Қала мен сала

Жаңа жыл жақындады

Жылдың соңғы күндері таяған сайын елордамыз өзгеше кейіпке енді. Қала күнделікті қарбалас тіршіліктен арылып, қысқы мерекенің сән-салтанатына бөленді. Көшелер мен алаңдар жарқыраған жарыққа малынып, түнгі қала мың құбылған шамдармен көмкерілді. Әсем безендірілген ғимараттар, алыстан көз тартатын жарық өрнектер мен әр жерде бой көтерген еңселі шыршалар жаңа жылдың жақындағанын айқын сездіреді. Бұл көріністер тұрғындардың да, қонақтардың да көңіліне көтеріңкі көңіл күй сыйлайды.

Биыл астанадағы жаңа жылдық безендіру ортақ тұжырым – «Ертегі Fest» атауымен ұйымдастырылды. Бұл атаудың өзі мерекенің мазмұнын аңғартып тұр. Қаланың ең басты орындарында орнатылған биіктігі бірнеше қабат үйлермен бойын бірдей теңерген шыршалар – қысқы көріністің негізгі нышаны. Сондай-ақ елордамызда 40-қа жуық шырша шамы бір мезетте жағылды. Олардың ең биігі «Қазақ елі» монументі мен «Астана Арена» стадионы маңында бой көтеріп, қаладағы бас­ты мерекелік орталықтар ретінде айқындалды. Аталған аумақтарда тұрғындар еркін серуендеп, естелік суретке түсе алатын кең алаңдар жасалып, жарықпен көмкерілген сәндік мүсіндер мен көркем құрылыстар орналасты. Сондай-ақ қаладағы барлық ауданда тұрғындар үшін арнайы мерекелік аймақтар дайындалған. Мұз айдындары, қардан тұрғызылған сырғанақтар, шағын жәрмеңкелер мен тақырыптық фотобұрыштар әр аудандағы жұртшылықты бір жерге тоғыстырып, мерекелік көңіл күйді көтере түседі. Айталық, Нұра ауданында жаңа жылдық шыршалар бірден бірнеше алаңда жарқырай жағылды. Мұнда мұз үстінде сырғанауға арналған алаңдар, балалар мен ересектерге арналған ойын-сауық орындары бар. Ал Орталық саябақта айналма үлгіде жасалған ұзын мұз жолы, биік шырша және түрлі жарық мүсіні тұрғызылған.

Алматы ауданында да мереке бірнеше жерде қатар өтуде. Ақбұлақ өзенінің жағалауы алып шыршамен ерекше безендірілген. «Жерұйық» саябағында үлкен мұз айдыны, жарықтан жасалған ғимарат бейнелері мен суретке түсу алаңдары орналастырылған. Есіл ауданында жаңа жылдық думанның басты орталығы ретінде ЕХРО аумағы таңдалған. Мұнда мұз айдыны мен сырғанақтар жасалып, еңселі шырша орнатылған. Сонымен бірге Ботаникалық бақ, «Жетісу» саябағы, «Нұржол» желекжолы мен Мәңгілік ел даңғылы да мерекелік шамдармен безендіріліп, қысқы серуенге қолайлы аймаққа айналса, Сарайшық ауданында жаңа жылдық көрініс Қазақ елі алаңында шоғырланып, қысқы қалашық салынды.

Бұл жерде балалар мен ересектерге арналған ертегі аймақтар жасалып, жаңа жылдық фотобұрыштар арқылы мерекелік атмосфера күшейе түсті. Ал Сарыарқа мен Байқоңыр аудандарында «Ертегі Fest»-ке тән элементтер бар, яғни мұз айдындары, қарлы сыр­­­ғанақтар, ойын-сауық кешендері орналасқан. Осылайша, Астана жаңа жылды ерекше әсемдікпен қарсы алып, қала тұрғындары мен қонақтарының көңіліне жаңа жылдық әсер сыйламақ.

Ерасыл НҰРЛЫБЕКҰЛЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button