Басты ақпаратҚала мен сала

Жаңа Қазақстанның цифрлық келбеті

Астана – жаңа технологиялар орталығы

Елордада өмір сүрудің негізгі салаларына заманауи технологиялар қарқынды енгізіліп жатыр. Атап айтқанда, денсаулық сақтау, құқық қорғау, білім беру, кәсіпкерлік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және басқа да бағыттарда цифрлық процестер іске қосылуда.

Ақпараттық технология қарыштап дамып, жасанды интеллект өмірдің барлық саласына дендеп енуде. Әлем елдері экономиканың жаңа секторы – креативті индустрияға басымдық бере бастады. Осындай кезеңде ұлттық цифрлық контентті дамыту мен нығайту – елдің ақпараттық қауіпсіздігі мен дербестігінің кепілі ғана емес, жаһандық цифр­лық монополияға тәуелділікті жоятын стратегиялық қадам.

Президент ­Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы 8 қыркүйектегі «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Қазақстан үш жыл ішінде міндетті түрде жаппай цифрлық ел болуы керек» деген сөзі – осы бағыттағы басты ұстанымның айқын көрінісі.

Расында жаңа заманның сын-қатерлеріне дер кезінде үн қатып, әлемдік технологиялық үдерістердің көшінен қалмау – үлкен жауапкершілік пен жедел трансформациялық реформаларды қажет етеді. Бұл бағытта әр салада түрлі деңгейде атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Соның бір парасы ұлттық телекоммуникация операторы – «Қазақтелеком» компаниясына тиесілі. Әсіресе, отандық цифрлық платформаны дамыту, медиакеңістіктегі қазақша контенттің үлес салмағын арттыру, елдің киноөндірісін қолдау, білім беру платформасы арқылы қала мен ауыл оқушылары арасындағы алшақтықты қысқартып, жалпыға бірдей қолжетімділікті қамтамасыз ету секілді ауқымды жобалар еліміздің ең ірі телеком-операторының еншісіне тиіп отыр.

Қазақша контент – уақыт талабы

Мемлекеттің креативті индус­трияны дамытудағы маңызды бір бағыты – қазақ тіліндегі сапалы дубляж өндірісін өрістету. Көркем фильмдер мен мультфильмдердің, телесериалдар мен анимациялық жобалардың қазақша сөйлеуі – тілдік ортаны кеңейтіп қана қоймай, ұлттық құндылықтарды заманауи формада жеткізуге септеседі, шетелдік туындыларды жергілікті көрерменге «ұлттық көзқарас призмасы» арқылы беруге мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысы қазақ тілінің қолданыс аясын арттыруға бағытталған практикалық жұмыстарға, оның ішінде білім беру ісіндегі, технологиядағы және медиа саласындағы қазақша контент пен цифрлық өнімдерді әзірлеуге айрықша мән беру қажет екенін айтып жүр.

Бұл орайда TV+ жобасы аясында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бүгінде аталған платформадағы қазақ тілінде дубляждалған мульт­фильмдер мен фильмдердің саны күн санап артып келеді. Қазақша дыбысталған дайын өнімдерді айтпағанда, ұлттық оператор отандық дубляж ісіне өзі де қомақты үлес қосып отыр. Мәселен, TV+ аясында алғаш рет Walt Disney студиясының танымал фильмдері мен анимациялық картиналары қазақ тілінде дыбысталып, көрерменге қосымша ақысыз ұсынылғанын атай кеткен жөн. Бұл – әлемдік студия өнімдерінің қазақша нұсқалары халыққа жүйе­лі түрде жеткізілген тәуелсіз ел тарихындағы алғашқы тәжірибе.

Қазіргі таңда платформада Disney-дің қазақша дубляждалған 60 фильмі бар болса, жыл соңына дейін 87-ге жеткізу жоспарланып отыр.

Disney-дің қазақша дубляжы – тек мәдени оқиға емес. Бұл сонымен қатар – идеология. Ұрпақтың бойына туған тілдің қадірін сіңіретін, ұлттық бірегейлікті бекітетін қадам. Бүгінгі балалар «Арыстан патшаны» қазақша көріп өссе, ертеңгі күні қазақ тілін өз өмірінің ажырамас бөлігі ретінде қабылдайды. Міне, осындай жобалардың арқасында ана тіліміз шын мәнінде қоғамды біріктіретін күшке айналады.

«Біз фильм ғана көрсетпейміз, біз армандар мен құндылықтарға жол ашамыз. Әр бала өз тілінің, өз дауысының, өз болашағының маңызын сезінуі керек» дейді онлайн платформа өкілдері. Бұл – тіл саясатының да, мәдениетіміздің де басты ұстанымымен үндесіп жатқан ой. Тілдің болашағы экранда, цифрлық кеңістікте барынша көрініс табуы тиіс.

TV+ деректеріне сенсек, биыл ең көп қаралған ТОП 100 тайтлдың 44-і – қазақ тілінде, ал олардың жиынтық көрермен саны 416 мың бірегей қаралымға жетті. Бұл көрсеткіш – қазақ тіліндегі контент үшін тарихи рекорд. Демек, олар ұсынып отырған қазақ тіліндегі сапалы контент қоғамдық сұранысқа да толық жауап беретінін көрсетеді.

Отандық сериалдарға сұраныс жоғары

Қазіргі таңда әлемдік киноөндіріс державалары телесериалдарды экспорттау арқылы оларды мәдени дипломатияның қуатты құралына, яғни «жұмсақ күшке» айналдырып отыр. Мәселен, Жапония мен Оңтүстік Корея анимелері, K-drama және K-pop сияқты мәдени өнімдерді ғаламдық деңгейде тарату арқылы оң имидж қалыптастырып қана қоймай, өздерінің мәдени ықпалын да күшейтті. Ал Түркия теледрамалары әлеуметтік және мәдени бейнелерді дәріптеп, Азиядан бастап Латын Америкасына, тіпті Батыс елдеріне дейін «Түрік әсерін» кеңінен танытып келеді. Бүгінде Түркия мен Оңтүстік Корея Голливуд пен Ұлыбританиядан кейін телесериалдарды ең көп экспорттайтын елдердің қатарына енді. Мәселен, 2024 жылы Түркия 300-ден астам сериалды 200 елге таратып, 500 миллион АҚШ долларынан астам табыс тапса, Оңтүстік Корея 2022 жылы теледрама экспортынан 561 миллион доллар кіріс иеленді. Бұл көрсеткіш оның электроника мен автомобиль өндірісінен түсетін кейбір дәстүрлі экспорттық табыстарын да басып озды.

Қазақ қоғамында да соңғы жылдары отандық сериалдардың өндірісі қарқынды дамып, сапасы артып келеді. Дегенмен, түсірілген барлық туындыға телеарналардың эфирінен орын табыла бермейтіні анық. Көрермені болмаса – кез келген туындының ғұмыры қысқа.

Осы тұрғыдан алғанда, онлайн платформалардың маңызы ерекше. Олар жаңа жобалардың кең аудиторияға жетуіне мүмкіндік беріп қана қоймай, көрерменге қалаған уақытында сапалы контент көруге жағдай жасайды.

TV+ жобасы бұл миссияны табысты атқарып келеді. Бұл жоба бүгінде жүздеген телеарналар мен 7 онлайн-кинотеатрды біріктіріп отыр.

Платформа көрермендерге көптеген отандық сериалдарды, соның ішінде Salem Entertainment компаниясының эксклюзивті 40-тан астам жобасын ұсынады. Бұл студия туындыларының жоғары рейтингі қазақстандық көрерменнің отандық сериалдарға деген зор қызығушылығын айқын көрсетіп қана қоймай, компания­ның бұл саладағы қадамының сәтті болғанын да дәлелдейді.

