Жалған ақпараттан шындықты қалай ажыратамыз?

Жер бетіндегі 8 млрд-тан астам халықтың 5 млрд-қа жуығы қазіргі кезде ақпаратты әлеуметтік желілерден алады. Әлеуметтік желілердің ыңғайлылығы мен қолжетімділігі оны жалған ақпарат таратудың қуатты арнасына айналдырды. Әлеуметтік желілерде жалған ақпарат таратудың тетіктері көп. Соның ішіндегі негізгі үшеуі мыналар: контентті орналастыру алгоритмі, эхо-камералар, боттар мен жалған аккаунттар. Бірінші тетік өте қауіпті. Себебі әлеуметтік желілерде атышулы және жұртты адастыратын ақпараттарды тез тарататын алгоритм бар. Екінші тетікке келсек, әлеужелілерді қолданушылар тек өзінің ниеттестерімен коммуникация жасайтын эхо-камералар жалған ақпаратты өршіте түседі. Ал жалған ақпаратты таратуда және бұқараның санасын манипуляциялауда боттар мен жалған аккаунттарды қолданудың да қаупі зор.
Фейк қалай таралады?
Осыған нақты мысалдар келтірейік. Жуырда әлеуметтік желілерде, жекелеген отандық БАҚ-та Иран аумағында пайда болған улы бұлттар Орталық Азия елдеріне, соның ішінде Өзбекстан, Қырғызстан, Қазақстанға жетуі мүмкін деген ақпарат тарады. Алайда екі елдің метеорологиялық қызметтері бұл мәліметтердің ғылыми негізі жоқ екенін хабарлады. Соның ішінде Қазгидромет мамандары Қазақстан бағытына қышқылды жауын-шашынның таралуы мүмкін деген ақпарат ғылыми деректерге сәйкес келмейтінін растады. Мониторинг нәтижелері бойынша Ираннан Қазақстанға қауіпті заттардың таралу белгілері тіркелмеген. Мамандардың түсіндіруінше, қышқылды жауын-шашын атмосфераға өнеркәсіп, энергетика және көлік салаларынан бөлінетін күкірт пен азот оксидтерінің әсерінен қалыптасады. Әдетте мұндай ластаушы заттар олардың пайда болған аймақтарына жақын жерде шоғырланады. Олар ұзақ қашықтыққа таралған жағдайда табиғи атмосфералық процестердің әсерінен концентрациясы едәуір төмендейді. Сондықтан мыңдаған шақырым қашықтықта қауіпті деңгейдегі қышқылды жауын-шашынның пайда болуы өте сирек кездеседі.

Екінші мысал – банкомат арқылы қолма-қол ақша алатын азаматтардың деректер базасы құрылды деген ақпар. Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы мемлекет тарапынан банк терминалдары (банкоматтар) арқылы қолма-қол ақша алатын азаматтардың деректер базасы құрылды деген ақпараттың таралу фактілерін анықтады. Құзырлы орталық өкілдері бұл ақпарат манипулятивті сипатқа ие және шындыққа сәйкес келмейтінін түсіндірді. Ұлттық Банк елімізде қолма-қол ақша алу фактісі бойынша ешқандай тізім жүргізбейді. «Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында банкоматтарда бейнебақылау камералары орнатылған. Сол камералар қылмыстардың (алаяқтық немесе ұрлық) алдын алуға, сондай-ақ тұтынушылардың және ықтимал құқық бұзушылардың әрекеттерін тіркеу арқылы оқиғаларды тергеп-тексеру барысында пайдалануға мүмкіндік береді. Бейнежазбаларды сақтау даулы жағдайлар мен құқық бұзушылықтар кезінде дәлелдеме ретінде қызмет етеді және банк тұтынушылары мен қаржы ұйымдарының мүдделерін қорғауға бағытталған» делінген ресми хабарламада. Бұған қоса, барлық банктер банкоматтарда төлем карточкасын ұстаушының бет-жүзін тіркеуге мүмкіндік беретін кемінде бір бейнекамера орнатуға міндетті. Ондағы бейне ақпарат кем дегенде 180 күнтізбелік күн сақталуы тиіс.
Тағы бір мысал. Жуырда тараздық әйел өзіне қарақшылық шабуыл жасалды деп полицияға арыз берді. «Бетперде киген белгісіз бір ер адам үйіме кіріп, қаруымен қорқытып, қолымды байлап, алтындарым мен ақшамды алып кетті» деп жазыпты ол арызында. Хабарламадан алған соң полиция қызметкерлері жедел тергеп-тексеру, күдіктіні іздестіру іс-шараларын жүргізеді. Бірақ күтпеген жағдай болады. Әлгі әйелге ешқандай да шабуыл жасалмаған. Полицейлер анықтағандай, әйел адам күйеуімен жанжал туындамас үшін қарақшылық шабуыл туралы оқиғаны ойдан шығарған. Шындығында ол алтын әшекейлерін бірнеше ай бұрын күйеуіне айтпай сатып жіберіпті. Енді қылмыс туралы көрiнеу жалған хабарлама беру дерегі бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.
