Басты ақпаратЕл тынысы

Жаңа кезеңнің басымдығы қандай?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауы жаңа кезеңнің бағытын айқындап, алдымызға тың міндеттер қойды. Бұл құжат тек болашаққа бағдар ғана емес, сонымен бірге цифрлық технологияның көмегімен нақты нәтижеге қол жеткізуге шақырған үндеу сынды естілді. Осы мәселеге қатысты Парламент Сенаты жанындағы Сенаторлар кеңесінің мүшесі Еділ Мамытбековтің пікірін білдік.

– Жолдаудың негізгі мәнін түсіну үшін, оның эволюциясын білу маңызды деп білемін. Жалпы, Президент Жолдауларын қалай талдайсыз, негізгі идеясы неде?

– Дұрыс айтасыз, құжаттың мазмұнын терең түсіну үшін, алдымен елдің саяси-экономикалық трансформациясының кезеңдерін білуіміз керек.

2019-2021 жылдары билік транзитінен кейінгі тұрақтандыруға және «Құлақ асушы» тұжырымдамасын орнықтыруға басымдық берілді. Бұл кезең халықтың сенімін арттыру мен билік пен қоғам арасындағы диалогты нығайтуға бағытталғанын көруге болады.

2022 жылы «Жаңа Қазақстанды» қалыптастыру идеясы күн тәртібіне шықты. Оның мәні – ескі институттарды жаңарту, саяси жүйені әділдік пен ашықтыққа бейімдеу, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету болды.

2023-2024 жылдары назар реформаларды тереңдетуге және институционалдық өзгерістерге ауды. Парламент пен сот жүйесін жетілдіру, билік тармағының теңгерімін күшейту және экономиканы әртараптандыруға басымдық берілді.

2025 жылғы Жолдау – жаңа кезеңнің бетбұрысы. Мұнда цифрлық трансформация мен жасанды интеллект экономиканың жаңа драйвері әрі ел дамуының негізгі идеологиялық тірегіне айналды. Бұған дейін Мемлекет басшысы цифрландыру мен IT-ға ішінара тоқталып келсе, бұл жолы «қызыл сызықты» нақты сызып, заманауи технологияны мемлекеттік басқаруды қайта құрудың басты құралы ретінде белгілеп берді.

Ал Жолдаудың негізгі идеясы – «халықты тыңдау» тәсілінен «технология арқылы халықты болашаққа бағыттау» стратегиясына көшу болып табылады.

Бұл – Қазақстанды әлемдік трендтерден қалып қоймауға, жаңа индустриялық-цифрлық өркениеттің белсенді қатысушысына айналдыруға бағытталған қадам.

– Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында елдің дамуын тежейтін түйткілдерге де тоқталды. Солай емес пе?

– Президент Қазақстанның ілгерілеуіне кедергі келтіріп отырған бірқатар негізгі түйткілді атап өтті.

Жиырма жылдан астам уақыт бойы экономиканы әртараптандыру шаралары жүргізілгенімен, шикізатқа тәуелділік әлі де жойылған жоқ. Оның басты себебі – инвестицияның басым бөлігі шикізат секторына бағытталуы. Соның салдарынан өңдеу өнеркәсібінің ЖІӨ-дегі үлесі небәрі 12,4 пайыз деңгейінде қалып отыр. Салыстырмалы түрде айтсақ, Ресейде бұл көрсеткіш – 15 пайыз, Беларусьте – 20 пайыз. Ал Еуропаның орта деңгейлі елдері – Болгарияда – 21,3, Чехияда – 26,4, Ирландияда 32,7 пайызға жеткен.

Инфрақұрылымдағы өзекті түйткілдің бірі – контейнерлік тасымалдың төмендігі. Қазақстанда оның үлесі бар болғаны 7 пайызға тең, ал әлемдік орташа көрсеткіш – 16 пайыз. Демек, біз бұл салада екі есеге жуық артта қалып отырмыз. Контейнерлік тасымал – заманауи логистиканың негізгі артериясы. Бұл сала жүк жеткізуді арзандатып, уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді. Алайда бұл бағыттың дамымауы еліміздің транзиттік әлеуетін толық пайдалануына бөгет болып, сыртқы саудадағы бәсекеге қабілеттілікті төмендетуде. Ал Қытай, АҚШ, Сингапур, Оңтүстік Корея, Малайзия, Жапония, Вьетнам, БАӘ, Үндістан және Испания сияқты елдер осы салада айтарлықтай алға шыққан.

