Жаңа жыл түні Астанада 3 мыңнан астам полицей кезекшілік етті

Астана қаласында 2026 жылды қарсы алуға арналған ауқымды мерекелік іс-шаралар өтті. Олардың қатарына жаппай халықтық серуендер, концерттік бағдарламалар және қаланың әртүрлі орындарында ұйымдастырылған пиротехникалық шоулар кірді. Қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Ішкі істер органдарының жеке құрамы алдын ала күшейтілген қызмет атқару режиміне көшірілді. Бұл туралы Астана қаласы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Нұрлан Қапаров Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлім етті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Спикердің айтуынша, елорда тұрғындары мен қонақтарының санының артуы ескеріле отырып, қала аумағында патрульдеу айтарлықтай күшейтілді. Ерекше назар мерекелік іс-шаралар өтетін орындарға, сондай-ақ адамдар көп шоғырланатын аумақтарға (саябақтар, скверлер, сауда-ойын-сауық орталықтары және көңіл көтеру орындарына) бөлінді. Сонымен қатар аса маңызды және стратегиялық нысандарда да патрульдеу ұйымдастырылды.
«Қаланың негізгі локацияларында полиция қызметкерлерінің тәулік бойғы кезекшілігі қамтамасыз етілді. Бұл шаралар қоғамдық тәртіпті сақтау мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Полиция жедел жағдайды тұрақты бақылауда ұстап, ықтимал оқиғаларға дер кезінде әрекет етті.
Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге барлығы 3 093 ішкі істер органдарының қызметкері жұмылдырылды, оның ішінде Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 450 әскери қызметшісі бар. Сонымен қатар 300 бірлік техника жұмылдырылды.
Жаппай мерекелік іс-шаралар елорданың барлық аудандарында орналасқан 48 локацияда өтті», – дейді спикер.
Ведомство өкілінің мәліметінше, 31 желтоқсан күні күндіз тұрғын алаптар мен қалалық саябақтарда мерекелік концерттер өтіп, қала тұрғындарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Ал кешкі және түнгі уақытта негізгі концерттік бағдарламалар «Қазақ елі» алаңында, ЭКСПО аумағында және қалалық әкімдік алаңда ұйымдастырылды.
2026 жылғы 1 қаңтар күні сағат 00:00-де Ботаникалық бақта және Орталық саябақта пиротехникалық шоу өткізілді. Барлық іс-шара күшейтілген патрульдеу жағдайында өтіп, қатысушылардың қауіпсіздігі толық қамтамасыз етілді. Соның нәтижесінде елорда тұрғындары мен қонақтары мерекені жайлы әрі қауіпсіз жағдайда қарсы алды.
Қоғамдық тәртіпті қорғауға Полиция департаментінің және Орталық аппараттың қызметкерлері тартылды.
«Мереке қарсаңында және мереке күндері жедел-профилактикалық іс-шаралар кешені жүзеге асырылды. Атап айтқанда, 26-28 желтоқсан аралығында республикалық «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Сондай-ақ, белгіленген мерзімдерде «Шырша» (15-31 желтоқсан) және «Пиротехника» (1-кезең 8-15 желтоқсан, 2-кезең — 20 желтоқсаннан 5 қаңтарға дейін) іс-шаралары ұйымдастырылды.
Жедел жағдайды бақылау тұрақты түрде бейнебақылау жүйелері арқылы жүзеге асырылды. Жедел басқару орталығына 47 мыңнан астам бейнебақылау камерасы қосылған. Бұл адамдар көп жиналатын орындардағы жағдайды қадағалауға және ықтимал оқиғаларға жедел әрекет етуге мүмкіндік берді», – дейді Нұрлан Қапаров.
Ол сөз соңында жалпы қабылданған шаралар мереке күндері елордада жедел жағдайдың тұрақтылығын сақтауға, қоғамдық тәртіптің өрескел бұзылуына жол бермеуге және қала тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік бергенін ерекше атап өтті.