Ал фейкті шынайы ақпараттан қалай ажыратуға болады? Қазіргі кезде интернетте жалған сурет пен бейне ақпарат, «жаңалықтар» түріндегі бұрмаланған контент көптеп таралып жатыр. Алайда жалған материалдарды бірнеше әдіс арқылы оңай ажыратуға болады. Мәселен, JPEGsnoop сайты контенттің мета деректерін оқиды және сәйкессіздіктерді анықтайды. Сондай-ақ Forensically және FotoForensics құралдары арқылы суретке өзгеріс енгізілгенін, оның жалған я манипуляция екенін білуге болады. Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы әр мәліметтің анық-қанығын тексеріп алуға шақырады.
3 млн теңге айыппұл төлейді
Әлеуметтік желіде біреу Сіз туралы жалған ақпарат таратса, алдымен қажетті дәлелдерді жинауыңыз керек. Яғни, жазбалар мен жарияланымдардың скриншоттарын, заңды түрде жазылған аудио немесе бейне жазбаларды, куәгерлердің деректері мен телефон нөмірлерін айғақ ретінде пайдалануға болады. Одан кейін өтініш жазып, дәлелдермен бірге жеке куәлігіңіздің көшірмесін e-Otinish порталы арқылы немесе жазбаша түрде полицияға және прокуратураға жолдайсыз. Қаперіңізде ұстайтын нәрсе, біреудің ар-намысы мен беделіне нұқсан келтіретін жалған ақпарат таратқандарға 3 млн теңгеден астам айыппұл салынады. Айыппұл мөлшері ақпараттың таратылған тәсіліне қарай өзгереді.
Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, 2025 жылдың 6 айында жалған ақпарат тарату бойынша 47 қылмыстық іс тіркеліпті. Осы орайда, ІІМ фейктерді тарату қылмыстық жауапкершілікке әкеліп соғатынын ескертеді. Қазақстанда жалған ақпарат таратқаны үшін 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Ұлтаралық, діни немесе әлеуметтік алауыздықты қоздыру фактілері де ерекше алаңдаушылық туғызып отыр. Бұл үшін заңнамада 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында осындай фактілер бойынша 64 қылмыстық іс қозғалған. 15 адам сотталып, олардың тоғызына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Интернетте жалған ақпаратты таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілікпен қатар әкімшілік жауапкершілік те бар. ӘҚБтК-нің 456-2-бабы бойынша өткен жылдың алты айында 38 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Кімдер көбірек алданады?
Өткен жылы неміс ғалымдары күллі жаһан жұртын елеңдеткен жаңалық ашты. Жалған ақпаратқа білімді, сауатты адамдар көбірек ұшырап, алданып қалады екен. Мұндай тұжырым білімді адамдар жалған ақпаратқа алданбайды деген қалыптасқан қағидаға қарама-қайшы екені анық. Сондай-ақ неміс ғалымдары жалған ақпаратты қабылдауға адамның жасының қандай әсері бар дегенге де терең зерттеу жүргізіпті. Зерттеу нәтижесінде белгілі болғанындай, жасы ұлғайған адамдар алаяқтарға көбірек алданады деген де қалыпты түсінік расталмаған. Өйткені жалған ақпараттың тақырыптарына сенімсіздікпен қарайтын үлкен кісілер сақ келеді екен. Бұған дейінгі зерттеулерде егде адамдардың тәуекелшіл топқа жататынын айтылып жүргенін білеміз. Бұл түсінікті Макс Планка атындағы неміс ғылыми-зерттеу қоғамының мамандары жоққа шығарды. Мұны әлеуметтік-ғылыми зерттеуге қатысқан 18-88 жас аралығындағы 11 мыңнан астам адам өз тәжірибесімен дәлелдеген.
Зерттеуден анықталған тағы жаңалық – 18-31 жас аралығындағы интернетті қолданушылар ақпараттың шынайылығын бағалауда қиналатынын айтыпты. Сауалнамаға қатысушылар интернеттегі бір сайттан оқыған жаңалықтың тақырыбына бірден сеніп қалатынын жасырмаған. Олар кейінірек сол жалған ақпаратты әлеуметтік желілерден көріп, одан сайын илана түседі екен. Зерттеушілердің мұндай тұжырымы фейктердің әсіресе әлеуметтік желілер арқылы қоғамға кеңінен таралуы зор қауіп туғызатыны анық айтылған. Сайып келгенде, PNAS ғылыми журналында жарияланған зерттеу арқылы неміс ғалымдары Digital Natives-ке (цифрлық технологиялар әлемінде өздерін суда жүзген балықтай сезінетін жас ұрпақты Батыста осылай атайды) жататын буынның жалған ақпаратты шындықтан ажыратуда дағдарысқа ұшырайтынын дәлелдеді.
