Басты ақпаратСараптама

Жаһанды біріктірген жасанды сана

немесе XXI ғасырдағы ғылым төңкерісі

Қазақ он сегізінші ғасырдың тұрмыс-тіршілігіне тамсанып, сол кезеңдегі ұлттық менталитетті аңсап, ол туралы кино түсіріп, ұлттық кодын сол заманалардың қойнауынан іздеп, сол дәуірге қайта көшіп кете алмай жүргенде өмірге альфа ұрпақтар келіп үлгерді. Міне, осы кезде жасанды зерденің іске қосылуы жаһанның бірігуін, адам мен технология арасының жақындауын, мемлекеттер мен мемлекеттердің байланысуын жылдамдатып-ақ жіберді. Сондықтан да шығар, қазіргі технологиялық дәуір адамдарды бірнеше топқа бөліп қарастырады.

Қай рудансыз емес, қай буыннансыз?

Міне, енді ғылым мен техниканың осыншалықты жедел дамуының нәтижесінде қазақ бұрынғыдай ру сұраудың орнына, қай топтан екендігін сұрайтын дәрежеге жетті.

Әу баста, бұл жіктеу көбіне батыс елдерінде кеңінен қолданылғанымен, қазір бүкіл әлемде, соның ішінде Қазақстанда да жиі айтылып жүр. Бұл бөлу адамдардың дүниеге келген уақытына, өмір сүрген тарихи кезеңіне және технологиямен байланысына сәйкес болып отыр. Айталық, 1981-1996 жылдары туғандар – миллениалдар, 1997-2012 жылдары туғандар – Z ұрпағы, 2013 жылдан кейін дүниеге келгендер – альфа буыны болып есептеледі. Ендеше, осыдан-ақ ұлттың жады мен заманыңыздың қаншалықты өзгеріске ұшырап жатқанын бағамдай беруге әбден болады.

Жаңа дәуірге алғашқы қадам

Қош, не десек те, қазір – технологияның дәуірі. Бұл үрдіске ілесу мемлекеттің ғана емес, әрбір қоғам өкілінің парызы іспетті болып қалды. Бұл тұрғыда еліміз де қарқынды дамып келеді. Яғни, Қазақстан цифрлық технологиялар саласында айтарлықтай жетістіктерге жетіп, халықаралық рейтингтерде жоғары орындарға ие деуге толық негіз бар. Мысалы, 2023 жылы IMD World Digital Competitiveness Ranking бойынша Қазақстан 64 елдің арасында 34-орынға көтерілді. Бұл елдің цифрлық технология­ларды қабылдау және қолдану қабілетінің жоғары екенінің көрсеткіші болса керек. Ал БҰҰ-ның 2024 жылғы Электрондық үкіметті дамыту индексі (EGDI) бойынша Қазақстан әлемнің 193 елі арасында 24-орынға тұрақтап, ТМД елдері арасында көшбасшы болды. Онлайн қызметтер индексі (OSI) бойынша Қазақстан әлемнің ең үздік 10 елінің қатарына кіріп үлгерді. Бұл көрсеткіштер – Қазақстанның цифрлық инфрақұрылымды дамыту, мемлекеттік қызметтерді цифрландыру және жасанды интеллект сияқты заманауи технологияларды енгізу бағытында айтарлықтай жетістіктерге жеткенінің дәлелі. Міне, сол цифрлы дәуірді тіпті де жақындатқан ол – жасанды зерденің қолданысқа енуі, робот технологияның күнделікті тұрмысымызға араласуы. Күні кеше ғана елімізде Sage bot SR-2000 атты заманауи хирургия­лық робот көмегімен алғаш рет жоғары технологиялы роботтандырылған онкохирургиялық операция жасалды. Бұл – жасанды интеллект пен роботтардың өмірімізге енді тікелей әсер ететіндігінің белгісі. Қазақ қалай болған күнде де оны енді жатсынбауы керек. Әрине, цифр­лы технологияны жетілдіруге бірінші кезекте мемлекет мүдделі.

