
«Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясы Астана қалалық филиалының мүшелері қаланың қоғамдық көлік жүйесін ұйымдастыру және дамытуға жауапты «City Transportation Systems» ЖШС базасында кездесу өткізді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Мекеме елордадағы автобус парктерінің жұмысын үйлестіріп, көлік қызметтерін цифрландыру, электронды билеттендіру жүйесін жетілдіру және көлік инфрақұрылымын басқару тиімділігін арттыру бағытында жүйелі жұмыс атқарып келеді.

Кездесу барысында Жаңа Конституция жобасының еңбек нарығын дамыту, адам құқықтарын қорғау, адам капиталын нығайту және инфрақұрылымды жаңғыртуға қатысты нормалары кеңінен талқыланды. Қоғамдық көлік жүйесі қаланың экономикалық белсенділігімен, еңбек мобильділігімен және әлеуметтік қолжетімділікпен тікелей байланысты екені атап өтілді.
Цифрлық трансформация мемлекеттік дамудың басым бағыты ретінде айқындалып, қызмет сапасын арттыруға, ашықтықты қамтамасыз етуге және басқару процестерін оңтайландыруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде еңбек нарығының икемділігін арттырып, азаматтардың күнделікті өмір сапасына тікелей әсер етеді.

«Қоғамдық көлік – еңбек нарығының тиімділігі, халықтың қозғалыс еркіндігі және экономикалық белсенділіктің негізі. Жаңа Конституция жобасы адам капиталын дамытуға, азаматтардың құқықтарын қорғауға және басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталған. Бұл – тұрақты дамудың институционалдық негізі», – деп, Бауыржан Смаилов, Астана қаласы мәслихатының депутаты жобаның жалпыұлттық маңыздылығына тоқталды.
CTS қызметкерлері өз кезегінде Конституциялық өзгерістердің мазмұны түсінікті әрі ашық жеткізілгенін атап өтті. Олар цифрландыру, инфрақұрылымды дамыту және басқарудың тиімді моделін қалыптастыру ел болашағы үшін маңызды екенін айтты.
«Біз қоғамдық көлік жүйесінде цифрлық шешімдерді күнделікті қолданып отырмыз. Сондықтан цифрландырудың маңызын жақсы түсінеміз. Референдумда дауыс беру – әр азаматтың жауапкершілігі. Әр дауыс ел дамуына ықпал етеді», – деп, қолдайтындарын атап өтті.
Кездесу қорытындысында Жаңа Конституция жобасы инфрақұрылымды жаңғыртуға, еңбек нарығының тиімділігін арттыруға және цифрлық басқару жүйесін дамытуға бағытталғаны атап өтілді. Бұл өзгерістер қоғамдық көлік саласының заманауи талаптарға бейімделуіне және қаланың тұрақты дамуына негіз қалайды.