Қаржы саласында да шеші­мін күткен мәселе көп. Соның ең бастысы – жоғары инфляция. Соңғы жылдары инфляция халықтың нақты табысын құнсыздандырып, экономикалық өсімнің тиімділігін әлсіретті. Ресми статистика бойынша инфляция 6-10 пайыз аралығында ауытқып тұрса да, оның пайдасы халық тұрмысынан айқын сезілмей келеді.

Әлемдік тәжірибеге назар аударсақ, дамыған елдер инфляцияны халық табысын сақтайтын деңгейде ұстап тұруға баса мән береді. Мәселен, Еуропалық Одақ елдері инфляцияны тежеудің түрлі қаржылық тетігін сәтті қолданады. 2025 жылдың тамыз айындағы мәлімет бойынша, Ұлыбританияда инфляция – 2,10 пайыз, Данияда – 2,00, Бельгияда – 1,91, Италияда – 1,60, ал Швецияда 1,10 пайыз деңгейінде болды. АҚШ-та да Федералдық резерв жүйесі осы төменгі межені сақтау үшін қатаң ақша-несие саясатын жүргізеді. Жапония мен Оңтүстік Кореяда инфляция негізінен 2-4 пайыз аралығында тұрақтап келеді.

Әлеуметтік саладағы ахуал да оңай емес. Ішкі көші-қон реттелмей, мегаполистерге бақылаусыз ағылған халық қала инфрақұрылымына зор салмақ түсіріп отыр. Әлеуметтік жеңілдіктердің көптігі кей жағдайда тәуелділік пен алаяқтықты күшейтсе, интернеттегі қылмыс пен кибералаяқтық күнделікті қауіпке айналды. Жоғары оқу орындарының түлектері өз мамандығы бойынша жұмыс таба алмай жүргенде, бос орындарды шетелдік мамандар иеленуде.

– Бұл түйткілдердің түпкі себебі – мемлекеттік басқару сапасының әлсіреуі емес пе?

– Шынында, біз нақты іске қарағанда, қағаздағы есепке көп жүгінетін болып кеттік. Қоғамда «бәрі сөз жүзінде ғана қалады» деген пікір қалыптасқан. Бұған себеп те жоқ емес. Көп жағдайда бұйрықтың орындалуын бақылау жеткіліксіз, қабылданған шешімнің көбі формальды сипатта қалады. Сондықтан жаңа кезеңде басқарушылық мәдениетті түбегейлі өзгерту – уақыт талабы.

– Жолдауды орындау жолдары қандай?

– Мақсатқа жету үшін жүйелі әрі нақты қадамдар қажет.

Біріншіден, сапалы нәтижеге басымдық беру. Қағаз жүзіндегі көрсеткіштер емес, халықтың күнделікті өмірінде сезілетін нақты өзгерістер басты өлшемге айналуы тиіс. Мәселен, инфрақұрылым саласында жаңа жолдың ұзындығы емес, оның сапасы мен қолжетімділігі, денсаулық сақтау жүйесінде емхана санымен бірге, көрсетілетін                        қыз­меттің сапасы маңызды.

Екіншіден, аймақтық ерек­шеліктерді ескеру. Әрбір өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы әркелкі. Сол себепті министрліктер мен әкімдіктер нақты мақсаты мен мерзімі көрсетілген дербес «жол картасын» әзірлеуі қажет. Бұл орталық пен өңір арасындағы алшақтықты азайтып, мемлекеттік саясаттың жергілікті жерге бейімделуін қамтамасыз етеді.

Үшіншіден, икемді бақылау мен тәуекелді басқару. Жағдай өзгерген сайын шешімдерді жедел түзетуге мүмкіндік беретін мониторинг жүйесі орнатылуы қажет. Әсіресе микро­электроника кластерлерін құру, қазақ тіліндегі бағдарламалық қамтылым әзірлеу, киберқауіпсіздікті күшейту секілді салалар көп уақыт пен инвестицияны қажет етеді. Мұнда ресурстарды шашыратпай, басым бағыттарға шоғырландыру тиімді.

Төртіншіден, адами капиталды дамыту. Жоғары білікті кадр тапшылығы – басты қауіптің бірі. Технологиялық серпіліс «кадр қабырғасына соғылмас» үшін ғылым мен өндірісті ұштас­тыратын білім беру жүйесі қажет. ЖОО-лар мен колледждер еңбек нарығының нақты сұранысына сәйкес мамандар даярлап, шетелде білім алған жас мамандарды елге тартудың тетігін күшейту керек.

