Басты ақпаратҚала мен сала

Жаңа жобалар жүзеге асады

Астана қаласының әкімдігі биыл да экономикалық өсім, заманауи көлік және қолжетімді әлеуметтік инфрақұрылым мәселелеріне ерекше мән беруді жоспарлап отыр. Бұл ретте қала өмірін тұрғындарға ыңғайлы әрі жайлы етуге бағытталған ауқымды жобалар іске асырылуда. Осыған орай біз жақында қаланың келбетін және астаналықтардың күнделікті өмірін өзгертетін негізгі нысандар мен оқиғалар топтамасын жинас­тырдық.

Аз кептеліс – көп қозғалыс

Осы жылы коммуналдық және жеке автопарктерге 485 жаңа автобус жеткізіледі, оның шамамен 10%-ы – электр автобустар. Қозғалыстағы жалпы көліктің саны 2100 бірлікке жетеді. Негізгі назар ыңғайлылыққа, экологиялық тазалыққа және жеке көлікті қолдануды азайтуға ­аударылған.

Екінші маңызды оқиға – жеңіл рельсті көліктің (LRT) іске қосылуы, ол қазір соңғы дайындық кезеңінде тұр. Жеңіл рельсті көлік желісі қазір сынақ режимінде жұмыс істеп жатыр, станциялардың ішкі жабындысы аяқталуға жақын. Екі ай ішінде дайындық толық аяқталып, LRT-нің іске қосылуы Нұра ауданына көп қолдау болмақ. Жобаның екінші кезеңі желіні Қосшыға дейін ұзартуды көздейді – бұл бағытта күн сайын қалаға ондаған мың адам кіріп-шығады.

Астана жолдары жаңа Bus Lane жолақтарымен және «ақылды» жол шамдарымен толығады. Қазіргі кезде автобустарға арналған жолақтар 140 км-ге жетіп отыр, 2026 жылы тағы 30 км қосылады. Сонымен қатар интеллектуалды көлік жүйесі дамуда: жол шамдарының 40%-ы қазір автоматты режимде жұмыс істеп тұр, жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 82%-ға жеткізу жоспарланып отыр.

Жаңа жолдар мен көпірлер биылға да жоспарланған. А62, Қ.Мұхамедханов, ­Д.Қонаев көшелері және сегіз жолақ­ты Ш.Айтматов көшесіндегі қозғалыстың ашылуы Тұран даңғылындағы көлік инфра­құрылымына жүктемені 12%-ға азайтты. Енді 2026 жылдың басты басымдығы Н.Тілендиев даңғылы мен Ш.Бейсекова көшесінің қиы­лысындағы көпір құрылысының аяқталуы болады. Қосшыға де­йін жаңа магистралдар салу, Тәуелсіздік даңғылын ұзарту және Нұра мен Есіл аудандарында кептелісті болдырмауға көмектесетін тағы екі қосымша көпірдің құрылысын бастау биылғы жоспарда ­қарастырылған.

Халық саны мен автокөліктер санының көбеюі жүйелі шешімдерді қажет ететіні белгілі. Бұл ретте негізгі назар қоғамдық көлікке, көпдеңгейлі жолдарға және транзиттік магистралдарға аударылған. Сарапшылардың бағалауынша, бұл жобаларды жүзеге асыру көшелердегі жүктемені кемінде екі есеге азайтуға мүмкіндік береді.

Smart City: технологиялар басқаруындағы қала

Осы жылы Астанада ЖИ негізіндегі жобаларды енгізу жоспарланып отыр. Presight AI компаниясымен бірлесіп Smart City жобасы жүзеге асырылуда.

Қазір 20 мың видеоаналитикалық камера орнатылған, бүгінгі таңда олардың көмегімен әрбір екінші қылмыс ашылады.

Интеллектуалды көлік жүйесі қаланы басқарудың біртұтас цифрлық платформасына біріктірілген, бұл қандай да бір оқиғаларға тезірек әрекет етуге және қозғалысты оңтайландыруға мүмкіндік береді.

Жақында Астана әлемдік үздік стандарттарға сәйкес толыққанды көлік басқару ­жүйесіне қол жеткізуді ­жоспарлап отыр.

Білім беру: мектептер, сарайлар және инклюзия

2026 жылы 16 мың оқушыға арналған 12 жаңа мектеп салынады. Жекеменшік пен мемлекеттік серіктестік механизмі арқылы әсіресе жылдам дамып жатқан аудандарда балабақшалар ашылады.

Қосымша білім беруге ерекше назар аударылған. Қ.Мұхамедханов көшесінде 750 орынға арналған «Tanym» оқушылар сарайы іске қосылуға дайын. Келесі жылы «Tanym art» және «Tanym sport» ашылады. Жақын арада қалада барлығы 15 Оқушылар сарайын салу жоспарланып отыр, оның ішінде арнайы білім беруді қажет ететін балаларға арналған нысандар да бар.

Денсаулық сақтау: қала дамуы қарқынды

Медицина инфрақұрылы­мының тапшылығы – Астана үшін өзекті мәселе. Есіл және Нұра аудандарында 2 емхананың, ал Алматы ауданында перинаталдық орталықтың, жаңа көпсалалы қалалық аурухана және балалар травматология бөлімшесінің құрылысы басталады. Қалалық №2 аурухананың қабылдау-диагностика кешенінің құрылысы аяқталуға жақындап келеді, ал Сарыарқа ауданында перинаталдық орталық жобасын жүзеге асыру жалғасуда.

Спорт, мәдениет және қоғамдық кеңістіктер

Орталық саябақта инклюзивті спорт орталығы және шаңғы базасы пайда болады. «Қазақстан» спорт сарайы мен еліміздің ең көне спорт ны­сандарының бірі – Қ.Мұңайт­пасов атындағы стадионның реконструкциясы аяқталуда. Сонымен қатар 2026 жылы Ақордаға қарама-­қарсы жағалаудағы қабылдау үйі; Бейбітшілік және келісім саябағы жанындағы жаңа конгресс-холл; жаңарған «Қазақстан» спорт кешені; жаңа вокзал ауданындағы Мыңжылдық ­аллеясы; әл-Фараби даңғылы мен Керей-Жәнібек хандар көшелерінің қиылысындағы «Даму» саябағы; Ақбұлақ арқылы жаяу жүргіншілер көпірі – Ататүрік саябағынан жалғасатын жағалау жолы пайдалануға беріледі.

Экология және жайлылық

Green Line жобасы – сол жағалаудағы тұрғындар ең көп күткен жобаның бірі. «Хан Шатыр» сауда, ойын-сауық орталығынан Ш.Айтматов көшесіне дейінгі бульвар 2026 жылы аяқталады. Талдыкөл маңындағы экопарктағы жұмыстар жалғасуда. Айта кету керек, мұнда көлдердің негізгі учаскелері сақталған, ал Үлкен Талдыкөлдегі су көлемі 2,5-3 есе артқан.

Қалада жеке секторды газдандыру жалғасуда: тұрғын үйлердің 95%-ы газға қосылған, ал осы жылы жобаны толығымен 100% аяқтау жоспарланып отыр.

Биыл Астана үшін тек құры­лыс жылы емес, сонымен бірге қала өмірінің өз ырғағын ескере отырып, үздік тәжірибелерді бейімдейтін, технологиялық және жайлы қалаға өту кезеңі болады.

Юлия ТЕН

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button