отырды. Ол да тарихтың бір парағы. Ең үлкен Есей көлінен аққулар мен бірқазандарды көрдік. Фламинго біз аралаған жерлерде болмады. Степанның айтуынша, бұл құстарды көру əр уақытта бола бермейді. Бірде Мəскеудің орталығынан бір əйел өз көлігімен келіп, сол құстарды көріп риза болып қайтыпты, ал таяуда Батыс Еуропаның бір елінен келгендер көре алмай кері қайтты. Біз де көре алмасақ та, сайын даланы, жарқыраған көлдерді көріп бір марқайып қалдық. Бірақ маған мынадай бір ой келді: республикалық дəрежедегі қорық неге жадау-­жүдеу боп тұр? Шамасы музей кеңес дəуірінде салынып, жабдықталған. Бəрі ескірген, көрмеге қойылғандардың бояуы кете бастаған, айтарлықтай көз тартпайды. Саяхатшыға бинокольдер қажет, қолда бары дұрыс көрсетпейді. Қысқасын айтқанда, қорыққа қатыстының бəрін жаңарту қажет…

Таяуда «Астана ақшамы» газетінен Айзат Серікбектің «Көшпелі өмір салты неге туризм нысанына айналмай тұр?» деген мақаласын оқып, Қорғалжын қорығының өңірінде көшпелі туризм саласын неге өрістетпес­ке деген ой келді. Меніңше, жер аумағы, жер бедері сұранып-ақ тұр. Көшпелі туризм – бұл қазақ халқының дəстүрлі көшпелі өмір салтын, мəдениетін, тұрмыс-тіршілігін бетпе-бет сезінуге мүмкіндік беретін этномəдени бағыттағы туризм түрі. Айтыл­ған ұсыныстарға Экология министрлігі, əкімдіктер көңіл аударса, келімді-кетімді жандар қорықтан құстарды көріп қана қоймай, халқымыздың көшпелі өмip салтын тaмашалап қайтар еді. Қанша айтқанмен, бізде туризмге көңіл бөлу өз дəрежесінде болмай тұрған сияқты. Туризмі дамыған елдер өз экономикасына қаншама үлес қосып жатыр. Біздің де елімізде келешекте сондай болады деп үміттенемін.

Еркін ДƏУЕШҰЛЫ,

ардагер-ұстаз,

Қазақстан Журналис­тер одағының мүшесі

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button