Бесіншіден, қоғаммен тұрақты байланыс орнату. Реформалардың табысты болуы халықтың сеніміне тікелей байланысты. Сондықтан цифрландырудың пайдасын қарапайым тілде түсіндіру, жетістік тарихтарын жария ету, онлайн кездесулер өткізу маңызды. Мектеп пен университеттерде ұлттық мақсаттарға бағытталған курстар енгізу арқылы жастарды ортақ мүддеге жұмылдыруға болады.

– Алайда тәуекелдер де бар ғой. Мұны мойындауымыз керек.

– Микроэлектроника клас­терлерін құру, қазақ тіліндегі бағдарламалық қамтылым әзірлеу, киберқауіпсіздікті күшейту – орасан инвестиция мен уақытты қажет етеді. Ресурстарды шашыратпай, тиімді бағыттарға шоғырландыру маңызды.

Кадр тапшылығы да өзекті. Жоғары білікті мамандарды даярлау мен тарту – табыстың негізгі факторы. Әйтпесе «технологиялық серпіліс кадр қабырғасына соғылуы мүмкін».

Халықпен жұмыс та шешуші мәнге ие. Цифрландыру пайдасын қарапайым тілде түсіндіру, жетістік тарихтарын жария ету, онлайн кездесулер ұйымдастыру, мектеп пен ЖОО-ларда ұлттық мақсаттарға бағытталған курстар енгізу қажет.

– Енді стратегиялық құжаттың негізгі басымдықтарын нақтылай аласыз ба?

– Әрине. Стратегиялық құжаттағы басты бағыттарды түсіну үшін, олардың қоғам мен экономикалық жүйеге тікелей әсерін қарастыру қажет. Біріншіден, бір палаталы парламентке көшу ұсынылған. Бұл қоғамда қызу талқыланып жатыр. Жақтаушылар заң шығару үдерісінің жеделдеуін айтса, қарсы тарап заң сапасының төмендеуінен және аймақ мүддесінің ескерілмеуінен қауіптенеді. Дегенмен, Қазақстан үшін Сенат тек саяси институт емес, өңір мүддесін қорғап, ұлттық келісімді сақтайтын конституциялық тетік болып саналады. Сол себепті, қазіргі жағдайда басты басымдық – экономиканы тұрақтандыру, ал саяси құрылымға қатысты шешімдер кеңінен талқылауды қажет етеді.

Екіншіден, жасанды интеллект және цифрлық даму минис­трлігін құру көзделген. Мұнда маңызды жайт – AI тек технологиялық құрал емес, экономиканың барлық саласын үдететін стратегиялық фактор болып табылады. Сондықтан жаңа министрлік құру қисынды, бірақ ол барлық процесті өз қолына шоғырландыратын емес, үйлестіруші және стандарттар әзірлеуші орган ретінде қызмет етуі тиіс. Сонымен қатар, цифр­ландыру қысқа мерзімде жүзеге аспайды: Эстонияға – 20 жыл, Сингапурға 10 жыл қажет болған. Қазақстан да кезең-кезеңімен, дайын секторлардан бастап ілгерілеуі қажет. Әйтпесе, «серпіліс» тек ұранға айналады.

Үшіншіден, комитеттің атауын өзгерту жоспарланған. Заңсыз активтерді қайтару комитетінің орнына Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті құрылмақ. Бұл – жазалау­шы саясаттан инвестициялық тартымдылыққа бет бұратын прагматикалық қадам. Соңғы жылдары 850 млрд теңге қайтарылды, ал қосымша 1,2 трлн теңге қарастырылуда. Алайда бастысы – қаражаттың сот ісінде қатып қалмай, ел экономикасына қайта айналымға түсуі.

Төртіншіден, әлеуметтік тәуел­ділікті азайту мәселесі бар. Жеңілдіктерді қысқарту қоғамда пікір туғызды. Бірақ бұл қадам жаңа жұмыс орындары, қолжетімді медицина мен білім, лайықты жалақы секілді нақты нәтижелермен қатар жүзеге асуы тиіс. Кедейшілік деңгейі ресми түрде 8 пайыз болса да, кей өңірлерде ол 15-20 пайыз­ға жетіп отыр. Сондықтан реформалар тек сөз жүзінде емес, нақты әлеуметтік нәтижелерге бағытталуы маңызды.

Бесінші, мемлекеттік басқарудың сапасы басты рөл атқарады. Барлық реформа мен бастаманың табысы басқарушылық мәдениетке тікелей байланыс­ты. Қазіргі уақытта шешімдер көбінесе формальды сипатта қалып, орындалуы жеткілікті қадағаланбайды. Осыған байланысты жаңа кезеңде басқару жүйесін ашықтыққа, есеп берушілікке және нақты нәтижеге бағдарлау – ең басты талап болып отыр.

 Нұрлат БАЙГЕНЖЕ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button