
Астанада Конституциялық комиссияның кезекті отырысы өтті. Отырыс барысында жалпыхалықтық талқылау нәтижесінде түскен ұсыныстар, сондай-ақ жаңа Конституция жобасын пысықтау мәселелері қаралды. ҚР Конституциялық Соты төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұхановтың айтуынша, жаңа Конституция жобасы жарияланған сәттен бастап әртүрлі арналар арқылы 4 мыңнан астам ұсыныс келіп түскен, олардың барлығы Конституциялық комиссия тарапынан мұқият зерделенуде, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Оның айтуынша, осындай мазмұндағы ұсыныстар азаматтардың өтініштерінде де кездескен.
Сонымен қатар, 6-бапта мемлекеттік органдарда саяси партия ұйымдарын құруға жол берілмейтіні туралы норманы бірінші тармақтан дәл сол редакцияда екінші тармаққа көшіру ұсынылады.
«Бұл норма аталған баптың екінші тармағының ережелерін қисынды түрде толықтырады деп есептейміз. Аталған тармаққа сәйкес, мемлекеттің қоғамдық бірлестік ісіне, ал қоғамдық бірлестіктің мемлекет ісіне заңсыз араласуына және қоғамдық бірлестікке мемлекеттік орган функцияларын жүктеуге жол берілмейді», – деді Бақыт Нұрмұханов.
Жобаның 12-бабы Қазақстан Республикасының азаматтығы мәселелеріне арналған. Осы баптың 3-тармағына түзету ұсынылады. Оған сәйкес, Қазақстан Республикасының азаматында қос немесе көп азаматтығы болуына жол берілмейді. Өзге ел азаматтығының болуы заңда көзделген тәртіппен және белгіленген жағдайда Қазақстан Республикасының азаматтығын тоқтатуға негіз болады.
Енгізілген ұсыныстардың ішінде мемлекеттік билік органдары мен олардың қызметшілерінің құқыққа қайшы әрекеттері салдарынан келтірілген зиянның өтелуіне әркімнің құқығын Конституцияда бекіту мәселесі үлкен қызығушылық танытады.
Сондай-ақ Конституция жобасының 18-бабы нақтыланды: жаңа редакцияға сәйкес, сот шешімінсіз адам заңда көзделген мерзімнен артық уақытқа қамауда ұсталмайды.
Парламент Сенаты жанындағы Инклюзия жөніндегі кеңестің төрайымы Ләззат Қалтаева жаңа Конституция мәтінін ерекше қажеттіліктері бар адамдарға бейімдеу туралы ұсыныс білдірді.
«Конституция мәтінін кейіннен қолжетімді форматтарға көшіруді қосу қажет деп санаймын: көру қабілеті бұзылған адамдар үшін – Брайль қарпімен, ал зияткерлік бұзылыстары бар адамдар үшін – түсінікті және қарапайым тілде жазу керек. Жалпы, жаңа Конституция жобасында көзделген нормалар азаматтардың мемлекет басқару ісіне қатысуын кеңейтуге бағытталған, бұл инклюзия және әлеуметтік тұрғыдан осал топтардың құқықтарын қорғау мәселелерін тиімді шешуге қосымша мүмкіндіктер береді. Осы тәсілдерді және сарапшылар қауымдастығы, азаматтық қоғам өкілдері мен азаматтар тарапынан айтылған сындарлы ұсыныстарды ескере отырып, жаңа Конституция жобасын құқықтық және әлеуметтік мемлекетті одан әрі дамытуға арналған маңызды негіз ретінде қолдауға болады деп есептеймін», – деді Ләззат Қалтаева.
Экология саласындағы жауапкершілікті күшейту және қоршаған ортаны қорғау нормаларын Конституциялық деңгейде бекіту қажеттігін Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев көтерді.
«Аралды құтқару — барша адамзат үшін әлі де өте өзекті міндет. Арал теңізінің тағдыры – ауыр сабақ. Мемлекеттің қолайлы қоршаған ортаны қамтамасыз ету міндеті, азаматтардың экологиялық қауіпсіздікке қатысты құқығы туралы нормаларды біз толық әрі саналы түрде қолдаймыз», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Оның айтуынша, жаңа Конституция жобасында экологиялық ақпараттың ашықтығын қамтамасыз етуге және қоршаған ортаға зиян келтіргені үшін жауапкершілікті арттыруға бағытталған нормалар қарастырылған. Бұл өзгерістер экология саласындағы мемлекеттік бақылауды күшейтіп, өңірлерде алдын алу шараларын тиімді іске асыруға мүмкіндік береді.
