Ел тынысыСаясат

Жаңа Конституция – жүйелі жаңғыру кепілі

Алматы ауданында жаңа Конституция нормаларын түсіндіру бойынша кездесу өтті. Іс-шараға Конституциялық кеңестің мүшесі, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, заң ғылымдарының докторы, профессор Марат Башимов пен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Павел Казанцев спикер ретінде қатысып, конституциялық реформаның басым бағыттарын кеңінен баяндады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Кездесу барысында әділеттілік қағидаттарын нығайту, азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысу мүмкіндіктерін кеңейту және адам құқықтары мен бостандықтарының кепілдіктерін күшейтуге бағытталған негізгі өзгерістер талқыланды. Жиынға білім, денсаулық сақтау, кәсіпкерлік, үкіметтік емес ұйымдар және өзге де салалардың өкілдері қатысып, өз пікірлерін білдірді.

 

 

Аудан әкімі өз сөзінде конституциялық реформаның маңызына тоқталды.

– Конституциялық реформаның басты мақсаты – адам құқықтары мен бостандықтарын мемлекеттік саясаттың өзегіне айналдыру, саяси жүйені жаңғырту және халықтың мемлекеттік басқаруға қатысу тетіктерін кеңейту. Жаңа конситутуцияда алғаш рет адам құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің басты басымдығы ретінде бекітілді. Әділеттілік, заң және тәртіп қағидаттары конституциялық деңгейде айқындалды. Цифрлық ортада азаматтардың құқықтарын қорғау нормалары енгізілді. Білім, ғылым және инновация мемлекет дамуының негізгі бағыты ретінде белгіленді. Бүгінгі кездесудің мақсаты – осы нормалардың мәнін терең түсіну және қоғаммен ашық диалог жүргізу, – деді Рүстем Тәуекелов.

Мәжіліс депутаты Павел Казанцев өзгерістердің тарихи мәнін айырықша атап өтті. «Бүгінгі Конституциядағы өзгерістер – жай ғана түзету емес, бұл еліміздің жаңа кезеңіне сай жүйелі жаңғыру. Қазіргі жоба адам құқықтарын мемлекеттік саясаттың өзегіне айналдырып, білім мен ғылымды стратегиялық басымдық ретінде бекітіп, цифрландыру мен заманауи басқару тетіктерін күшейтеді. Басты мақсат – әлемдік тұрақсыздық жағдайында шешім қабылдау үдерісін жеделдетіп, мемлекеттің тиімділігін арттыру. Сондықтан әрқайсымыз бұл мәселеге эмоциямен емес, жауапкершілікпен қарап, саналы таңдау жасауымыз қажет» деді депутат.

Марат Башимов баяндамасында жұмысшылардың құқықтарына ерекше назар аударды. Депутаттың айтуынша, соңғы жылдары қысқа мерзімді еңбек шарттары, қызметкерлердің әлеуметтік қорғалуының әлсіреуі қоғамда көп мәселелер туғызған. Осыған байланысты жаңа Конституция аясында еңбек ету құқығы нақты әрі күшейтілген түрде бекітілді, енді осы заңға сәйкес жұмысшылардың құқығы, нақтылап айтсақ, жалақы, демалыс алу және еңбек шарттарының айқындығына дейін заңнамалық деңгейде қайта қаралады. «Бұл қарапайым азаматтардың құқықтарын нақты қорғауға бағытталған маңызды қадам болмақ» деді депутат. Сонымен қатар ол цифрлық дәуірде азаматтардың жеке деректерін қорғау аса маңызды екенін айтып, цифрлық ақпарат қауіпсіздігін Конституция деңгейінде бекіту жөніндегі өз ұсынысы қолдау тапқанын да атап өтті.

Кездесу соңында қатысушылар тарапынан сұрақтар қойылып, өзара пікір алмасты. Жаңа заңға қатысты тың талаптар да айтылды. Сұраққа жауап берген спикерлер жаңа Конституция жобасы қоғамның дамуына серпін беріп, әділетті әрі тиімді мемлекет қалыптастыруға негіз болатынын атап өтті. Сондай-ақ конституциялық реформаның мәні мен маңызы кеңінен түсіндіріліп, азаматтарды белсенді азаматтық ұстаным танытуға шақыру басты назарда болды.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button