Жалған екенін қалай анықтаймыз?
Енді жалған ақпаратты анықтаудың өзімнің журналистік тәжірибемде жиі қолданатын 8 тәсілін оқырманға ұсынайын. Жаңалықтар лентасынан я болмаса әлеуметтік желілерден өзің оқып, шынайылығына күмәнданған болсаң, ол ақпаратты мынадай 8 тәсілмен тексер.
- Дереккөзін қара.
Өзің оқыған жаңалықтан сайттың басты бетіне көшіп, ақпараттың негізгі мақсатын және оны жазған адамның байланыс нөмірін анықтауға ұмтыл. Өйткені сайттың басты бетінің соңғы жағында тілшілердің аты-жөні, байланыс нөмірлері толық жазылып тұрады.
- Авторын тексер.
Сол материалдың авторы туралы ақпаратты ізде, оған сенуге бола ма, болмай ма, ондай адам өмірде бар ма, жоқ па дегенді анықтап ал.
- Ақпараттың шыққан күнін тексер.
Ескірген жаңалықты қайтадан бөлісу оның маңыздылығы сақталады дегенді білдірмейді.
- Дұрыс пікірмен бағала.
Ең бастысы, жаңалықты қабылдауың мен ақпаратқа сенуің өзіңді шатастырмайтынына назар аудар.
- Толықтай оқып шық.
Материалдың тақырыбы бірден көзге ұрып, назарыңды аударуы мүмкін. Сондықтан жаңалықты толық оқып, ой елегінен өткіз.
- Сілтемелерді бас.
Материалға қатысты сілтемелерді басып, ол жерде жазылған ақпарат шындыққа қаншалықты сәйкесетінін бағала.
- Әзіл емес пе?
Егер жаңалық бір түрлі болып көрінсе, ол сатиралық шығарма болуы мүмкін. Қателеспеу үшін сайтты және материалдың авторының аты-жөнін қайталап оқы.
- Мамандардың көмегіне жүгін.
Егер бұл ақпаратқа күмәнің болса, сол саланың мамандарынан сұра. Мысалы, кітапханашы, IT маманы т.б. Я болмаса ақпараттың шынайылығын тексеретін сайттың көмегін пайдалан.
Астана қаласының прокуратурасы бір жыл бойы әрекет еткен алаяқтар тобын әшкереледі. Тергеуден анықталғандай, сауда үйінің қызметкері 10 танысымен қылмыстық келісімге келіп, тұрмыстық техниканы төмен бағамен сатып алу үшін жалған промокодтар рәсімдеген. Қылмысқа қатысушылар iPhone ұялы телефондарын, ноутбуктерді, теледидарларды, тоңазытқыштарды және басқа да электроника тауарларын сатып алып, оларды үшінші тұлғаларға сатқан. Сауда үйіне келтірілген залал – 473,6 млн теңге. Қылмыстың барлық 10 қатысушысы 4 жылдан 8 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды.
Жеке зерттеу еңбегімде жазылғандай, жалған ақпараттың негізгі 6 түрі бар. 1. Сатира және пародия. Бұл жерде бұрмаланған ақпарат сатира, соның ішінде пародия түрінде беріледі. Яғни, пародия жасау арқылы жалған ақпаратты шынайы ақпарат ретінде көрсетеді. 2. Жалған байланыс. Бұл тәсіл қазір жиі қолданылады. Ақпарат таратушылар бір-біріне қатысы жоқ себептерді көрсетіп, жұртты адастыруға ұмтылады. 3. Шатастыратын мәтін. Бұл жерде өмірде болмаған оқиғаны, құбылысты шынайы етіп көрсетіп, қоғамды шатастыратын мәтінді жаппай таратады. 4. Жалған өнімдер. Алаяқтар белгілі бір танымал брендтік өнімдерге залал келтіру масқсатымен соған ұқсас сапасыз жалған өнімдерді таратып, соған керемет жарнама жасайды. 5. Алаяқтың контенті. Көбінесе өмірде жолы болмаған адам басқа біреудің атын өзіне жапсырып, соның атынан ақпарат таратады. Бұл – зиянды әрі қауіпті ақпарат. 6. Басқарылатын контент. Белгілі бір адамдар интернеттегі контентті адамдарды қызықтыратын формада шығарады. Мысалы, мемдер, бейне жазбалар, тестілер, электрондық кітаптар.
Төлен ТІЛЕУБАЙ
Инфографиканы жасаған автор



