Басты ақпаратҚала мен сала

Жаңалығы көп жаңа наубайхана

Әлем тұтынатын осы бір өнімсіз өмірімізді елестету мүмкін бе? Әр шаңырықтың берекесі болып, ақ дастарқанынан табылатын нанның қасиеті баршаға белгілі емес пе? Жалпы осы бір ең қажетті қоректік заттың тарихы тым ілгеріде. Археологиялық мәліметтерде нан Жер бетінде кем дегенде 30 мың жыл бұрын пайда болған деседі. Әрі оның пішіні шелпек тәріздес және бидайдан емес, қоға мен қырыққұлақтың тамырынан пісіргенге ұқсайды. Мысалы, 2010 жылы зерттеушілер ежелгі диірмен мен келсап тәрізді тастың бөлігінде ұн іздерін тауыпты. Ол алдын ала тазартылған, кептіріліп, ұнтақталған өсімдіктер тамырынан жасалған екен. Алынған ұнтақты сумен араластырып, қамырды әбден қызған тас үстінде пісірген.

Негізгі отаны – Таяу Шығыс деп есептелетін нан қазір бидайдан пісіріледі. «Ас атасы» саналған өнімнің қадірі ешқашан қашқан емес. «Нан бар жерде ән бар» дейтін біздің халық барлық береке мен бірліктің, денсаулық пен байлықтың бастауын осы қасиетті дәммен байланыстырып келеді. Ерекше қастерлеп, кейде жарамсыз қалғанына дейін «кие­сі бар» деген түсінікпен ретсіз қоқысқа тастаған емес.

Халық саны артқан сайын нан өнімдеріне сұраныс көбейеді. Дүние жүзі бойынша солай. Ал өзіміздің Астана қаласы тұрғындарының жыл емес, ай емес, күн сайын өсімін ескерсек, нан дайындайтын кәсіпорындардың көптеп қажет екені тағы белгілі. 1 жарым миллионнан астам халқы бар елордада бұл жағынан әзірге мәселе жоқ. Тіпті наубайханалар саны уақыт озған сайын көбейіп те келеді. Соның бірі – «R n R Group» ЖШС қарасты «Ертіс нан» брендімен танымал үлкен зауыт. Ашылғанына аз уақыт болған кәсіпорынның алғашқы қарқыны жаман емес. Бір күнде 25 тонна өнім шығаруға қауқарлы серіктестік әзірге тапсырыспен жұмыс істеп тұр.

«Наубайханымыз былтыр жыл соңында ашылды. Жұмыс үдерісі толық автоматтандырылған. Ал өнім шығаруды биыл ақпан айында бастадық. Қазір күніне 1-2 тонна бөлке нанды тапсырыспен дайындаймыз. Алдағы уақытта бұл өсім ұлғаяды. Өйткені кәсіпорын жұмысы енді-енді ілгерілеуде. Зауытта 30-ға жуық қызметкер бар. Ал келешекте нан пісіру көлемі артса, біз де жұмысшылар санын көбейтеміз. Ол уақытта 100-ден аса қызметкер болады» дейді кәсіпорын басшысы Мадина Оразбайқызы.

Басшының айтуынша, нан дайындаудың өзіне тән күрделі жұмысы көп. Алдымен сапалы ұн керек. Тазартылған су мен тұздың да маңызы бар. Ең бас­тысы – нан пісіруде нағыз маман қолы рөл ойнайды.

«Бізде нан өнімдерінің көптеген түрлері бар. Әртүрлі формада дайындалған бөлке нан, тоқаш, қазақтың байырғы таба наны, қалаш пісіріледі. Құрамы бір-біріне ұқсамайды. Қосымша 8 түрлі печенье, кекс, пряник сынды тәтті өнімдер де пісіреміз. Бұл тәттілерге де сұраныс жоғары. Біз қазір барлық өнімдерді дүкендерге жіберіп жатырмыз. Бұған қосымша асхана мен кафелерге таратылады. Алдағы уақытта, яғни оқу жылы басталысымен ыстық тамақ беретін барлық елордалық мектептермен жұмыс жүргізуге ниеттіміз. Одан бөлек, әскери бөлімдермен де келісімшарт жасауға дайынбыз» дейді Мадина.

«Ертіс нан» тауарлық белгісі әу баста Павлодар облысында пайда болған. Біз жоғарыда айтқан «R n R Group» ЖШС нан өнімдерін дайындамастан бұрын аталған өңірде бидай егіп, астық өсірумен айналысады екен. Яғни шикізатты да өздері дайындайды. Осы күнге дейін Павлодар қаласын нан өнімдерімен 100 пайыз қамтып келген серіктестіктің сонда жеке диірмені, наубайханасы және «Алтын астық» атты ұн шығаратын зауыты бар.

«Менің міндетім – наубайханадағы иленген қамыр­ды белгілі бір пішінге келтіріп, қалыпқа салып, пісіруге дайындау. Бізде салмағы 350, 590 және 650 грамм болатын түрлі нан пісіріледі. Зауыт енді ашылғандықтан, біз әзірге 1500-2000 бөлке ақ және қара нан пісіреміз. Жалпы өзім бұл салада еңбек еткеніме 10 жылға жуықтады. Кәсіпорынға келмес бұрын өз бетімше үй жағдайында кондитерлік өнімдер пісіріп, дайындайтынмын» дейді кәсіпорын қызметкері Назима Қажығалиқызы.

Айта кетейік, Астанада ашыл­ған жаңа наубайханада нан мен ұн өнімдерінің 20-ден астам түрі пісіріледі. Алдағы уақытта 80 түрлі нан шығару жоспарланыпты. Олардың бағасы да әртүрлі әрі елге қолжетімді болмақ.

Сонымен қатар, мұндағы нан дайындайтын құрылғылар мен арнайы пештер шет мемлекеттерден алыныпты. Бірі – Швеция, енді бірі – Болгариядан келсе, бұған қоса италиялық және ресейлік жабдықтар жұмыс істеп тұр. Расымен де бас қаланың экономикалық әл-ау­қа­тының дамуына оң серпін беретін нан зауытының жұмысында әлі де көп жаңалық болары сөзсіз. Бұл қарқыннан таймаса, наубайхана өнімдеріне деген сұраныс астаналықтар тарапынан көбейе береді деген сенім де жоқ емес.

Ержан ҚОЖАС

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button