Жаңа маусымда Salem-нің қоғамда белең алған тұрмыстық зорлық-зомбылық, спорттағы сыбайлас жемқорлық және басқа да өзекті мәселелерді қаузайтын сериалдарының премьералары ұсынылмақ. Атап айтқанда, 2 қыркүйекте – «Шыда-2», 16 қыркүйекте – «Няня-2», 7 қазанда – «Гимназия», 15 қазанда – «Офсайд», 10 желтоқсанда – «Зомбеты», «Дорога в рай», 15 желтоқсанда «Мошенники-2» туындылары көрерменге қолжетімді болады.

Мұндай туындылар көрермен үшін тек қызықты уақыт өткізу құралы ғана емес. Олар қазақ қоғамының жаңа құндылықтарын бойына сіңіріп, Жаңа Қазақстандағы өзгерістерді экран тілімен жеткізуге ықпал ететін маңызды мәдени арнаға айналып отыр.

Басты мақсат – цифрлық теңсіздікті жою

Қазақстанның жаңа дәуірі – білім мен технологияның тоғысқан тұсы. Заманауи өзгерістер отандық білім беру саласына да жаңа міндеттер жүктеп отыр. «Қазақтелекомның» бұл бағытта да уақыт талабын тап басып, алдыңғылардың бірі болып трансформацияға ұмтылысын байқаймыз. Атап айтқанда, бұл жоба тек киноконтентпен шектеліп қалмай, білім беру бағытындағы мазмұнға ден қоя бастағаны қуантады.

Мәселен, mektep-online.kz бірлескен жобасы – осы стратегиялық міндетті жүзеге асыру жолында білім берудегі цифрлық контент жүйесіне жаңа серпін берген бастама.

Қазақстанда 8 мыңға жуық мектеп бар, онда 3,5 миллионнан астам оқушы білім алады. Сапалы білім – әр баланың құқығы дейтін болсақ, олардың бәріне бірдей сапалы білім ұсыну үшін цифрлық құралдар аса қажет. «TV+  платформасында «Back to school» акциясымен ұсынылып отырған бейнесабақтар сырқаттанып сабақтан қалып қойған немесе мектепте білім алуға мүмкіндігі шектеулі балаларға Қазақстанның қай түкпірінде өмір сүрсе де, ата-анасының әлеуметтік жағдайына қарамастан сыныптағы материалды толық меңгеруі үшін тең мүмкіндік береді» дейді TV+ жобасының контент-директоры Сандуғаш Рахымжанова.

Жоба тек оқушыларға ғана емес, мұғалімдерге де үлкен көмекші құрал болып отыр. Платформада математика/алгебра, физика, химия, биология, геометрия пәндері бойынша барлығы 5536 бейнесабақ қазақ және орыс тілдерінде ұсынылып отыр. Одан бөлек, әдістемелік нұсқаулықтар, жаттығу тапсыр­малары мен тесттер бар.

Бұл – мұғалімнің уақытын үнемдеп, сабақ сапасын арттыратын мүмкіндік. Ал ата-аналар үшін баласының білімін бақылап отырудың қосымша тетігі.

Платформаның ең басты ерекшелігі – оны қолдану үшін күрделі қосымшалар орнатудың қажеті жоқ, браузер арқылы кіруге болады. Сондай-ақ курс­тарды оқу жоғары жылдамдығы бар интернетті қажет етпейді.

Мемлекет басшысы «Цифр­ландыру мен жасанды интеллектіні игеру білім саласындағы теңсіздікті еңсеріп, оқу сапасын айтарлықтай арттыруға үлес қосады» деген болатын. Міне, mektep-online.kz – Президенттің осы ұстанымына толық үндес келетін жоба.

