Жаңа тарихи кезеңнің саяси-бағдарламалық құжаты

– Сыр өңірінде араға ғасыр салып өткен V Ұлттық құрылтайда көтерілген мәселелерді қоғамға бағыт-бағдар беретін, мемлекеттік саясаттың жаңа міндеттерін жүйелейтін маңызды саяси-бағдарламалық құжат ретінде қарастырамын.
Бұған дейінгі Ұлттық құрылтай отырыстарында еліміздің рухани-мәдени мұрасын әлемге таныту мәселесі бірнеше мәрте көтерілген болатын. Соның нәтижесінде нақты әрі жүйелі жұмыстар жүзеге асырылып келеді деп есептеймін. Соңғы 14 жылда алғаш рет аса құнды «Хандар шежіресі» қолжазбасының ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» деректі мұралар тізіміне енгізілуі – соның айқын дәлелі. Сондай-ақ биыл жазда Корея Республикасының Пусан қаласында өтетін Бүкіләлемдік мұралар комитетінің отырысында «Маңғыстаудың жерасты мешіттерін» ЮНЕСКО тізіміне қосу мәселесінің қаралатынын оң қадам деп бағалаймын. Қазақстанның материалдық емес мәдени мұраларды тіркеу бойынша белсенді жұмыс жүргізіп отырған 25 елдің қатарына енуі де – осы жүйелі саясаттың нәтижесі.
Сонымен бірге, Мемлекет басшысы бұл жетістіктермен тоқтап қалуға болмайтынын атап өтті. Мен де төл тарихымызды терең зерделеу, ұлттық өнер мен мәдениетті дамыту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да үздіксіз жалғасуы тиіс деген ұстанымды қолдаймын.
Президент елімізде тарихи-танымдық маңызы зор нысандардың көп екенін айта келе, таза ағаштан салынған Жаркент мешіті мен Алматыдағы Вознесенск кафедралды шіркеуін көпэтносты қоғамдағы татулық пен бірліктің, «Бірлігіміз – әралуандықта» қағидатының нақты көрінісі ретінде атап өтті. Бұл тұжырымды мен еліміздегі конфессияаралық келісімнің символы ретінде қабылдаймын.
Ұлы даланың әрбір тау- тасы халқымыздың сан ғасырлық тарихынан сыр шертетініне назар аударылды. Қаратау петроглифтері, Сауысқандық пен Арпаөзеннен табылған 17 мыңға жуық жартас суреттері – соның айқын айғағы. Төрт мың жылдық тарихы бар бұл таңбалы тастар төл өркениетіміздің тамыры тереңде жатқанын дәлелдейді және олардың ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілуге әбден лайық екеніне мен толықтай қосыламын.
Президент баяндамасында рухани ілім мәселесіне де ерекше мән берілді. Мен Абай ілімін ұлттық бірегейлігіміздің өзегі деп санаймын. Бүгінгі «Адал азамат» тұжырымдамасының ұлы ойшылдың «Толық адам» идеясымен үндесуі – соның дәлелі. Осыған байланысты Абайдың «Қара сөздерін» ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» тізіміне енгізу – уақыт талабы деп есептеймін.
Сондай-ақ отырыста Президентіміз әл-Фараби мен Қожа Ахмет Ясауи ілімдерінің ұлт руханиятының іргетасы екені орынды атап өтті. Ойшылдардың мұрасын тек мерейтойлық шаралармен шектемей, тұрақты ғылыми конференциялар мен зерттеулер арқылы жүйелі түрде насихаттау қажеттігін айтты.
Ұлттық мұраны сақтау ісінде цифрландырудың маңызы айрықша. Осы тұрғыда Мемлекет басшысының «Ұлттық цифрлық мұра» қорын құру бастамасын мен стратегиялық маңызы бар шешім ретінде бағалаймын. Ғылыми еңбектерді, мұрағаттар мен музей қорларын, өнер туындыларын бір цифрлық платформаға біріктіру – ұлттық жадымызды сақтаудың заманауи жолы.
Тарихи сананы қалыптастыру бағытында биыл көктемде Жошы хан туралы көп сериялы деректі фильмнің аяқталуы және Алтын Орда тарихына арналған халықаралық симпозиумның өткізілуі – осы жүйелі саясаттың жалғасы. Сонымен қатар, «Өр Алтай – түркілердің ата қонысы» атты халықаралық конференция түркі өркениетін кешенді зерделеуге жаңа мүмкіндік береді.
Президенттің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында тапсырылған Қазақстан тарихының жеті томдық академиялық басылымы жыл соңында жарық көрмек. Бұл еңбектің Тәуелсіздіктің 35 жылдығына орай ұсынылып, мемлекеттігімізді нығайтуға және ұлттық тарихи сананы қалыптастыруға қызмет ететініне сенімдіміз.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы баяндамасының маңызды бөлігінің бірі – жасампаз отаншылдық тұжырымдамасы. Менің ойымша, отаншылдық ұранмен емес, нақты іспен өлшенуі тиіс. «Таза Қазақстан» акциясы, волонтерлік қозғалыстар мен әлеуметтік кәсіпкерлік – азаматтық жауапкершілікке негізделген шынайы патриотизмнің көрінісі.
Сонымен қатар, заң мен тәртіп қағидатын нығайту, цифрлық қауіпсіздік, дербес деректерді қорғау, радикалды және жат идеологияларға тосқауыл қою мәселелерінің кешенді түрде көтерілуі – маңызды және уақыт талабы. Дәстүрлі отбасы институтын қолдау мен азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтау арасындағы тепе-теңдікке ерекше назар аударылды.
V Ұлттық құрылтайда қоғамды елең еткізген ұсыныстардың қатарында саяси жүйені жаңғыртуға қатысты бастамалар да болды. Бір палаталы Парламентке көшу, Халық кеңесін құру, Вице-президент институтын енгізу, Конституциялық комиссия жасақтау және кең ауқымды конституциялық реформаны референдум арқылы бекіту – билік институттарын жаңаша құрылымдауға бағытталған маңызды қадамдар.
Қорытындылай келе, Мемлекет басшысының V Ұлттық құрылтайдағы баяндамасы ел дамуының нақты міндеттермен және тұтас идеологиялық бағдармен ұштасқан, қоғамның жаңа кезеңін айқындайтын аса маңызды саяси-бағдарламалық құжат деп түйіндеймін.
Зулфухар ҒАЙЫПОВ,
ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Мемлекеттік басқару мен қоғамдық қатынастар зерттеу орталығының директоры, Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы



