«Жаһандану дәуіріндегі қазақ мәдениеті мен тілін дамыту перспективалары» атты ғылыми конференция өтті

2025 жылғы 5 мамырда Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен «Абай институты: Жаһандану дәуіріндегі қазақ мәдениеті мен тілін дамыту перспективалары» атты ғылыми конференция өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Басқосудың мақсаты – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында көтерген Абай институтын дамыту идеясын кеңінен талқылап, оның қазақ руханиятындағы орнын айқындау әрі институттың болашақ бағыт-бағдарын ғылыми негізде саралау болды.
Конференцияны ашқан ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитеті төрағасының орынбасары Эльмира Асан Ұлттық құрылтайда Президент көтерген мәселелерге, Абай институтын дамыту тапсырмасына тоқталып, қатысушыларды ортақ мақсатта жұмыла жұмыс істеуге шақырды.
Филология ғылымдарының докторы, белгілі абайтанушы Тұрсын Жұртбай Абайды дүние жүзіне ұлттың рухани көсемі ретінде танытудың маңыздылығына тоқталды. «Абайдың сөзін тек оның жан дүниесін терең түсінген адам ғана аудара алады. Сондықтан сапалы аударма – рухани жауапкершілік», – деді ол.
Назарбаев университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Гүлтас Құрманбай «Толық адам тұғыры – әділет» атты баяндамасында Алаш идеясының рухани бастау көзін Абайдан іздеу қажеттігін айта отырып, әділет ұғымының Абай философиясындағы орнын тарқатты.
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жанындағы Абай академиясының директоры Жандос Әубәкір мен Астанадағы Абай атындағы №87 мектеп-гимназиясы музейінің меңгерушісі Алмахан Мұхаметқалиқызы ұлы ойшылдың мұрасын насихаттау ісінде Абай орталықтарының қызметін бір арнаға тоғыстыру қажеттігін алға тартты.
Басқосуға Абайдың ұрпағы Ләйлә Мухлисқызы арнайы шақырылып, Абай музейіндегі көп жылғы еңбегі жайлы естелік әңгіме айтып, абайтанушылардың тың жұмыстарына шолу жасады.
«Тіл-Қазына» орталығы жанындағы Абай институтының жетекшісі Ләйлә Демесінова бес жылдан бері жұмыс істеп жатқан институттың жобаларымен таныстырды. Институт әлемнің 8 елінде қазақ диаспорасы мен өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйрету курстарын өткізеді, жылына 150 адам осы курстардан тілді меңгеріп жүр, қазақ тіліне, мәдениетіне қызығушылардың саны жылдан жылға өсіп келеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, Абай институты қазақ тілі мен әдебиетін насихаттауға бағытталған толыққанды мәдени-ағарту мекемесіне айналуы тиіс. Өткен конференция – сол рухани жауапкершілікті ғылыми қауымдастықпен бірлесіп жүзеге асырудағы қадамдардың бірі.
Офлайн және онлайн форматта өткен ғылыми конференция жұмысына еліміздің беделді жоғары оқу орындарының оқытушылары, докторанттар мен магистранттар, тіл саясаты саласындағы білікті мамандар, ғылыми-зерттеу институттарының сарапшылары қатысты.