Мәдениет

«Жан шуағын» сыйлады

Елордада Amanat партиясының қолдауымен, «Қазақстан мүгедектер конфедерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің бастамасымен «Кедергісіз келешек» жобасы аясында жыл сайын ұйымдастырылып келе жатқан XVIII «Жан шуақ» қоғамдық сыйлығын табыстау салтанаты өтті. Салтанатты іс-шараға Сенат, Мәжіліс депутаттары, министрлер, қоғам қайраткерлері қатысты.

– «Жан шуақ» алдағы уақытта да жалғасады. 18 жыл ішінде мыңдаған қатысушы өмір дерегімен бөлісіпті. Сыйлыққа ие болған 128 жүлдегер мыңдаған тұрғынның жүрегіне үміт отын жақты. Жыл сайын жаңа есімдер, жаңа қаһармандар пайда болуда. Қазіргі таңда «Жан шуақ» байқауы елімізде ғана шектелмей, шетелдерде де таралып жатыр. Өйткені ізгілікте шекара болмайды. Келесі жылдан бастап «Жан шуаққа» халықаралық мәртебе беріледі, – деді Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов.

«Рухының биіктігі мен жеңіске деген талпынысы үшін» номинация­сы бойынша Меруерт Жакупова, «Мүгедектігі бар адамдарға қатысты қоғамдық сананың оң өзгеруіне қосқан үлесі үшін» номинациясы сыйлығына Хамит Исмұратов ие болды. Ал «Игілік жолындағы ерен еңбегі үшін» номинациясымен Нұрбек Тұрғанов марапатталды. «Ғылым, білім беру қызметінің дамуына үлес қосқаны үшін, білім алуға талпынысы үшін» номинация­сының жүлдесі Юлия Шаршоваға бұйырды. «Спорт саласындағы үздік жетістіктері үшін» номинациясының сыйлығы Никита Ермаковқа табыс етілді. Құрбанәли Абуов «Мәдениет саласындағы үздік жетістіктері үшін» номинациясының жүлдегері атанды. Кенжегүл Кикенова «Өнер саласындағы үздік жетістіктері үшін» номинациясының жүлдесіне ие болды. Иран Омарбеков атындағы қоғамдық қорының арнайы номинациясымен Әли Тұрғанбеков марапатталды. Жүлдегерлерге естелік сыйлық пен 1 миллион теңгенің сертификаты табыс етілді.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button