Басты ақпаратҚоғам

Жаңа поэзия және біз…

Сөйтіп, Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен өтіп жатқан Қазақстан Жазушылар одағы Астана филиалының «Қаламгер ұстаханасы» жобасының биылғы кезеңі белгілі ақын, ғалым Сұраған Рахметұлының «Жаңа поэзия һәм біз» тақырыбындағы қорытынды дәрісімен тәмамдалды.

Кездесу әдеттегідей филиал төрағасы Бауыржан Бабажанұлының кіріспе сөзімен басталды. Ол биылғы дәрістер топтамасының Сұраған Рахметұлы лекциясымен түйінделетінін атап өтіп, ақынның шығармашылық жолы мен қазақ поэзиясына қосқан үлесіне қысқаша шолу жасап, ақынның поэзиядағы өзіндік мектебін, ғылыми ізденісін, жаңа ой алып келуін атап көрсетіп, қатысушыларды оның дәрісін зейін қоя тыңдауға шақырды.

Ары қарай Сұраған Рахметұлы «Жаңа поэзия» ұғымы төңірегінде кеңінен сөз қозғап, қазіргі поэзияның жай-күйі мен бағыт-бағдарына тоқталды. Оның айтуынша, жаңа поэзия адамзат руханиятының бір биік белесі. Және бұл – XVIII ғасыр­дың ортасынан бастау алып, XIX ғасырда кемеліне келіп, XX ғасырда шырқау шегіне жеткен ғаламат құбылыс.

«Жаңа дегенді жиі айтамыз, бірақ ескі дәстүрсіз жаңа – құр ұғым. Ескінің бір аты – жаңа. Біздің поэзия – әлемдік кеңістіктегі ең ірі поэзиялардың бірі. Қазақта жыраулар дәстүрі бар, оның арғы жағында тағы да жыраулар бар, тіпті Ғұн дәуіріне дейінгі ерекше руханияттың ішінде қазақ поэзиясындай тамыры кең тараған бірде-бір поэзия жоқ» деп бір тоқталды.

Сонымен қатар, ол бүгінде жаңа әдебиетті жасап жүрген жастарды да атап өтті. Залда отырған ақындар – Ықылас Ожай, Қарлығаш Қаба, Ұмтыл Зарыққан, Тізімбек Анаш, Файзолла Төлтай, Бауыржан Қарағыз секілді бауырларын мысалға келтіріп, олардың поэзиядағы ізденістерін жаңашылдықтың бір көрінісі ретінде атады. Сондай-ақ дәріс барысында әр сөзіне тарихи мысал келтіре отырып, жаңашылдықтың жаспен байланысты екенін де атап өтті.

«Біз он тоғызыншы ғасыр­дың ортасында өмір сүрген жаңашылдардың жас жағдайларын зерттеп көрдік. Сонда олардың әрқайсысы да қырық неше жасында бар дүниені ақтарып кеткен. Мысалы, Виктор Гюго 82 жыл жасаған. Сол ғұмырының ішінде ол барлық дүниелерін 40 неше жасында жазып бітірген. Өмірінде 79 том қалдырған атақты Виктор Гюго 1970 жылы мен тұрған Баянөлгейде моңғол тіліне аударылды. Қазақшасы – Зауал. Сол менің өлеңіммен тұспа-тұс келді. Өйткені қызық дүние сол кезде социализм, социалистік реализм сияқты қиын жағдайдың ішінде отырған кезімізде қолымызға ұстаған осы бір керемет дүниелер болды. Әлемдік жауһарларды сол кезде тамырымызға жинап соны Тәуел­сіз Қазақстанға алып келуге біраз мүмкіндіктер жасаған сияқтымыз деп ойлаймын» деді Сұраған Рахметұлы.

Сонымен қатар, ақын тарихи жад ұғымына да тоқталып, оны ұлттық рухпен байланыстырып, батыс ойшылдарын да мысалға алып, қазақ оқырманына ой сала сөйледі.

