«Жалпы практика дәрігері – МСАК көшбасшысы»

Астанада Халықаралық отбасылық дәрігер күніне орай «Жалпы практика дәрігері – МСАК көшбасшысы» тақырыбында республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова кіріспе сөзінде қоғамның өзекті қажеттіліктеріне жауап бере алатын медициналық-санитариялық алғашқы көмектің үздіксіздігін, тиімділігі мен қолжетімділігін қамтамасыз ететін жетекші буынға айналатын жалпы практика дәрігерлері екенін атап өтті.
«Бүгінде 6000-ға жуық МСАК субъектісі біздің азаматтарға медициналық көмек көрсетеді. Бұл ретте, амбулаториялық ұйымдардағы учаскелердің 80%-дан астамы жалпы практика дәрігерлеріне бекітілген.
Жалпы дәрігерлік практика учаскелерінің санын 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін 100%-ға дейін жеткізу міндеті қойылды, бұл отбасылық қызмет көрсету қағидатын іске асыруға мүмкіндік береді», – деп атап өтті ол.
Өз кезегінде Парламент Мәжілісінің депутаты Гүлдара Нұрымова МСАК-ты дамыту мен жетілдіру біздің елімізде ғана емес, әлемдік кеңістікте де денсаулық сақтау саласындағы барлық заңнамалық базаның негізгі буыны болып табылатынын атап өтті.
Жалпы практика дәрігерлері бүгінде халықты денсаулық сақтау қызметтерімен жалпыға бірдей қамту саясатының негізгі бағыттаушылары болып табылады.
Конференцияның мақсаты – отандық және халықаралық тәжірибенің негізінде пациенттермен жұмыс жасауда инновациялық әдістер мен технологияларды қолданатын көпфункционалды маман ретінде жалпы практика дәрігерінің әлеуетін ашу.
Конференцияның шеңберінде сарапшылар ғылыми баяндамалар жасады, практикалық пікір алмасты және медициналық-санитариялық алғашқы көмекті дамытудың негізгі мәселелерін талқылады, соның ішінде:
– МСАК тиімділігін арттыру;
– жалпы практика дәрігерлерінің қызметін жетілдіру;
– денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру мәселелері;
– дәрігердің жұмысына ақпараттық технологияларды енгізу;
– медициналық ұйымдардың қызметкерлерін ынталандыру және көтермелеу;
– ТМККК және МӘМС шеңберінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету.
Іс-шара шеңберінде еліміздің 48 үздік жалпы практика дәрігерін марапаттау рәсімі өтті. Жоғары біліктілігі мен өз ісіне берілгендігі үшін олар «Еңбек ардагері», «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгілерін қоса алғанда, салалық марапаттарға ие болды.
Іс-шара офлайн және онлайн форматта 400-ден астам қатысушыны жинады. Қонақтардың қатарында депутаттық корпустың, ДДҰ, ведомстволық бағынысты ұйымдардың өкілдері, медициналық мекемелердің басшылары мен қызметкерлері, еліміздің барлық өңірлерінен келген жалпы практика дәрігерлері, сондай-ақ кәсіби бірлестіктердің мүшелері болды.