Құжат әлеуметтік теңсіздікті қысқартуға, ауылдық аумақтарды қолдауға, жұмыспен қамтуды кеңейтуге және инфрақұрылымды жүйелі түрде дамытуға құқықтық негіз қалыптастырады.
Парламент Мәжілісінің депутаты Максим Рожин еңбек етуге құқығын конституциялық деңгейде бекіту мәселесіне тоқталды. Оның пікірінше, бұл – еңбек адамының экономикалық және қоғамдық өмірдің белсенді қатысушысы ретінде танылуының көрінісі.
«Еңбек адамы – экономиканың құралы емес, мемлекеттің басты құндылығы. Жаңа Конституция жобасының негізгі идеясы — мемлекет үшін ең қымбат нәрсе өндіріс көлемі немесе пайда емес, адамның өзі. Жобада әркімнің: еңбек етуге, қауіпсіз жағдайда жұмыс істеуге, еңбегі үшін кемсітусіз әділ ақы алуға құқығы конституциялық деңгейде бекітіледі», – деді ол.
ҚР Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары Ольга Перепечина жаңа Конституция Қазақстанда өкілетті билікті күшейтіп, азаматтардың сенімін арттырып, жетілдірілген парламенттік мәдениетті қалыптастырады деп есептейді. Бұл ретте, Ата заңды қабылдау мәселесі бүкілхалықтық референдумға шығарылуға тиіс.
«Парламент рөлін Құрылтай институты арқылы қайта қарау негізгі шешімдердің бірі. Құрылтай екі палатаның ізбасары және жоғары өкілді органның жаңа атауы болып табылады. Бұл оның мемлекеттік билік жүйесіндегі ерекше маңызын, тарихи дәстүрмен байланысын және халық алдындағы жауапкершілігін көрсетеді. Мәселе институттың символдық және саяси мәртебесін күшейте отырып, оның парламенттік табиғатын сақтау туралы болып отыр», – деді Ольга Перепечина.
Оның айтуынша, Конституция жобасында Құрылтайдың ішкі ұйымдастырылуына, оның ішінде комитеттері мен комиссияларының қызметіне де ерекше назар аударылды. Сенат Төрағасы орынбасарының пікірінше, олардың жұмыс істеу негіздерін конституциялық деңгейге шығару парламенттік жүйені нығайтуға маңызды қадам.
«Жаңа Конституция жобасы өкілетті билікті күшейтуге, азаматтардың сенімін арттыруға және жетілдірілген парламенттік мәдениетті қалыптастыруға бағытталған. Біздің азаматтарымыздың жобаға деген белсенді қызығушылығын ескере отырып, Конституцияны қабылдау мәселесін бүкілхалықтық референдумға шығару ұсынысына қолдау білдіргім келеді. Аталмыш жобаны қолдай отырып, біз оны жүзеге асыруға және еліміздің парламенттік жүйесін одан әрі дамытуға жауапкершілік алуға дайын екендігімізді дәлелдейміз», – деді Ольга Перепечина.
Конституциялық комиссия отырысында Конституцияда «волонтерлік» ұғымын бекіту ұсынылды. Бұл бастаманы Парламент Мәжілісінің депутаты, «Ұлттық волонтерлік желі» ЗТБ жетекшісі Вера Ким көтерді.
«Жаңа Конституция жобасына ұсыныстар жинау жарияланған сәттен бастап маған волонтерлік ұйымдар мен еріктілердің өздерінен 31-баптың 2-тармағын «волонтерлік» деген сөзбен толықтыру туралы өтініштер бірнеше рет келіп түсті. Осыған байланысты Қазақстанда әлеуметтік қамсыздандыру мен қайырымдылықты құруды көтермелеумен қатар волонтерлікті ынталандыруды бекітуді ұсынамын», – деді ол.
Оның айтуынша, бұл бапта әлеуметтік қолдауды қамтамасыз етудегі мемлекет ынталандыратын қоғамның қатысу нысандары келтірілген. Атап айтқанда, онда сақтандыру мен қайырымдылық көрсетілген, бірақ басқа маңызды нысан – азаматтардың жеке өтеусіз еңбегі көрсетілмеген.
«Еріктілер төтенше жағдайлар кезінде, ауруханаларда көмектеседі, әлеуметтік салада қарттарды, балаларды, мүгедектігі бар адамдарды, қиын жағдайда отбасыларды қолдайды. Бұл бүкіл ел бойынша жұмыс істеп жатқан әлеуметтік қолдау жүйесінің маңызды бөлігі» – деді Вера Ким.
Вера Ким бұл бастаманы бүкіл еріктілер қозғалысының атынан көтеріп отырғанын айтты.
Конституциялық комиссия жұмысы жалғасады.