Заң үстемдігі – әділетті қоғамның тірегі

Қоғамның тұрақтылығы мен дамуы ең алдымен заң үстемдігіне байланысты. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кешегі Жолдауында: «Заң және тәртіп» – мемлекетіміздің мызғымас тұғыры. Қоғамда осы қағиданы түбегейлі орнықтыру үшін барлық құзырлы органдар арасында ортақ көзқарас пен ортақ ұстаным болуға тиіс. Бұл – ең алдымен, ешқандай құқық бұзушылыққа жол бермеу қағидасы, яғни кез келген заңсыздыққа қарсы тұру деген ұстаным. Сондықтан мемлекеттік органдардың осы бағыттағы жұмысын барынша қолдау қажет. Сонда ғана елімізде құқық бұзушылыққа, озбырлық пен зорлық-зомбылыққа қарсы сана-сезім қалыптасады, қоғамға жат кез келген әрекетке төзбеушілік пайда болады. Бұл – мемлекет үшін ғана емес, әрбір азаматтың күнделікті өмірінде басшылыққа алатын басты қағида, – деп ерекше атап өтті.

Осы ұстанымды кеңінен насихаттау мақсатында «Қазақтелеком» компаниясының TV+ платформасында арнайы «Заң және тәртіп» контент топтамасы ұсынылып келеді. Бұл – тек тележобалар жиынтығы емес, қоғамға құқықтық мәдениет пен жауапкершілікті жеткізетін маңызды ақпараттық-идеологиялық құрал.

Жоба басшыларының бірі Сандуғаш Рахымжанова: «Заң және тәртіп» топтамасы азаматтарға құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған. Заң үстемдігі мен әділеттілікті қоғам санасына сіңіру – мемлекеттік саясаттың басты бөлігі. Медиа алаңдағы осындай жобалар ресми түсіндіруден гөрі көрер­менге жақын, тартымды әрі әсерлі болатынын ескердік» дейді.

Бүгінде аталған топтамамен берілген медиамазмұн шетелдік үздік киноөнімдермен қатар «Патруль-7», «Жауап бер», «Прокурор», «Qaitalanbas», «Закладка» секілді отандық контентпен де қамтылған.

Құқық қорғау органдарының қызметін ашық көрсететін бұл туындылар халықтың оларға деген сенімін арттырады. Тәртіп сақшыларының күнделікті еңбегі, сот пен прокуратураның қызметі, төтенше жағдайларда көрсетілетін көмек – бәрі де қоғамға заңның әділдігі мен мемлекеттің жауапкершілігін етене танытады.

Заңға бағыну – кез келген өркениетті қоғамның мәдениетінің көрсеткіші. «Заң және тәртіп» топтамасы осы құндылықты дәріптеу арқылы ұлттық бірегейлік пен мемлекетшіл санаға үлес қосып отыр. Бұл – Жаңа Қазақстан құндылықтарының медиа кеңістіктегі көрінісі.

Жаһандық цифрлық дәуірде ұлттық мүдде мен мәдени болмыс­ты сақтап қалудың ең пәрменді жолы – өзіміздің сапалы цифрлық контентімізді қалыптастыру. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, цифрландыру мен жасанды интеллект – мемлекеттік саясаттың басым бағыты. Бұл бағыттағы стратегиялық қадамдардың нақты жүзеге асуы «Қазақтелеком» секілді ұлттық оператордың жобаларынан айқын көрінеді.

Ұлттық контентті дамыту жай ғана мәдени бастама емес, ол – мемлекеттің идеология­лық тірегі, тілдің болашағын айқындайтын, жаңа ұрпақтың құндылықтарын қалыптастыратын стратегиялық міндет. Сондықтан цифрлық теңсіздікті жою, қазақша контенттің үлесін арттыру және Жаңа Қазақстанның құндылықтарын экран тілімен жеткізу – ел дамуының жаңа дәуіріндегі басты бағдарға айналмақ.

Айгүл УАЙС

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button