Жайылымға қатысты заңсыздықты қашан жоямыз?!

«АМАNАТ» партиясының бастамасымен «Жер аманаты» жобасы аясында 2022 жылдан бері пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы он миллион сегіз жүз мың (10,8 млн) гектардан астам жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Оның үш миллион (3 млн) гектарға жуығы қазірдің өзінде азаматтар арасында қайта бөлінді.
2024 жылы Түркістан облысында пайдаланылмай жатқан жетпіс мың тоғыз жүз (70,9 мың) гектар ауыл шаруашылығы жерлері мемлекет меншігіне қайтарылды. Алайда, осы шаралардан кейін де бұл өңірде жайылым тапшылығы шешілмеген күйінде қалып отыр. Облыстағы жайылымдардың жалпы көлемі сегіз миллион сегіз жүз мың (8,8 млн) гектардан асады, бірақ, олардың едәуір бөлігі басқа мақсатта пайдаланылады. Кең жайылымдардың болуына қарамастан, оларды бөлу және оларға жергілікті халықтың қолжетімділігі шектеулі. Бұл ауылдық жерлерде әлеуметтік шиеленісті тудыратын өзекті мәселеге айналды.
Тапшылықтың негізгі себептері – жайылымдық жерлерді заңсыз жекешелендіру және жеке тұлғалардың жерді мақсатсыз теріс пайдалануы, жайылымдық жерлерді демалыс аймағына айналдыруы.
2025 жылдың басындағы жағдай бойынша Түркістан облысының мал басының өндірістік көрсеткіштері:
– ірі қара мал – бір миллион бір жүз мың (1,1 млн);
– қой мен ешкі – бес миллион бес жүз мың (5,5 млн);
– жылқы – төрт жүз сексен төрт мың (484 мың);
– түйе – қырық төрт мың бес жүз (44,5 мың) бас.
Қазақстаннан экспортталған сиыр етінің сексен (80) пайызы, қой етінің жетпіс бес (75) пайызы осы өңірден келеді және Қазақстан экономикасына қосқан елеулі үлесін көрсетеді. 2025 жылы Қазақстанда 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ет бағасы айтарлықтай өсті. Ет одағы ет бағасының өсуін мал басының жиырма бес (25) пайызға қысқарумен байланыстырып отыр. Өңірлердегі өзекті болып отырған жайылым мәселесі шешілмей, мал басын көбейту мүмкін емес.
Осы орайда, Үкіметке жайылымдық жерлердің тапшылығын барынша азайту үшін:
- ғарыштық мониторинг әдістері мен ұшқышсыз бақылау мәліметтерін пайдалана отырып, Қазақстандағы жайылымдардың мақсатты пайдаланылуын анықтау және жайылымдардың цифрлық картасын жасау арқылы меншік иелерін, жалға алушыларды және пайдалануды картаға түсіру;
- пайдаланылмайтын немесе заңсыз басып алынған аумақтар анықталған жағдайда жалдау шарттарын мерзімінен бұрын бұзу және мемлекет меншігіне қайтару тәртібін оңайлатуды, яғни, оңайтылған сот тәртібімен немесе сотқа дейінгі шешіммен қарастыру;
- жергілікті тұрғындардың мемлекетке қайтарылған жайылымдарға қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін басымдық ұсақ фермерлерге, мал өсірушілер мен кооперативтерге беру шараларын қарастыруларыңызды сұраймын.
Қайрат Балабиев,
Мәжіліс депутаты