
Жалпыұлттық коалиция өкілдері елордалық «Radisson Hotel Astana» қонақүйінің ұжымымен кездесу өтіп, онда Жаңа Конституция жобасында қамтылған негізгі өзгерістер, кәсіпкерлік ортаға берілетін құқықтық кепілдіктер, заң үстемдігі және адами капиталды дамыту мәселелері кеңінен түсіндірілді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Кездесу барысында қонақүй және сервис саласы өкілдері үшін бизнестің еркін дамуына жағдай жасау, жеке бастамаға қолдау көрсету, еңбек адамының құқығын қорғау, отбасы институтын нығайту және қоғамдағы құқықтық мәдениетті арттыру бағыттары сөз болды. Спикерлер жаңа өзгерістердің мәні тек саяси жаңғыруда ғана емес, сонымен бірге экономикалық белсенділікті күшейтуге, кәсіп иелерінің сенімін арттыруға және елдегі тұрақты дамуға серпін беруде екенін атап өтті.

Іс-шараға Астана қалалық мәслихатының депутаты Оразалина Динара, Сәкен Сейфуллин атындағы музейдің директоры Әбсеметов Марат, «Ақ жол» партиясының мүшесі Смағұлова Балауса, сондай-ақ, Ыбырайым Нұрлан мен кәсіпкер Тәңірберген Дәулет қатысты.
Спикерлер өз сөздерінде Конституция жобасында бизнес субъектілерінің құқықтық қорғалуын күшейту, әділ бәсекелестік пен меншікке құрмет қағидаларын орнықтыру, дау-дамайды құқықтық алаңда шешу мәдениетін дамыту маңызды орын алатынын жеткізді. Бұл өзгерістер әсіресе қызмет көрсету саласы үшін өзекті. Өйткені тұрақты құқықтық орта, айқын ереже және азаматтық жауапкершілік – қонақүй бизнесі секілді сервистік сектордың сапалы дамуына тікелей ықпал етеді.
Кездесу аясында адвокатура институтының рөлін күшейту, азаматтардың құқықтық қорғалу тетіктерін жетілдіру, сондай-ақ адами капиталға инвестиция салу мәселелері де кеңінен қозғалды. Қатысушылар білімді, бастамашыл, құқықтық сауаты жоғары азамат қалыптастыру – елдің ұзақмерзімді бәсекеге қабілеттілігінің басты шарты екеніне тоқталды.
«Адвокатура институтын күшейту, адам құқығын қорғау және адами капиталға басымдық беру – заман талабы. Экономика да, бизнес те ең алдымен құқықтық қорғалған, білімді және белсенді азаматқа сүйенгенде ғана алға жүреді», – деді, «Ақ жол» партиясының мүшесі Смағұлова Балауса.

«Жаңа өзгерістердің өзегі – қоғамды заңға сүйенген, жауапкершілігі жоғары ортаға айналдыру. Конституциядағы жаңашыл бастамалар азаматтық сананы күшейтіп қана қоймай, кәсіпкерлікке де сенімді құқықтық негіз қалыптастырады», – деді Сәкен Сейфуллин атындағы музейдің директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Әбсеметов Марат.
Жиын ашық пікір алмасу форматында өтті. Қонақүй ұжымы бизнеске қолайлы орта қалыптастыру, еңбек қатынастарының әділдігі, қызмет көрсету саласындағы жауапкершілік пен кәсіби стандарттар туралы өз ойларын ортаға салып, көтерілген мәселелердің қоғам үшін өзектілігін атап өтті.
Айта кетейік, Radisson Hotel Astana — халықаралық Radisson желісіне кіретін заманауи қонақүй. Қонақүй туристер мен іскер қонақтарға арналған кең ауқымды қызметтерді ұсынады.



