Білім

Жаңа «Келешек мектебінде» алғашқы Білім күні аталып өтті

Елордада биыл бой көтерген №113 Келешек мектебінде 1-қыркүйек білім күніне арналған «Мектебім – мейірім мекені!» атты салтанатты жиын өтті. 4000 орындық аралас мектеп тарихындағы алғашқы жаңа оқу жылында бірінші сыныпқа 440 бала барды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

2025-2026 оқу жылындағы жаңа мектептің алғашқы білім күніне 1 және 11-сынып оқушылары мен ата-аналары, ұстаздар жиналды. Қазақ және орыс сыныптары бойынша мектептің 1 «а» дан бастап 1 «ц»-ға дейінгі 24 сыныбына барған бүлдіршіндер тұңғыш рет мектеп табалдырығын аттады. Мерекелік жиынға қонақ ретінде AMANAT партиясы Астана қаласы филиалының атқарушы хатшысы Мұхаммеджан Болысбек, Астана қаласы Әдістемелік орталығының әдіскері Нұржамал Әзімбай қатысып, мектеп ұжымы мен ата-аналарды осы бір маңызды мерекемен құттықтады.

-Бұл тек білім ордасы ғана емес, еліміздің жарқын болашағын қалыптастыратын ұрпақ тәрбиелетін орын. Мектепте оқушыларға сапалы білім беріле отырып, заманауи инновациялық жобаларды жүзеге асыру, оқушы бойындағы талант пен қабілетті ашу, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге басымдық беріледі. Оқушылардың жан-жақты дамуына барлық жағдай жасап, Келешек мектептерін ашуға тапсырма берген Мемлекет басшысына алғысымыз шексіз. Мектеп тарихындағы алғашқы Білім күні құтты болсын, — деді оқу орнының директоры Сәуле Ескендір.

Салтанатты мерекелік жиын болғандықтан оқушылар ән мен жырдан шашу шашты. Мектептің өзіндік дәстүрі бойынша 11 «В» сынып оқушысы Мүсілім Салқымбаев 1 «А» сынып оқушысы Адина Мұханға Білім кілтін табыстады.

-Біздің Келешек мектебіміз толықтай жабдықталған, қазіргі таңда 3500 бала қабылданды, олардың қатары әлі де толыға түседі. Мектебімізде STЕM, робототехника, химия, физика, биология, информатика, ағылшын және орыс тілі кабинеттері заманауи талапқа сәйкес жасақталған. Ауласында футбол алаңдары, ішінде 4 спорт залы бар. Қазіргі таңда алғашқы оқу жылын 180 мұғаліммен бастап жатырмыз. Педагогтер әлі де алына береді. Дәл қазір 98 қазақ сыныбы, 52 орыс сыныптары ашылды, бұл сыныптар қатары әлі де толығады, — дейді директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Әсем Төлебекова.

Одан әрі жаңа оқу жылының алғашқы қоңырауын соғу мәртебесі мектептің ең жас буыны мен тәжірибелі аға буын оқушыларына сеніп тапсырылды. Алғашқы қоңырауды 11 «Ә» сынып оқушысы Ақкерім Қалымтай мен 1 “Р” сынып оқушысы   Алихан Умат және Айсана  Әзімбек соқты.

Райхан Рахметова

Фото: Жансая Тәңірқұл

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button