Цифрлық бастамалар мен ЖИ дамуы

2024 жылдың 11 желтоқсанында Президент Қасым-­Жомарт Тоқаевтың өзі жасанды интеллект саласын дамыту және жергілікті мамандарды даяр­лаумен айналысатын Astana Hub инновациялық технопаркіне арнайы барып, еліміздегі жасанды интеллект саласындағы жетістіктермен және осы бағытта атқарылып жатқан жобалармен жан-жақты танысып, Қазақстанда цифр­лық технологиялар мен инновацияны дамытуға бағытталған нақты бастамалар мен жобаларды көзбен көріп, олардың маңыздылығына ерекше тоқталған Мемлекет басшысы «Жасанды интеллект саласында тыңғылықты атқарылған істің бір мысалы – KazLLM тіл моделі. Біз жасанды интеллектіні қазақша ойлау­ға, сараптауға және сөйлеуге үйреттік. Бұл айтарлықтай жетістік қазақ тілін цифрлық ортада дамыту үшін зор мүмкіндік береді. Алдымыз­да түрлі сипаттағы деректерді бір мезетте қолдана алатын қазақ тілінің мульти модальды тілдік моделін жасау міндеті тұр. Үкіметке осы бағыттағы жобаларды қаржыландыру мәселесін пысықтауды тапсырамын» деп құзырлы орган басшыларына тапсырма жүктеген.

Сондай-ақ өткенде ғана Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің алғашқы отырысын өткізген Мемлекет басшысы тағы да бұл салаға айырықша назар аударды.

Онда Президент ғалымдарымыздың KazLLM атты қазақ тілінің жеке моделін жасап шығаруын жоғары бағалап,  алдымен елімізде жасанды интеллект саласына маманданған зерттеу университетін ашу қажет екендігін атап өтті.

– Оқу орнына арнайы мәртебе берген жөн. Сондай-ақ бұл жұмысқа әлемдік үздік оқу орындарын серіктес ретінде тарту қажет. Үкімет жыл соңына дейін осы мәселе бойынша нақты ұсыныс беруге тиіс. Осындай жаңа оқу орны бізге не үшін қажет деген сауал да туындауы мүмкін. Басты мақсат – экономиканың барлық саласына жасанды интеллект технологиясын енгізетін білікті мамандарды даярлау. Зерттеу университеті ғылым-білім, инновация және халықаралық байланыс орталығы ретінде жұмыс істеуі керек. Қазіргі жаһандық білім және технология нарығында бәсеке өте жоғары. Дарынды жастарымыз әлемдік деңгейдегі сапалы білімді тек шетелден емес, өз елімізден де алғаны дұрыс. Бұл – Қазақстанның болашағына тікелей әсері бар өте маңызды мәселе, – деді ­Қасым-Жомарт Тоқаев.

KazLLM және SoyleApp жобалары

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Nazarbayev University жанындағы Ақылды жүйелер мен жасанды интеллект институты (ISSAI) бұл бағытта нәтижелі жұмыс жасап жатыр.  Олар қазақ тіліндегі алғашқы ірі тілдік модель – KazLLM және тілді үйренуге арналған SoyleApp мобильді қосымшасын ойлап тауып, іске қосып үлгерді. KazLLM – жасанды интеллектке қазақша ойлап, сөйлей және сараптай алу қабілетін дарытқан заманауи модель. SoyleApp болса, тіл үйренушілерге арналған интерактивті платформа.

ISSAI Институты және KazLLM Моделі

ISSAI институты Қазақстанда жасанды интеллект (ЖИ) саласын дамытуда маңызды рөл атқарып отыр. Ол 2019 жылы құрылып, сол уақыттан бері қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі үлкен көлемдегі мәтіндік деректерді жинап, өңдеп, өз моделін – KazLLM-ді жасап шығарған бірден-бір орталық.

Ал бұл технология туралы әу баста дабыл қаққан Президент күні кеше жолдаған Жолдауының өзін «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» деп атады. Сондай-ақ «Жаңа технологиялық қалыптың ажырамас бөлігіне айналу үшін бүкіл мемлекеттік басқару жүйесін қайта құрып, оның азаматтар мүддесіне сай болуын қамтамасыз ету, сондай-ақ ашықтығы мен тиімділігін еселеп арттыру керек.

Сондықтан қазіргі құзырлы министрліктің негізінде Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру қажет деп санаймын. Жаңа министр­лікті Премьер-министр­дің орынбасары деңгейіндегі маман басқаруы керек.

Үкімет экономиканың барлық саласын жаңғырту үшін жаппай жасанды интеллектіні енгізу қажет. Қазақстанды бәсекеге қабілетті ел ретінде дамытамыз десек, жұмысымызды жаңаша тәсілмен жүргізуіміз керек» деп анық тапсырмалар берді.

Шын мәнінде бұл жаһандық жаңалық. 21-ғасырдың ең ауқымды технологиясындағы төңкеріс деп атауға болады.

Дей тұрғанмен, жасанды интеллектіні жұрттың бәрі біліп, қолданып жүрген жоқ. Тіпті әлі күнге дейін түсінбей жүргендер де бар. Әсіресе, деректерді жинау, қазақ тілінің үлкен тілдік моделін жасау деген ұғымдарды, сондай-ақ жасанды сананың қазақ тілін дамытудағы мүмкіндіктерін толық түсінбейді. Ендеше жасанды интеллект деген не?

СЕЗІМСІЗ САНА

Жасанды интеллект (ЖИ) – бұл компьютерлер мен машиналарға адамның ойлауына ұқсас қабілеттерді, мысалы, үйрену, логикалық тұжырым жасау, мәселе шешу, шешім қабылдау, сөйлеу немесе бейнелерді ажырату сияқты мүмкіндіктерді беру технологиясы. Бұл – компьютерлік ғылымның бір тармағы, ол арнайы жазылған алгоритмдер мен үлкен көлемдегі деректер негізінде жұмыс істейді. ЖИ-дің өзіндік санасы немесе эмоциясы болмайды, ол – тек берілген мәліметтерге сүйе­ніп, есептеп, нәтиже шығара алатын құрал.

Алғашқы ЖИ министр

Жақында ғана әлемдік жаңалықта «Албанияда жасанды интеллект министр болып тағайындалды» деген жаңалық тағы бір мәрте әлемді дүрліктірді. Албанияның премьер-минис­трі Эди Раманың айтуынша, «Diella» атты жасанды интеллект мемлекеттік сатып алуларға жауап беретін министр қызметін атқарады. Осылайша Албания үкімет құрамына ЖИ-ді министр ретінде қосқан әлемдегі алғашқы ел атанды. Ал бұған дейін бұл ЖИ модель e-Albania мемлекеттік порталында виртуалды көмекші ретінде қолданылған.

Ал Қазақстанда Президент пәрменімен «Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі» құрылды.

Анау-мынау емес, әлемде министрдің орнын ауыстырған ЖИ туралы адамдар енді өзінің де жұмысынан айырылып қалу мүмкіндіктерінен жиі алаңдай бастады. Өткенде ғана еліміздің Еңбек вице-министрі Олжас Анафин «Жасанды интеллект 1 млн қазақстандықты жұмыссыз қалдыруы мүмкін» деген ақпартпен бөлісуі де осыған дәлел.

Оның айтуынша, Қазақстанда 423 мамандық тобы бойынша талдау жүргізілген. Ал оның нәтижесі шамамен 25% жұмыс орны автоматтандырылуы мүмкін екенін көрсеткен. Бұл өзгеріс – 2,2 млн адамға қатыс­ты деген сөз. Соның ішінде 1 миллионнан астам адамның жұмысын жасанды интеллект алмастыруы мүмкін. Сондай-ақ ЖИ қаржы, ақпараттық технологиялар, ғылым және медицина сияқты салалардағы жұмыс орындарына әсер етуі ықтимал.

– Жасанды интеллект қазір еңбек нарығына үлкен ықпал етіп жатыр. Ол, ең алдымен, рутиналық, қайталанатын жұмыс­тарды автоматтандырады. Мысалы, деректерді енгізу, стандартты құжат рәсімдеу сияқты офис қызметтері немесе қарапайым кеңес беретін колл-орталықтағы операторлардың жұмысы біртіндеп ЖИ арқылы орындала береді. Көлік пен логистика саласында да автономды жүйелердің дамуы жүргізушілердің жұмысын азайтуы мүмкін. Бірақ бұл тек белгілі бір адамдарды жұмыссыз қалдыр­ғанымен, сонымен бірге жаңа мүмкіндіктер де тудырады. Тарихқа қарасақ, әр технология­лық төңкерістің артынша жаңа мамандықтар пайда болған. ЖИ саласында да солай: инженерлер, деректер талдаушылары, киберқауіпсіздік мамандары, ЖИ-мен жұмыс істей алатын журналис­тер, дизайнерлер, маркетологтар көбірек қажет болады. Яғни жұмыссыз қалмау­дың бас­ты шарты – бейім­делу, жаңа нәрсені үздіксіз үйрену. Болашақта адамның креативті ойлауы, сыни көзқарасы және ЖИ-мен бірге тиімді жұмыс істей білу қабілеті ең құнды қасиетке айналады, – дейді IT саласының маманы, журналист, «Жасанды интеллект әліппесі» кітабының авторы Мейіржан Әуелханұлы.

KAZLLM МОДЕЛІ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

Жасанды интеллект дегенде бірінші орында соны қолданатын елдің тілінің маңызы зор болуы тиіс. Өйткені әр ұлт одан өз тілінде жауап алып, өз тілінің дамуына оны пайдалануы керек. Міне, осы негізде жасалған бізде «KazLLM» бар. Бұл – қазақ мамандарының өзі ойлап тап­қан, жасанды интеллектке негізделген тіл үлгісі. Бұл модель қазақ, орыс, ағылшын және қосымша түрде түрік тілдерін қолдайды. Ол жоғары тілдік дәлдікке ие болып, көптілді коммуникацияны жеңілдетуге, соның ішінде тілдік кедергілерді жою­ға көмектеседі. Сондай-ақ ол – қазақ тілі мен мәдениетінің цифрлық кеңістікте дамуына үлес қосатын маңызды бастама. Оның көмегімен түрлі салада  білім беру, мемлекеттік қызмет, медиа және технологияда ана тілімізді толыққанды қолдануға жол ашылады. Сонымен қатар, бұл модель ұлттық болмысқа жақын, тілдік нормалар мен ерекшеліктерді терең түсінеді, сондықтан қазақ тілінде табиғи әрі мағыналы жауаптар береді.

CHATGPT ЖӘНЕ KAZLLM-НІҢ АЙЫРМАШЫЛЫҒЫ

Әрине, қазіргі таңда жасанды интеллект десе, біздің көз алдымызға алдымен ChatGPT келетіні анық. Ал ендеше, одан қазақтың KazLLM-ның айыр­машылығы бар ма дегенге келсек, ChatGPT – OpenAI компаниясы жасап шығарған жасанды интеллект негізіндегі тілдік модель. Ол адамның табиғи тілін түсініп, соған жауап қайтаруға бейімделген. Бұл жүйе, негізінен, ағылшын тіліндегі деректер арқылы үйретілген, сондықтан ағылшын тілінде жоғары сапада жауап бере алады. Ал қазақ тілі де оған қолжетімді тілдердің қатарында болғанымен, оның деңгейі мен нақтылығы әзірге төмендеу. Өйткені ChatGPT-өзінде бар сөздік қормен ғана жауап беруге қабілетті. Ол қандай деректермен үйретілсе, соған байланысты нәтиже береді. Ағылшын тілі бойынша өте ауқымды, сапалы мәліметтер бар, ал қазақ тіліндегі ашық деректер аз әрі сапасы да әртүрлі. Мәтіндердің құрылымы, емлесі, стилистикасы дұрыс болмаған жағдайда жасанды интеллект оны дәл меңгере алмайды. Мәселен, қазақ тіліндегі кез келген көркем әдеби туындыны, мысалы, «Көшпенділер» трилогиясын алайық. Бұл шығарманы бірден жасанды интеллектке үйрету мүмкін емес. Себебі жүйе үшін ондағы кейіпкерлердің кім екені, ондағы сөздердің қандай мағына беріп тұрғаны, қай сөз табына жататыны, бәрі белгісіз. Машина мұны өздігінен түсіне алмайды. Ол үшін әрбір сөзге грамматикалық және мағыналық сипаттама берілуі керек: мысалы, «Ержан – адам есімі, жалқы зат есім, бас әріппен жазылады» деген сияқты нақты ақпарат қажет. Міне, осындай құрылым мен жүйелілік болмаса, жасанды интеллект мәтінді дұрыс меңгермейді.

Тағы бір айта кетерлігі, деректердің қауіпсіздігі де мұнда жүз пайызға қамтамасыз етіліп, қорғалмаған. Сондықтан да ChatGPT қолданылғанда кейбір ақпараттың сыртқа кету қаупі бар, себебі бұл жүйе шетелдік серверлер арқылы жұмыс істейді. Сондықтан осы олқылықтардың орнын толтыру мақсатында KazLLM моделі жасалған. Бұл – қазақ, орыс, ағылшын, тіпті түрік тілдерін қолдайтын, Қазақстанда әзірленген көптілді жасанды интеллект моделі. Оның мақсаты – қазақ тіліндегі сапалы, құрылымдалған деректер негізінде оқытылып, ұлттық тілімізді цифрлық кеңістікке лайықты деңгейде енгізу. Демек, ChatGPT мен KazLLM екеуі – екі бөлек модель.

SOYLE APP – СӨЗДІ ТАНИТЫН ЖӘНЕ СӨЙЛЕТЕТІН ҚҰРАЛ

Қазақ тіліндегі дыбысты мә­тінге, мәтінді дыбысқа айналдыратын қолданбалар әлі де сирек. Бұл олқылықты толтыру мақсатында жоғары да айтқанымыздай, Nazarbayev University жанындағы Ақылды жүйелер мен жасанды интеллект институты (ISSAI) ойлап тапқан Soyle App қолданбасының орны ерекше. Ол төрт тілде – қазақ, орыс, ағылшын, түрік тілдерінде мәтін мен дыбысты оңай түрлендіре алады. Қолданбаның ең тиімді тұсы – ол сөйлемнің бас әрпін, үтір мен нүктесін автоматты түрде қоя алады. Бұл біз сияқты жазбаша жұмыс жүргізетіндер үшін үлкен кө­мек әрі уақыт үнемдеу болып отыр.

P.S: Қалай болған күнде де жасанды зерде біздің өміріміздің барлық саласына – білім беру, медицина, өндіріс, байланыс, көлік, тіпті күнделікті тұрмысқа дейін кірісуде. Бір сөзбен айтқанда, жасанды интеллект – құрал. Ол оны пайдаланушының ниетіне байланысты пайда да, зиян да әкелуі мүмкін.

Егер болашақта жасанды интеллект снайперлер мен киллерлерді, яғни өз бетінше зиян жасай алатын қару-жарақ пен автоматтандырылған жүйелерді іске қосса, онда бұл адамзатты қарақұрдымға апарады. Сондықтан адамзат оны өркендеуге, адами тұрғыда пайдалы болуға қарай бағыттауы керек. Әйтпесе, ақыр­заманның аяғы осы болады.

Шапағат ӘБДІР

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button