Жалған хабардың салдары ауыр

Прокуратура терроризм туралы жалған хабарлау салдары туралы ескерту береді. Соңғы уақытта ықтимал терроризм актілері туралы көрінеу жалған хабарлау фактілері жиілеп кетті. Егер 2023 жылы елордалық соттарда аталған санаттағы істер қаралмаса, 2024 жылы сот үш адамға қатысты айыптау үкімін шығарды.
Астана қаласының прокуратурасы азаматтарға қоғамда дүрбелең туғызып қана қоймай, қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғуы мүмкін осындай іс-қимылдар салдарының ауырлығы туралы еске салады. Қылмыстық кодекске сәйкес 273-бап, дайындалып жатқан терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар 5 000 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға дейін жазаланады.
Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарламалар қоғам үшін ғана емес, сонымен бірге ресурстары тергеуге, адамдарды эвакуациялауға және қауіпті объектілерді бұғаттауға жұмсалатын мемлекеттік құрылымдар үшін де үлкен зардапқа әкеледі. Мұндай хабарламалардың әрқайсысы дереу жауап беруді қажет етеді, бұл түсініспеушіліктерге, экономикаға зиян келтіруге әкеліп, нақты қауіп-қатер төндіруі мүмкін. Бұл ретте арнаулы қызметтердің шыққаны және жұмсалған бюджет қаражаты үшін кінәлі адамнан залал толық көлемде өндіріледі.
Егер кәмелетке толмаған адам кінәлі болса, залал заңды өкілдерден, яғни ата-аналардан өндіріліп алынады. Мысалы, 15 жастағы жасөспірім Астанада отырып электронды пошта арқылы Көкшетау қаласындағы мектептердің біріне бомба бар екендігі және оған 200 000 теңге тастау керектігі туралы хат жолдады. Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері жарылғыш заттардың жоқтығын анықтады. Арнайы қызметтерге кеткені үшін залалды кінәлі деп танылған және 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеуге сотталған кінәлі жасөспірімнің ата-анасы өтеді. Прокуратура азаматтар мен ұйымдарды терроризмге қатысты кез келген ақпаратпен жұмыс істегенде жауапты болуға шақырады. Бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде немесе басқа платформаларда таратылатын жалған хабарламалар қоғамға зиян келтіреді және қауіпсіздікке қауіп төндіреді. Прокуратура азаматтардың құқық қорғау органдарына нақты қауіп төнген жағдайда ғана жүгінуіне және тексерілмеген ақпаратты таратпауға кеңес береді. Жалған хабарламаларға күдік туындаған жағдайда осындай фактілер туралы құқық қорғау органдарына хабарлауды сұрайды.