«Тарихи жад деген – ғажап дүние. Оны біз ең әуелі қазақтың ұлан-асыр кешкен іздерінен қарап біліп жүрміз. Бір өкініштісі, отырықшылардың тарихын жазған Арнольд Тойнби бар. Ол қазақ тіліне аударылды ма, аударылмады ма, білмеймін. Тарихты оқу үшін біз соны оқуға міндеттейміз. «Өркениет тарихы» бар. Кант жазған, оның ерекше бір таластары бар. Соны да кей жағдайда жастар тереңдеп оқи алмай жүр ме деген күдігім бар. Бізде жаңа дүние бар ма? Бар болса қайда? Біз тек қана Батысты тілге тиек етіп, соны құндылық ретінде миымызға тоқып алған жоқпыз ба деген күдігіміз бар. Социализм кезінде бізде жалғыз терезе болды. Ол Мәскеуде болды. Сол Мәскеудегі терезеден біз әлемге қарадық. Әлемге қараған кезде де Мәскеу­дің өзінде үлкен қайшылықтар тұрды. Сол кезде жазушы М.Булгаков «Ит жүрегін» жазды. Набоков те жазып жатты. Сол кездерде біз нені ойладық. Бізде тәуелсіз сана болса дегенді армандадық. Бізде ерекше еркін сана болса деп армандадық. Бізде тәуелсіз сана болғанмен, еркіндік болған жоқ. Сартрдың сөзі бар. Ол рухани еркіндікті айтады. Бір қарағанда, әлемдік ғажаптар Сартрды абсурд ретінде қабылдайды. Есалаң, тағы басқа дейді. Кім не айтса да, Сартрдың рухани еркіндігін біз қабылдап, игеріп жүрміз. Ницше айтқаны секілді. Оның айтқанының бір ерекшелігі – «Құдай қайтыс болды» деген уақыт. Ол Құдай өлді деп тұрған жоқ. Құдайға деген сенім өлді деп тұр. Сондықтан осы сенімнің барлығы кезінде жүйенің құрбаны болып кете берді. Сол уақыттарда әрине, қалай біз өмір сүре аламыз, не істейміз, жаңартуды қалай жасаймыз деп ойлайсың. Сол кезде біздің қолымызға келген атақты Гогольдің «Есалаңның жазбалары» жындының жазбалары. «Мұрын» дегенді білесіздер ғой. «Мұрын» шыққаннан кейін әлемде үлкен үдеріс пайда болды. Огюст Роден деген мүсінші  де өзінің мүсінін жасады. Осы жағдайлардың бәрін қарап, екі көзің жаңағы жалғыз терезеден телміріп, енді қайтеміз деп жүрген уақытта Қазақстанның ішкі бұлқынысын көрдік біз» деді ақын.

Жанр мәселесін сөз еткенде ол көптеген жанрлардың жоғалып кеткенін айтып, «Соның ішінде бізге барған үш үлкен поэма болды. Сәбит Мұқановтың «Сұлушашы», Ілияс Жансүгіров­тің «Құлагері», Абай өз алдына» деген ақын бұл шығармалар шетелдегі қазақтарға ерекше әсер еткенін атап өтті. Бұдан бөлек ақын жаңа поэзияның стилі, тілдің тынысы, көркемдік өрнегі туралы ой қозғап қана қоймай, аударма мәселелерін де қаузап, өзге әдеби мұраны қазақы таныммен игеру жайын тілге тиек етті.

Дәріс соңында қатысушылар пікір алмасып, сұрақтар қойып, шығармашылық бағыттар жайында әңгімелесті. Осылайша «Қаламгер ұстаханасы» жобасының биылғы маусымы мазмұнды ой, терең талдау, рухани қозғау салған кездесумен аяқталды.

Шапағат ӘБДІР

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button