Жаңа квартеттің алғашқы концерті

Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның «Халық әні» бөлімінің жанынан квартет құрылды. Дәстүрлі әншілер, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегерлері Берік Омаров пен Данияр Мұқан, гитараның құлағында ойнайтын Ершат Қайырхан және сырнаймен әнді тамылжыта шырқайтын Рахат Бегасылов сынды өнерпаздардан тұратын өнер ұжымы «Сары дала» атауымен алғашқы концертін өткізді.
Ұжым мүшелері – өнерін қалыптастырған азаматтар. Атап айтқанда, Берік Омаров – Қазақстанның дәстүрлі ән байқауларының бірнеше дүркін лауреаты. Соның ішінде Ж.Елебеков, К.Әзірбаев, Ә.Қашаубаев, Ә.Найманбаев атындағы республикалық байқауларда және «Шабыт», «Ертіс әуендері» фестивальдерінде, басқа да ән сайыстарында топ жарды. Өнер жолын Ә.Қашаубаев атындағы Мемлекеттік филармониядан бастап, Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияда жемісті жалғастырып жатыр.
Данияр Мұқанның астаналық филармонияда қызмет ете бастағанына 20 жылдың жүзі болды. Осы уақыт аралығында «Халық әні» бөлімінің негізін қалаушылардың біріне айналды. Студент шағынан республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты атанды. 2008 жылы «Шабыт» фестивалінде бас жүлдені қанжығалап, Әміре Қашаубаев атындағы байқауда, Уфадағы дәстүрлі және эстрада әншілері арасында өткен фестивальде жүлделі орындарға ие болған. Ал 2011 жылы Қытайда, Түркияда өткен өнер фестивальдерінде, 2012-2013 жылдары Францияның Париж қаласында өнер көрсетті.
Ершат Қайырханды алғашқыда белгілі әнші, композитор, актер Қадырғали Көбентайдың шәкірті ретінде таныдық. Бүгінде өнерде өз жолымен келе жатқан өнерпаздың есімі ел-жұртқа біраз танылып қалды.
Рахат Бегасыловты кешегі Нартай мен Тайжанның жолдарын жалғастырушы, олардың ізбасары деп танимыз.
Осы өнерпаздар көрерменге кең даланың сарыны мен қазақы рухтың әуезін тоғыстырған ерекше бағдарлама ұсынды. Кеш барысында қазақ музыкасының әр дәуірін қамтитын туындылар орындалды. Концерт белгілі композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Кентау Назарбектің сөзі мен әніне жазылған «Сыйласқанға не жетеді» әнімен ашылып, бұдан кейін Жанай Әбдірахманның «Туған жер», Қанат Боханның «Баркөл», Теміржан Базарбаевтың «Тамаша» сияқты әсерлі әндермен жалғасты.
Өнердегі әріптестерін қолдап келген белгілі дәстүрлі әншілер Зинат Қасымова Шәмші Қалдаяқовтың «Арайлым Ақкелес» әнін, ал Тельман Нұркенов Түгелбай Қазақовтың «Жаңбыр төкті» және Құрман Әкбарияның «Ақ көйлек» әндерін орындады. Жақсыкелді Маясаров Теміржан Базарбаевтың «Атың кім, қалқа?» әнін көрерменге ұсынды. Бағдарламада қазақ музыкасының алтын қорына енген туындылар да шырқалды. Атап айтқанда, Ескендір Хасанғалиевтың «Бозторғай», Шәмші Қалдаяқовтың «Сен сұлу», Әбілахат Еспаевтың «Маржан қыз» сияқты әндері көрерменнің құлақ құрышын қандырды.
Кештің екінші бөлімі халық әндері мен халық композиторларының туындыларына арналды. Жаңа квартет «Шырмауық», «Тау ішінде», «Қарғаш-ай», «Бүлдірген» әндерін шырқап, Сәулежан Тағзия «Ауылым – алтын бесігім» және «Ақ ерке» туындыларын әуелетті.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ



