«Жаңа деңгейдегі кәсіби бизнес-тренерлік»

Елордадағы Назарбаев Университетінде Master Trainers Forum – «Жаңа
деңгейдегі кәсіби бизнес-тренерлік» тақырыбындағы шеберлік форумы өтті. Форум
Қазақстандағы Бизнес-тренерлер Ассоциациясының ұйымдастыруымен жүзеге асырылып,
кәсіпкерлік білім берудің болашағына, сондай-ақ кәсіпкерлер және көшбасшылармен
жұмыс істейтін мамандардың кәсіби жауапкершілігіне арналды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Іс-шараға 80-нен астам қатысушы – бизнес-тренерлер, салалық сарапшылар, жоғары оқу
орындары мен бизнес-мектептердің өкілдері, зерттеу орталықтары мен кәсіби қауымдастық
мүшелері қатысты. Форумның негізгі тақырыптары бизнес-білім беру сапасы, тренинг
қызметтері нарығының трансформациясы және қысқа мерзімді мотивациялық әсерлерден
гөрі тұрақты, ұзақ мерзімді нәтижелерге деген сұраныс болды.
Форумның ұйымдастырушысы – Қазақстандағы Бизнес-тренерлер Ассоциациясы,
серіктесі – Назарбаев Университетінің Кәсіпкерлік зерттеу орталығы (NURCE). Ісшара тұрақты кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған білім беру бастамалары аясында өткізіліп, Абайдың «Толық адам» философиясына негізделген құндылықтық тәсілді қазіргі ESG қағидаттары мен заманауи басқару тәжірибелерімен үйлестіруге арналды.
Бизнес-білім беру бүгінгі таңда көпшілікке қолжетімді әрі жылдам таралатын өнімге
айналған кезеңде, форумның басты сұрағы – кәсіпкерлер мен менеджерлерге бүгін кім және
нені үйретіп жүр? Ұйымдастырушылар мотивациялық форматтардан кәсіби тереңдікке,
этикаға, жауапкершілікке және оқытудың ұзақ мерзімді әсеріне көшу қажеттігін атап өтті.
Назарбаев Университетінің Кәсіпкерлік зерттеу орталығының директоры, профессор
Шумайла Юсуфзай, кәсіпкерлік білім беру және тұрақты даму саласының сарапшысы
«Бүгін бизнес-білім беру маңызды кезеңнен өтуде: ол кеңінен қолжетімді, жылдам әрі
ауқымды болуда. Бұл бір жағынан мүмкіндік болса, екінші жағынан белгілі бір қауіптерді
де алып келеді. Егер оқыту тек техникалар мен дайын табыс формулаларына негізделсе,
ең бастысы – оларды қолданатын адам факторын жоғалтып алу қаупі бар. Кәсіпкерлік –
тек өсім мен тиімділік емес, ол жауапкершілік, этикалық таңдау және белгісіздік
жағдайында тұрақтылықты сақтай білу қабілеті. Абай философиясына жүгіну –
дәстүрге құрмет қана емес, нақты практикалық қадам. Оның идеялары шешім
қабылдауда, оқытуда, адамдармен қарым-қатынаста және бизнесті ұйымдастыруда
күнделікті тәжірибеге енуі тиіс.Тұрақты даму – тек инфрақұрылым мен саясат емес. Ол
ең алдымен адамның сапасымен өлшенеді: оның шешімдерімен, этикасымен және ішкі
тұрақтылығымен. Бүгінгі таңда тренерлер, наставниктер мен педагогтар қоғамның
дамуын айқындайтын құндылықтар мен мінез-құлыққа тікелей әсер етеді», – деді.
Назарбаев Университетінің Кәсіпкерлік зерттеу орталығының ғылыми қызметкері, Бизнесмектеп докторанты, Қазақстандағы Бизнес-тренерлер Ассоциациясының басшысы Айгерім
Тарбагатаева кәсіби трансформацияға тоқталды: «Егер бұрын бизнес-тренерлік қызмет
көбіне жұмсақ және қатты дағдыларды, құралдар мен әдістемелерді жеткізумен
шектелсе, бүгінде біз әлдеқайда терең деңгейде жұмыс істеп отырмыз. Біздің міндетіміз
– адамға өзгерістер жағдайында ішкі тұрақтылықты сақтауға, саналы шешім
қабылдауға және кәсіби дағдыларын әртүрлі контексте дамытуға көмектесу. Қазақтың
құндылықтары мен Абай философиясына сүйену өзін тануға, өз құндылықтарын
айқындауға және кәсіби қызметті формалды емес, саналы түрде – жүрекпен, адамдар
үшін және мазмұн сапасына мән бере отырып жүзеге асыруға мүмкіндік береді», – деді.
Master Trainers Forum бағдарламасы екі күнге созылып, бизнес және кәсіпкерлік білім
берудегі негізгі трендтерді, сарапшы рөлінің трансформациясын және кәсіби
қауымдастықтың күтілімдерін талқылауды қамтыды. Ерекше назар бизнес-тренерлердің
жеке және кәсіби тұрақтылығына, өзгерістерге бейімделуіне, стратегиялық ойлауына және
оқытудың құндылықтық негіздеріне аударылды.



